Балқашта дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті
Жаңа оқу жылы қарсаңында Балқашта дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Тәуелсіздік алаңында өткен жәрмеңкеде ата-аналар балаларға жаңа оқу жылына қажетті киім-кешек, кеңсе тауарлары мен оқу құралдарын қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік алды.

Жәрмеңкені Балқаш қаласының әкімдігі мен қалалық білім бөлімі ұйымдастырды. Мұндағы басты мақсат – жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға көмек көрсету, балалардың мектепке толық дайындықпен баруына жағдай жасау.
Жәрмеңкеге жеке кәсіпкерлер – ИП «Жарқын», ИП «Иброхим», ИП «Тапей Б.», ИП «Халифа», ИП «Тапеев Н.» қатысып, мектеп формасы мен балалар киімдерін, сөмке, дәптер, қаламсап, қарындаш және өзге де қажетті оқу құралдарын нарық бағасынан төмен, кейбір тауарларды 70 пайызға дейінгі жеңілдікпен саудаға шығарды. Таңертеңнен бастап алаңға жиналған жұртшылық қажетті заттарын тиімді бағамен алып, ұйымдастырылған шараға ризашылықтарын білдірді.

Балқаш қалалық білім бөлімінің басшысы Шынаргүл Әлішева «Мектепке жол» акциясының басты мақсаты – ешбір баланың жаңа оқу жылынан шет қалмауына жағдай жасау екенін айтты.
– «Мектепке жол» – тек материалдық көмек көрсететін акция ғана емес, бұл – қоғамдағы жанашырлық пен бірліктің көрінісі. Биыл қолдау шараларымен 648 баланы қамту жоспарланып отыр. Оның 237-сі 1–4 санатқа жататын балалар және оларға мемлекет тарапынан «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында 50 851 теңге көлемінде көмек берілді. Ал, мәліметтер базасынан өтпеген 411 балаға демеушілік көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 211 балаға 4 миллион 550 мың теңге көлемінде демеушілік қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, «Коунрад» корпоративтік қоры 100 балаға, мемлекеттік мекемелер 30 балаға көмек берді. Қалған 70 балаға демеушілік көмек ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда, – деді бөлім басшысы Шынаргүл Амангелдіқызы.
Биылғы оқу жылына дайындық аясында білім беру ұйымдарының да жағдайы назардан тыс қалған жоқ. Қаладағы 23 білім беру нысанында, оның ішінде 10 мектеп пен 13 мектепке дейінгі ұйымдарда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта 20 нысанда жұмыс толық аяқталса, №1 жалпы білім беретін мектепте және «Айгөлек», «Балдырған» балабақшаларында жөндеу жұмыстары соңғы кезеңге жетті. Ал, қаладағы 34 білім беру мекемесінің барлығы жылу тұтыну жүйесінің 100 пайыз дайындық актілерін алған.

Балқаш қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерслан Зияда жәрмеңкені өткізуге қала кәсіпкерлерінің белсене атсалысқанын атап өтті.
– Жаңа оқу жылы – әрбір отбасы үшін жауапты кезең. Осыны ескере отырып, жергілікті кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілік танытып, «Мектепке жол» акциясына өз үлестерін қосты. Жәрмеңкеге қатысушылар мектеп киімдері мен кеңсе тауарларын нарықтағы бағадан төмен ұсынды. Кейбір тауарларға 70 пайызға дейін жеңілдік жасалды. Мұндай игі шаралар отбасылардың шығынын азайтып қана қоймай, балалардың мектепке қажетті құрал-жабдықтарын уақытылы алуына мүмкіндік береді, – деді бөлім басшысы.
Айта кетейік, өткен жылы «Жалпыға бірдей білім беру» қорының қолдауымен 606 балаға көмек көрсетілген болатын. Ал, биыл бұл көрсеткіш 648 балаға жетіп отыр. Қаладағы әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларды анықтау және оларға көмек көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Нұрдос КӘРІМ
“Ortalyq Qazaqstan”
БАЛҚАШ



