Бас тақырыпМәселе

Баланың орны – отбасы

Соңғы он жылда балалар үйлері 25%-ға, ал ондағы тәрбиеленушілер 70%-ға азайыпты. «Әр бала отбасында өсуі тиіс» десек те, асырап алған балаларын қайтарып беретін отбасылар да кездеседі. Жыл сайын Қазақстанда «отбасын таптым» деген 200 бала балалар үйіне қайтарылады екен. Оның себебі алуан дейді психолог мамандар.

Бала – ойыншық емес

Бала асырап алуға дайындық анау айтқандай оңай емес. Бала – ойыншық емес, біраз ойнап қайтарып беретін. Осындай жайттар жиілеп кеткеннен кейін былтырдан бастап бала асырап алғысы келетін ата-аналарға арнайы психологиялық мектептен өту міндеттелді. Асырап алушы ата-аналардың мектебі еліміздің 16 өңірінде жұмыс істеп тұр. Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттіктің Қарағанды облысы бойынша психологы Дарья Ушаеваның айтуынша, арнайы дайындық 3,5 айға созылады.

Асырап алушы ата-аналар мектебі – тренинг түріндегі бағдарлама. Онда әр үміткер теорияны іс жүзінде пайдаланып үйренеді. Баланың психологиялық сезімі, күйзелісі, көрген зәбірін түсініп, көмектесуге талпынады. Оның әр әрекетінің астарындағы қорқыныш, сенімсіздік сияқты сезімдер болуы мүмкін. Оны дұрыс байқап, жоюға бағыт-бағдар береміз. Бала асырап алғаннан кейін де 3 жылға дейін қолдауды жалғастырамыз, – дейді психолог.

Ниеті берік, мақсатынан айнымағандары ғана соңына дейін жетеді екен. Тренинг бастар алында әңгімелесу барысында-ақ бас тартатындар да болады екен. БАЛАНЫ

Қайтару  – жауапсыздық 

Психолог асырап алған баланы қайтадан қайтарудың себептерін тізбелеп берді. Мәселен, отбасын сақтап қалу үшін.

Бала асырап алсам, отбасымды сақтап қаламын деушілер де бар. Сол арқылы олар балаға ауыр жүк артатынын білмейді. Сосын бала олардың үдесінен шығуға талпынады. Дұрысында, ол баланы өзі үшін емес, баланың өмірін жақсарту үшін алып тұр емес пе? – деді Д.Ушаева.

Тағы бір себебі – заң нормаларында. Бала асырап алу туралы заңнамаға сәйкес асырап алу құпия болып саналады. Алайда, бала құқығын қорғау жөніндегі конвенция талабы бойынша бала өзінің шыққан тегін білуі керек.

Ана бала асырап алғанын жасырғысы келеді. Үлкен бала асырап алса, оны «ата-әжесінің қолында болған» деп айта салады. Олар өзгелердің пікірінен қорқады. Ал, бала алда-жалда біліп қойса, оған бұл соққы болары анық. Әсіресе, жасөспірім шағында білсе, оны қабылдау қиын. Үйден қашып кету, теріс қылықтар жасауы мүмкін, – деп түсіндірді маман.

Бала асырап алушылар мектебіне ерлі-зайыпты екеуі де қатысуы қажет. Кей жағдайда ер адамдар шетте қалып жатады. Әйелдері «ол келіседі» деп күйеу үшін шешім қабылдайды. Нәтижесінде бұл да баланы қайтадан балалар үйіне өткізудің себебіне айналады. Сондықтан, шешім ортақ қабылдануы тиіс.

Отбасына жаңа адамның келуі – үлкен өзгеріс. Ол отбасының барлық мүшесіне әсер етеді. Тіпті, бөлек тұратын ағайын-туысқа да әсері бар, – дейді психолог.

Сонымен қатар, асырап алушылар мектебіне материалдық құндылықты көздеп келетіндер де болады. Бірақ, әдетте олар соңына дейін жетпейді екен.

Тәрбиенің отбасылық моделі

Жалпы, әке-шешесі бола тұра, әлеуметтік жетім атанып, отбасынан жырақта өсіп жатқан балаларды азайту бағытында өзгерістер көптен айтылып жүр. Бұл тастанды балалардың мәселесін түбегейлі шешпесе де, жағдайды өзгертуге сеп. Балалар үйін отбасы типіндегі балалар үйіне ауыстыру жұмыстары басталып кеткен. Мәселен, биыл қала ортасындағы «Құлыншақ» балалар үйі мен балаларды қолдау орталығын «Таңшолпан» балалар үйіне біріктіру жоспарланған. Ол балалар үйі емес, қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына айналады. Онда тұл жетім балалар мен әке-шешесі бар балалар бірге болады. Әке-шешесі, жақыны бар балалар мұнда 6 айға дейін қала алады. Яғни, баланы отбасына қайтару – басты мақсат болып табылады. Облыстық білім басқармасының қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің меңгерушісі Алма Қаңтарбаеваның айтуынша, 2023 жылға дейін балалар үйлері қалмауы тиіс.

Ел Үкіметінің алға қойып отырған міндеті осындай. Бұл Тұңғыш Президенттің 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат концепциясын құру туралы Жарлығында 2016 жылғы айтылған болатын. Қазір соған біртіндеп келе жатырмыз. Балалар үйіндегі бала саны жыл санап азайып келеді. Оларды асырап алатын, қорғаншылыққа алатын отбасылар, патронаттық отбасылар көп, – деді Алма Ерденқызы.

Қазір облыс бойынша 3 балалар үйінде, Саран қаласындағы жеке меншік балалар үйі мен Теміртаудаға «SOS балалар ауылын» қоса алғанда 438 бала тәрбиеленуде. Және биылдыққа бірде-бір бала кері қайтарылмапты.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button