«Балбөбек» – бес жаста

    Нұра ауданының орталығында орналасқан «Балбөбек» балабақшасының мемлекеттік тілде бөбектерді тәрбиелеп келе жатқанына биыл бес жыл толып отыр. Аталған мерейтой аясында аталмыш мекемеде «Балабақшаны бәрі жақсы көреді» тақырыбында аудандық семинар өтті.

Семинар барысында ауданның әр елді мекенінен келген тәрбиешілерге балабақша тәрбиешілері – Айгерім Мәжит, Айнаш Қожантаева, Бақытгүл Акишева біліктіліктерін ортаға салып, математика, сурет салу, үйірме жұмыстарының барысынан шеберліктерін көрсетті. Балабақша психологы Айжан Жүрсенова бү­гінгі семинар барысында жүргізілген жұмыстарды қорыта алған әсер­лерімен бөлісуге шақырды.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың болашағы. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демей ме?! Біздің де басты ұстанымыз – балаларды тәрбиелей отырып, қоршаған ортаға бейімдеу. Таза мемлекеттік тілде жұмыс жүргізіп отырған балабақша болғандықтан, сабақ барысында, ойын барысында жалпы тәрбие барысында ұлттық нақышты қолдануға тырысамыз. Қазір балабақшада 5 топта 95 бүлдіршін тәрбиеленуде. Соның ішінде 22 бүлдіршін өзге ұлт өкілдерінен, – дейді балабақша меңгерушісі Алма Ұябекова.

Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Балапан» бағдарламасы негізінде 2011 жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2012 жылдың бірінші тоқсанында қайта жаңғырған қалыпта жұмысын бастаған бөбекжайдың бүгінгі мерекесіне арнайы қатысқан аудандық білім бөлімінің балабақша, мектепке дейінгі тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Сандуғаш Біләлова мен аудан орталығының №2 қазақ орта мектебінің директоры Күлпаш Жанқуатова бөбекжай қызметкерлерін мерекесімен құттықтап, бүлдіршіндерге сый-сияпат көрсетті.

«Балбөбек» – бес жаста. Осы бес жыл ішінде бөбекжайдан 82 бүлдіршін тәрбиеленіп, түлек атанып, мектеп табалдырығын аттаған. Бүгінгі кездесудің соңғы бөлімінде балабақша тәрбиеленушілерімен қатар өнерлі түлектер де өнерлерімен бөлісті. Басым көпшілігін аудан орталығының №2 қазақ орта мектебінің оқушылары құрады. Өнерлеріне сүйсіндік. Қошемет көрсеттік. Болашақтың тұтқасы, келер ұрпаққа кең өріс тіледік.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.