Руханият

Бала қабілетін шыңдайтын қайырымдылық

Балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спорт пен саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында Достық үйінде қайырымдылық концерт өтті. Оны ұйымдастырған «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы мен «Персона» фитнес-клубы. Шараның тағы бір көздегені – қайырымдылық. Концерт барысында жиналған қаражат алты жастағы Ярослав Цойдың еміне жұмсалады.

Сурет: ұйымдастырушылардан

Қайырымдылық концертке 100-ден астам жас әртіс пен спортшы қатысты. Олар сахнада хип-хоп, брейк-данс, көркем гимнастикадағы хореографиялық қабілеттерін көрсетті және дзюдо, каратэ бойынша шеберліктерін ортаға салды.

– Концерт Отан қорғаушылар күніне, Жеңіс күніне орайластырылды, әрі жерлесіміз Ярославқа қолдау көрсету үшін қаражат жинау мақсатында ұйымдастырылды. Біз осындай қайырымдылық шараларын жылына екі рет өткіземіз. Әр жолы біздің тәрбиеленушілер мен олардың ата-аналары кімге көмектесетінін өз қалауынша таңдайды. Біз үшін бұл – есеп беру концерті, сонымен қатар, қайырымдылық жасаудың жақсы бір түрі, – дейді фитнес-клубтың директоры және «AMANAT» партиясының Қарағанды облысы бойынша филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Жібек Камали.

Балалар жиналғандарға бірнеше бағытта өнерлерін көрсетті. «Персона» клубының жетекші нұсқаушысы Владислав Ульбрихт балалармен бірге брейк-данс, хип-хоп және кей поп бағытында үш номер дайындағандарын айтты.

– Брейк-данспен 2010 жылдан бері белсенді айналысып келемін. Ең кішкентай қатысушым – 4 жаста, үлкені – 15-те. Байқау­ларға жиі қатысамыз, Қазақстан ішінде де, шет елде де жеткен жетістіктеріміз көп. Осы концертке қатысқаныма қуаныштымын. Көрсететін қойылымдарды өзіміз ойластырдық. Бүгінде оған қызығушылық білдіретін балалар қатары көбейіп келеді. Биыл Олимпиада ойындары қатарына брейк-данс, яғни, брейкинг алғаш рет енгізілді. Бұл дамуға серпін береді деп ойлаймын, – деді Владислав Ульбрихт.

Гүлмира Молдабаеваның қызы Ғайни хип-хоппен 3 жасынан бастап айналысады екен. Анасының айтуынша, бұл қызының алғашқы концерті емес.

– Олар жыл сайын концерт қоя­ды. Жаттықтырушылары өз ісіне берілген, әр баланың тілін таба біледі. Фитнес клуб басшылығы мен ұжымына рахмет айтқым келеді. Балаларымыздың дамуына зор үлес қосып жатыр. Біздің балаларымыз жинақы, еңбекқор. Көшеде бейсауат жүрмейді, оның үстіне бұл тегін. Биге арт спорт арқылы тіркелдік. Биыл төртінші жыл қатысып жатыр. Өздері де мәз, бізді де қуантады, – деді ол.

Тоғыз жастағы шөбересін алып келген Вера Четверкина да ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жас әртістер мен спортшылардың күш-жігерінің арқасында баланың еміне 200 мың теңгеден астам қаражат жиналды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button