Руханият

Балаларға арналған он томдық

Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында он томдық қазақ балалар әдебиеті антологиясының тұсаукесері өтті. Балалар кітабы апталығы аясындағы кешке ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, антологияны құрастырушы Байбота Қошым-Ноғай арнайы шақырылды. Жинақ Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 2022 жылы Балалар жылы аясында 500 данамен басылған.

Кітапхананың 70 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған жиынға жергілікті қаламгерлер, студенттер, мектеп оқушылары, кітапханашылар қатысты. Жаңа жинақтың тұсауын кеш қонағы Байбота Серікбайұлы мен кітапхана директоры Баян Қуанышқызы кесті. Оқырмандар назарына Байбота Серікбайұлының шығармашылығына арналған «Балалармен сырласқан сырбаз жазушы» кітап көрмесі ұсынылды.

Ақын кішкентай оқырмандар сүйіп оқитын «Таңғажайып түс», «Достық жоралғы», «Қуыршағым бар менің», «Таңертеңгі тәтті түс» сынды бірқатар кітаптың авторы. «Тіршілік ұясы» атты кітабы үшін 1988 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығы, «Жұмақ нұры» өлеңдер жинағы үшін 2019 жылы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілген.

Антологияны парақтап, жүйелі әрі балалар жалықпай оқитындай тілі жеңіл шығармаларға толы екенін аңғардық.

Іс-шарада №1 балалар музыка мектебінің оқушылары әуелете ән шырқаса, кеш қонағының «Анашым сезіп қояды!», «Кемпірқосақ» өлеңдерін №17 орта мектептің оқушылары Айсұлу Владимирқызы мен Ерғали Владимирұлы мәнерлеп оқыды.

Антология «Қуыр-қуыр, Қуырмаш», «Ағайынбыз бәріміз», «Бейбіт күн», «Ғажайып құмыра», «Балапан», «Алтын киік», «Ортаншы ұл», «Алатау ертегісі», «Қарлығаштың ұясы», «Мынау ғазиз дүние» атты он кітаптан тұрады. Көптомдыққа Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлынан бастап, орта буын және жаңа толқын жазушылары мен ақындардың шығармаларымен қоса ауыз әдебиеті, тақпақтар, санамақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, әңгімелер, мысалдар, ертегі, хикаяттар енген.

Еркін форматта өткен кеште Байбота Серікбайұлы жас оқырмандармен емен-жарқын сырласып, сұрақтарына жауап берді. Өлеңдерін оқыды. Кешке қатысқан қонақтарды мазалаған басты сұрақ кітапты қалай сатып алу жөнінде болды. Өйткені, кітап сатылымда жоқ, бірақ, өте сұранысқа ие…

Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Сүйіндік Жанысбай мен Қасым Ботанов сөз сөйлеп, антологияның сәтті құрастырылғанын айтты, кеш қонағының шығармашылығына тоқталды. Бұл кешке Теміртаудан Қасым Ботанов, Руза Алдашева сынды ақындар бастаған бірқатар оқырман арнайы келгенін атап өткен жөн.

– Антологияны «Жалын» баспасы балалар әдебиеті редакциясында жұмыс істеп жүрген 1980 жылдардан құрастыра бастадым. Балалар әдебиетін оқырман қауым да, жазушылар да менсінгісі келмейді. «Қазақта балалар әдебиеті жоқ» дейтіндері де бар. Бар екенін көрсету үшін осы жауапты істі қолға алдым. Орыс балалар әдебиеті антологиясының сегіз томы, шет ел балалар әдебиетінің антология орыс тілінде алты том жарық көрген. Ал, қазақ балалар әдебиеті антологиясы бір том ғана болып шыққан. Оның ішінде балалар әдебиетіне қатысы жоқ ақын-жазушылар да бар. Яғни, зерттеліп, жүйеленбеген. Ыбырай, Ахмет, Міржақып бәрі балаларға арнап шығарма жазған. Мұхтар Әуезов те балаларға арнап әңгімелер жазыпты. Бірақ, орыс тілінде. Соның бәрі түгенделді. Кейін «Балдырған» журналында істегенде де жұмысты үзбедім. Тиражы 500-ақ дана. Өз басым әр қазаққа керек кітап деп есептеймін. Абай кітапханасы екі ай бойы қолқалаған соң келіп, тұсауын кестік. Кітап өте сұранысқа ие, бірақ, тиражы аз болған соң сатылымда жоқ. Енді Алматы қалалық әкімдігі кітаптың қалған бөлігін таратуды қолға алса екен, – дейді Байбота Серікбайұлы.

Сондай-ақ, кеште Сәкен Жүнісовтің «Сақау бәтіңке» туындысынан, «Менің атым Қожа» фильмінен үзінді көрсетілді. І томға айналып соғып, «Қуырқуыр, Қуырмаш» ойынын және жұмбақ ойынын ойнатқанда балалар белсенді қатысты.

– Кітапхана қорында балаларға арналған қазақ тілінде сапалы, түрлі-түсті кітаптар көбейген сайын оқырмандар саны да артады. Себебі, кітапханаға алғаш келген бала қызылды-жасылды әдемі безендірілген кітапқа қол созады. Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы балалардың талғамына сай дайындалған. Кітапхана қорының осындай кітаппен толыққанына өте қуаныштымыз, – деп кітапхана басшысы Баян Қуанышқызына кеш қонағына ұжым атынан Алғыс хат және естелік сыйлық табыстады.

Байбота Серікбайұлы да кітапхана қорына «Мен жазбаймын өлеңді…», «Жұмақ нұры», «Үш қайнар. Три ключа» кітаптары мен жары Қалима Қалиқанқызының «Анфас» атты кітабын сыйға тартты.

Жәлел ШАЛҚАР,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button