Руханият

Бала суретінде бақыт бар

27 желтоқсанда Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде «Қысқы қуаныш» деп аталатын балалар шығармашылық көрмесі ашылды. Жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылған шара балаларды мерекелік көңіл күйге бөледі. Жас жеткіншектердің суреттері қойылған көрмені 15 қаңтарға дейін тамашалауға болады.

Көрмеге «НаТворим», «МЧК Селезень», «Бьютифул арт», «We love art» балалар шығармашылығын дамыту студиясының оқушылары салған суреттер қойылды.

Бұл шара Балалар жылын қорытындылау аясында ұйымдастырылып отыр. Көрменің «Қысқы қуаныш» деп аталуы да тегін емес. Балалар А3 форматында қыс тақырыбына арналған суреттер салған.

– Көрмеге 65 қатысушы өз туындысын ұсынды. Ал музей қорынан 37 жұмыс қойылды. Жас жеткіншектердің салған суреттері ерекше әсер береді. Тіпті, өткен шаққа саяхат жасайсыз. Баланың қуанышы жан жылытады.

Біз сонымен қоса, концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. Мұнда балалар ән айтады, тақпақ оқиды, билейді, бір-біріне жақсы тілек тілейді. Музей әрқашан балалармен тығыз қарым-қатынас жасайды, – дейді Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің басшысы Бибігүл Құдабаева.

Балалар суретінде ойын, қуаныш, бақыт бар. Музей қызметкерлері жас суретшілердің туындыларына қарап, олардың өте талантты екенін айтады.

– Қыс мезгілінде келетін Жаңа жыл – балалар үшін ерекше мереке. Балаларды қуанту үшін осындай шара өткізуді жөн көрдік. Жас жеткіншектердің шығармашылығын дамыту мақсатында көрме ұйымдастырылды. Көрмеге музей қорынан кәсіби суретшілердің салған суреттері де, төрт студияның оқушылары салған туындылар да қойылды. Жас суретшілер акварельмен және гуашьпен салған. Балалардың өте талантты екенін байқауға болады. Балалар қысқы табиғат, хоккей ойнаған, шана тепкен көңілді балалар бейнесі, жануарлар бейнесін салды. Көрме 15 қаңтарға дейін ашық болады. Келіп, көруге болады, – деді облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми әдістеме бөлімінің басшысы Мейрамгүл Елубаева.

Көрмеге қатысушы Диана Әлжанова №27 жалпы білім беретін мектепте 4-сыныпта оқиды. «Бьютифул арт» балалар шығармашылығын дамыту студиясында салған суреті көрмеге қойылған. Салған суретінен өз қолтаңбасы көрініп-ақ тұр. Туындысы да, өзі де сүйкімді. Жас суретші бояумен және гуашьпен салыпты. «Алдымызда Қоян жылы келе жатыр. Сол себепті мен қояндарды салдым», – дейді ол.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button