Руханият

Бала қиялының базарлығы

Бала қиялы жүйрік-ақ. Бүгінде көбімізді бала қиялы алаңдатса да санасып жатқанымыз жоқ. Олардың күнделікті күйбең тірліктен, отбасы ошақ қасындағы проблемаларынан, жанұя ұрыс-керісінен мезі болуы өсу-даму жолына кері әсерін тигізеді. Осы тұста Еуропа елдеріндегідей бала ойымен санасудың берері мол. Өз ойын, қиялын жеткізе білген бала топ алдында тартынбай жеке пікірін айтуды үйренеді. Біз бала қиялын неден, қалай көре аламыз деген сұраққа теміртаулық «Artmodels» фотомектебі тікелей жауап тапқан секілді. Әрине, бұл олар ашқан тың жаңалық емес, десе де мектеп ауқымды істі қолға алған.

Іс-шарада теміртаулық 13-16 жасар мектеп оқушыларының туындылары көрмеге қойылған. Балалар фотосурет түсіру арқылы немесе қылқаламға сүйеніп сурет салу арқылы қиялын жеткізген.

– Балада қиял ерте оянады. Ол оның көрген білгенінен туындайды. Мысалы бала түсін өңім деп біледі. Балаға дүниедегі бар заттың бәрі жанды сықылды көрінеді. Оның түсінуінше дүниеде мүмкін емес нәрсе жоқ. Бәрі мүмкін, бәрі болатындай. Кезінде біздерге ата- әжелеріміз айтатын ертегілердің бәрін шын деп ұғатын едік қой. Ал, мына көрмедегі көп бейнеден көргеніміз – бала мұңы. Анықтап қарасақ туындылардан балалықтың иісі аңқып тұр. Бұл туындылар төрт жыл көлемінде жиналған. Бүгін міне есеп беру көрмесі дайындалды. Көріп тұрғандарыңыздай 160 фотосурет және 138 қолымен салынған сурет топтастырылған. Әр туындының өз айтары бар. Осыларға қарап біз әр оқушының ойлау қабілетін, қиялын сараптай аламыз. Болашақта осы бір жобаны кеңінен қолға алып, облыс көлемінде де өткіземіз деген ойдамыз, – дейді «Artmodels» фотомектебі және «Обьектив» фотоклубының директоры Данияр Бисембаев.

Расында, «жоғарғы ерні қыбырлап, төменгі ерні жыбырлап Қобыландының Тайбурылы сөйлейді» десек, «көк ешкінің құйыршығы жұлынып қалған соң, бір құйыршық бала болыпты» десек, «қотыр тай құрық салғанда құнан болды, жүгендегенде дөнен болды, ерттегенде бесті ат болды» дегеннің барлығын бала қиялы шын көреді. Қиялдан туған туындыларды шыңдап одан ары қарай оларды жандандыру негізгі мақсат екенін ұйымдастырушылар да жеткізді.

Жоба авторларының да көксегені осы бала қиялының баюуы. Өз ойынан ләззат алып ары қарай дамуы. Адам неғұрлым білімді, тәжірибелі болса, қиялы да соғұрлым жүйрік болады екен. Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жан АМАНТАЙ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button