Жаңалықтар

Балалардың бақыты – ортақ мүдде

Қаражал қаласының орталық алаңында «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының ұйытқы болуымен Елбасы ұсынған «Бес әлеуметтік бағдарламаға» нақты қолдау көрсетуді мұрат тұтқан тартымды шара өткізілді. «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық бағдарламасына негізделіп, мейірім шуағы тұнған жиынға 150-ден аса оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілері қатысты. Олардың арасында үй жағдайында оқытылатын мүмкіндігі шектеулі балалар да болды.
Терең ойластырылған мағыналы бағдарламада, әсіресе, мектептер ұстаздары мен балабақшалар тәрбиешілерінің көмегімен әзірленген бүлдіршіндердің флешмобы ел көңіліне аса қонымды деңгейде шықты.
Осы орайда, балалардың қатысуымен өткен іс-шара қала кәсіпкерлерінің назарынан тыс қалмағанын айта кету ләзім. Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалының ұжымы мен Қаражал қаласының іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Сурия Садуақасова бастаған кәсіпкерлер қауымы бағалы бастаманың демеушілері қатарынан көрінді. Олар алаңға жиналған жас буын өкілдерінің бәріне дерлік тәтті-дәмділер үлестіріп, мүмкіндігі шектеулі балаларға ойыншықтар тарту етті.
– «Бала – болашағымыз», сондықтан да, ересек жандардың олардың жан-жақты дамып, жетілуіне көңіл бөлуі – қоғамдық-әлеуметтік тұрғыда аса маңызды қажеттілік. Соны парасат тұрғысынан пайымдаған «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалына, балалардың бақыты – ортақ мүдде екендігін ескеріп, ілкімді істен қалыс қалмаған кәсіпкерлерге айтар алғысымыз шексіз, – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалының қызметкері Лариса Целюра.

ҚАРАЖАЛ қаласы.
Ахат Құрмансейітов.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button