Жаңалықтар

“Балақайда” – бақытты бүлдіршіндер

Жақында «Балапан» бағдарламасымен облыста алғаш салынып, балалардың игілігіне берілген «Балақай» бөбекжайының ұжымы 10 жылдығын атап өтті. Білім мен тәрбиенің бастауы болған балабақшаға бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары жиналып, сенбілік кешті көңілді өткізді.

Сурет «Балақай» бөбекжайының ұжымынан

Ашық есік күнінде жас ерекшеліктері бойынша топ-топқа бөлінген бүлдіршіндер қолөнерден шеберлік сабақтарын ұсынып, сахналық қойылымдардан әдемі әрі әсерлі көріністер көрсетті. Тәрбиешілер мен ата-аналар арнайы әзірлеген мерейтойлық сыйлықтарын қонақтарға тарту етті. Балабақша түлектері тәрбиеші апайларын мерейлі қуаныштарымен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатты.

Бүлдіршіндер өнер, білім үйреткен тәрбиешілеріне, сүйікті балабақшаларына арнаған тақпақтарын айтты. Спорт залында өткен «Әкешім, анашым және мен!» шарасына қатысқан балалар ұлттық ойын үлгілерін әсерлі көрсете білді. Ата-аналар, еңбек ардагерлері, білім беру ұйымдарының өкілдері балаларды қошеметтеп, жас өрендерге бата берді. Сондай-ақ, балабақшаның мерекелік шарасына «Өрлеу» біліктілікті арттырудың Ұлттық орталығы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды гуманитарлық колледжі және «Болашақ» колледжінің өкілдері де қатысты.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button