Балуандарға құрмет көрсетті
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Азия чемпионатында Көк Туды биікте желбіреткен Ибрагим Магомадов, Эльмира Сыздықова және Алмат Кебіспаевты қабылдады. Балуандарды жарқын жеңісімен құттықтап, толағай табыс тіледі. Спортшыларға, жаттықтырушыларға Алғыс хаттар мен ақшалай сертификат табыстады.
Елордамыз Астанада күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатына 24 елден 400 сақа спортшы қатысты. Күрестің әр түрінен 10 медаль сарапқа салынды. Қарағандылық спортшылардың қарқыны таң-тамаша етті. Ұлттық құрама қоржынын екі алтын және бір қола медальмен салмақтады. Бұл – жерлестер үшін үлкен абырой.
Грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ибрагим Магомадов «классиктер» арасындағы белдесуде Қазақстан қоржынына жалғыз алтын медаль салғанын да айрықша атап өткеніміз жөн болар. Балуан 72 келіге дейінгі салмақта белдесті. Спортшының жаттықтырушысы – Жармұханбет Өрікбаев.
– Біз Азия чемпионатының елде өтетініне қатты қуандық. Бар күшімізді салып, жаттықтық. Өйткені, өз елімізде, ел жанкүйерлері алдында үздік өнер көрсетуді алдымызға міндет қылдық. Аллаға шүкір, еңбек өз нәтижесін берді. Жеңіске жеттік. Жаттықтырушымызға және қолдаған жерлестерге үлкен ризашылық білдіремін. Енді, қыркүйек айында өтетін Әлем чемпионатына дайындықты бастаймыз, – деді Ибрагим Магомадов.
2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионаттары мен халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері Эльмира Сыздықова өзінің көптен бергі келе жатқан қырғызстандық қарсыласы Айпери Медетқызынан басым түсті. 76 келі салмақта қарағандылық балуанның бәсі биік болды. Эльмираның жаттықтырушысы Владислав Сутормин шәкіртінің жеңісін жоғары бағалап отыр.
– Бүгінгі таңда біздің облыста спортты дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын айта кету керекпіз. Жаттығу жасайтын залдың есігі үнемі ашық. Біздің мақтанымыз Эльмираның жеңісі – үлкен еңбектің жемісі. Әлі де биіктерді бірге бағындыру – мақсатымыз. Биыл екі байрақты бәсеке – Әлем чемпионаты және Азия ойындары өтеді. Әлем чемпионатында 2024 жылғы Олимпиада ойындарына алғашқы бес лицензия ойнатылады, – деп атап өтті Эльмираның жаттықтырушысы.
Әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы Алмат Кебіспаев бұл жолы қолаға қол жеткізген болатын. Алматты Нұрлан Әлжанов жаттықтырады.
Ермағанбет Бөлекпаев қарағандылық спортшылардың жеңіске деген жоғары ұмтылысын атап өтті.
– Азия чемпионатында біздің облыстан үш спортшы қатысып, үшеуі де жүлделі орындарға ие болды. Шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің арқаларыңызда Қазақстан құрамасы ІІІ орынға ие болды, – деді құттықтау сөзінде аймақ басшысы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz