Жаңалықтар

Балалық шаққа барғанда…

    Дүйім жұрт Жапон елін – Күн шығыс елі десе, мен үшін күн – Кеңасудан шығатын сияқты. Бала кезімде сабаққа бару үшін ерте тұрғанымда көзбен көргенім көкейімде қалыпты.

Сол уақыттағы байқағандарың ғұмыр бойына ұмытылмайтынын енді ұққандаймын. Дәрібай атам балалық шағының әңгімелерін айтқанда «Шал қалай бала болды екен?» – деп күлкім келетін, енді, біреулер маған күлетін шығар…

Шыңыраудан шыққан дауыстай елеңдетіп көкейімде қалған көктемнің бір сәті көз алдыма келіп, балалық шаққа бастайды. Мәдениетке көктемнің лебі келіп, Жер-Ана бусанып, сай-саладан аққан су тоғысып, Ақжарықтың арнасымен аға бастады. «Қазына аралы» деген кітапты оқып жатқан едім, соның әсері болды ма, өзеннің жағасына бардым.

Қызыл су жүргелі бес күннің мұғдары болды. Ақжарықтың таситын мезгілі жетті. Мен тура келіппін, сең арқалаған ашулы су өзен табанынан шыға алмай көбіктеніп, жан иесі сияқты кейіпке кірген. Қызыл судың үстінде атой салған ағын су аунап келе жатқандай әсер береді. Артқы лектегі сеңдер бір-бірін түгілі, жағаны соғып арпалысып ағып барады. Арғы қабақта қалған тіршілік иелері Ақжарықтың ашуы басылғанша екі-үш күн өте алмайды.

Көк шыға, мамыр айының басында бие байлау науқаны басталатын. Асау құлынды ноқталап, желіге байлап бастықтырған соң, балалардың бие сауғызу жұмысы басталатын. Қымыз ішкенге жақсы болғанымен, бие сауғызу балалар үшін ойынға кедергі жасайтын. Сабақ бітісімен жайлауға көшетінбіз. Жаз жайлауға көшудің өзі мен үшін үлкен қуаныш. Себебі, Табиғат-Ананың құшағына емін-еркін еніп, Қызыларайдың сұлу көркін тамашалау бір ғанибет қой! Бөріктас баурайының шалғыны гүлмен көмкерілген мөлдір бұлақтарының біріне жағалай киіз үйлер тігіп қоныстанатынбыз. Сол өмір келмеске кеткендей. Қазір бәрі басқаша… Қызыларайдың атын Алашқа паш еткен бір туар ұлдары жеткілікті. Ауыл туралы ойлағанда оның жер-суы немесе жыл мезгілдері ғана емес, жүрегіңе жақын адамдары да көз алдыңа келеді. Солардың бірі – тете өскен немере ағам, бақилық болған Сүндет. Өте тату өстік. Ойыма балалық шақтың қас-қағым сәті түседі.

Сүндет екеуміз демалыс күндері кішкентай шанаға бұзау жегіп, Қызылащыға суға барамыз. Үйде бір емес, үш ат бар, бірақ, біз аттармен емес, суға бұзаумен барғанды қызық көреміз. Велосипедтің немесе мотоциклдің дөңгелегінің сыртынан жарма жасап, бұзауды кішкентай шанаға жегеміз. Үй мен бұлақтың арасы – бір-екі шақырым. Қызылащы басындағы таудан шаңғы мен сырғанақ тебеміз. Ойын қызығына беріліп кетіп, кеш қайтып, сөгіс алған күндеріміз де болды. Кешкі астан кейін төсек салынып, ұйықтауға кірісетінбіз. Жата салысымен Сүндетке ертегі айтуын өтініп жалынатынмын. Менің көңілімді қалдырмай, ол ертегіні бастайтын. Ертектері халық ертегісінен бөлек, қарапайым, тартымды болатын. «Ерте-ерте, ертеде Мұқырибек пен Әбрибек деген ағайынды кісілер өмір сүріпті. Мұқырибектің Әкірибек деген ұлы болыпты» – деп бастайтын. Мен таңдана тыңдап, «Кейіпкері неге маған таныс сияқты, істеген істері неге маған ұқсайды екен?» – деп ойланатынмын. Есейе келе ертегінің кейіпкері өзім екенін ұқтым. Балалық шақ бақытты заман есіме түскен кезде тұла бойымды бір сезім билеп, рахатқа бөленемін. Кейде балалық шақтары туралы достарым сыр шерткенде мен өз бетіммен ойға шомып кетіп, «Оу, Әлеке кімге айтып отырмын?» – деген дауыстан ұйқыдан оянғандай қалып танытып, сан ұялғаным болды.

Сүндет – ой өрісі кең, бір беткей, ауылдың алдыңғы қатарлы азаматы болып өсті. Есейе келе екеуміздің өмірге деген көзқарасымыз бірдей екендігін аңғардым. Ауылға барғанда ат басын тіреп, сырласатын ағамның өмірі қысқа болды. Ортамыздан ерте кетті. Орнында жұбайы қалды, балаларымен. Аллаға шүкір, әке жолын қуған балалары әке атына кір келтірмей қызметтерін атқарып жүр.

Сүндет менің жүрегімде «кішкентай Қызыларай» сияқты. Иә, адам баласы бұл өмірге өлшеулі уақытқа ғана келеді…

Жер-Ана мәңгілік. Шың басын күнге сүйгізіп, кеудесін ақ бұлтқа орап, жауынға жуғызып, аспанмен тілдескен Ақсораң мәңгі!

Әлкен МҰХТАРТЕГІ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button