Руханият

Бала өнері – көрмеде

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде балалар жылы аясында ұйымдастырылған «Мур-мур» көрме-байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Мектеп оқушылары мен өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар арасында «Мур-мур» көрме-байқауын өткізу жыл сайын дәстүрге айналған. Бұл жолы «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.

– Биылғы «Мур-мур» көрме-байқауына 6-12 жас аралығындағы балалар қатысты. Қатысушылар байқауда мысықтың бейнесін салады. Дәстүрге айналған шығармашылық сайыс пандемия кезінде өткізілмей қалды. Дегенмен, бұл жалғастық үзілмей келе жатыр. Балалар өз жұмысын дайындап, бізге жібереді. Біз жеңімпаздарды анықтап, қатысқандарға Алғыс хат пен түрлі сыйлықтар табыстаймыз. Жүлделер мен сыйлықтар сатып алуға көмектескен «Плаза» сауда үйі мен Қарағанды қаласы коллекционерлер клубының демеушілеріне алғыс айтамын, – деді Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің басшысы Бибігүл Құдабаева.

Бибігүл Сағынтайқызының айтуынша, мұндай байқаулар балалардың шығармашылық белсенділігін арттырады, шабыттандырады. Музей көрмесіне келудің өзі балаларға ұнайды. «Біз балалар үшін музейде экскурсия ұйымдастырамыз. Жас жеткіншектерді мәдениет нысандарына әкелу өте маңызды. Балалардың жолын ашсақ, олар басқа уақытта да келіп тұрады, – дейді ол.

Көрмеге балалардың түрлі қарындаштармен салған мысықтың суреттері қойылды. Арасында қолмен жасағаны да, моншақпен көркемделгені де бар. Көрмеге ілінген өз жұмыстарын көрген балалар мәз болысты.

Сондай-ақ, шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Жеткіншектер қағаздан өрнектеп, қар ұшқынын қиды.

«Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында ұйымдастырылған «Мур-мур» көрме-байқауында бас жүлде Алина Ноғайбаеваға берілді. Жанар Ақанова ІІ орын алса, Аделя Могутина ІІІ орынға қол жеткізді. Көрмеге белсене қатысқан балалардың барлығына Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде 24 желтоқсанда жыл сайын дәстүрге айналған қайырымдылық фестивалі өтеді. Қарағандыдағы Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығымен бірлесіп, ДЦП диагнозымен ауыратын балалар үшін ұйымдастырылады. Музыканттар мен әртістердің қатысуымен өтетін фестивальде жәрмеңке де өтеді. Онда түрлі заттар сатылады. Сатылымнан түскен пайда ДЦП диагнозы қойылған бір баланың еміне жұмсалады екен.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button