ЖаңалықтарСпорт

Балуан баспаналы болды

   Қарағандылық балуан бойжеткен Ирина БОРИСОВА екі бөлмелі пәтер кілтіне ие болды.

Ирина Үндістанның астанасы Делиде өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер (48 келі) атанған еді. Облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы бойжеткенді маусымдағы жетістіктерімен құттықтап, «United colors of benetton» сауда белгісінің құны 100 мың теңге болатын сертификатын табыс етті. Сондай-ақ, Ирина федерация басшылығының жәрдемімен қала ортасында орналасқан 70 шаршы метрлік пәтерге қол жеткізді. Салтанатты рәсімде федерацияның вице-президенті Нұрғазы Жарылғапов жас спортшылардың жағдайын жасауға ұдайы көңіл бөлініп отырғандығын айтты.

Ирина балалар үйінің қабырғасында жүрген шағынан күреспен айналыса бастаған. Бүгінде ол ұлттық құраманың белді мүшесі. Жастар Олимпиадасының күміс медаль иегері, Азия чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері.

Ирина Делиде қолаға таласқан белдесуде қырғыз Саяна Байзованы 10:4 есебімен ұтты. Бұл жарыста Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова да бақ сынаған еді. Алайда, алғашқы белдесуде жапон Сара Дошодан айласын асыра алмаған Эльмираның қола үшін өткен кездесуде қытай Фенг Жоуға шамасы жетпеді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button