Балаларды және үй жануарларын серуендетуге бола ма?
Күшейтілген карантин режимінің жариялануына байланысты тұрғындарға үйден шығуға тыйым салынды. Сыртқа шұғыл қажеттіліктер туындаған кезде ғана шығуға рұқсат беріледі. Осыған байланысты халық арасында жиі қойылатын бірнеше сұраққа жауап бере кеткенді жөн көрдік. Сонымен…
Әлеуметтік қашықтықты сақтау ұсынылуда. Бұл нені білдіреді?
Коронавирустың таралуын шектеудің жалғыз жолы – адамдар арасындағы байланысты барынша азайту. Дүкенге немесе дәріханаға барған кезде, болмаса жұмыс орнында өзге адамдармен 2 метр қашықтықты сақтау қажет. Қазіргі таңда тұтынушылардың ыңғайлылығы үшін супермаркет кассаларының жанына арнайы белгілер қойылған. Сондай-ақ, 5 адамнан артық кезекке тұруға тыйым салынды. Бұл қарапайым ережелерді қатаң сақтау вирус жұқтыру қаупін азайтады.
Балаларды серуенге шығаруға бола ма?
Жоқ. Серуендеуге уақытша тыйым салынды. Бұл шектеу шаралары коронавирустық инфекцияның таралуын тоқтату үшін қажет.
Егер басқа адамдармен байланыспаған жағдайда спорт алаңдарына шығуға бола ма?
Жоқ. Қауіпсіздікті сақтау үшін олай істемеген жөн. Жаттығуларды үйде орындаған абзал.
Карантин кезінде үй жануарларын қалай серуендетуге болады?
Үй жануарларын 500 метрден аспайтын радиуста серуендетуге рұқсат етіледі. Бірақ, коронавирус инфекциясымен ауырған адамның немесе байланыста болған азаматтың анықталуына байланысты карантинге жабылған үйдің және кіреберістің тұрғындарына сыртқа шығуға түбегейлі тыйым салынған. Ондай үйде тұратын азаматтарға азық-түлік пен бірінші кезектегі қажеттілік тауарлары мен дәрі-дәрмек жеткізіліп береді.
Егер үй жануарларына шұғыл түрде ветеринардың көмегі қажет болса не істеу керек?
Ветеринарлық клиникалар жұмыс істейді. Шұғыл жағдайларда үйіңізге жақын жердегі клиникаға жүгініңіз. Алдын ала хабарласыңыз және маманмен кеңесіңіз. Мүмкін, телефон арқылы кеңес алып, сыртқа шығудың қажеті болмас.