Балқаш маңында жол апатынан екі адам қаза тапты
Қарағандыда демалыс күндері адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы болды. Апат Астана – Қарағанды – Алматы автожолының Балқаш қаласынан шамамен 30 шақырым жерде тіркелген.

Қарағанды облысының Полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала ақпарат бойынша, 53 жастағы Honda көлігінің жүргізушісі Қарағандыдан Балқаш бағытында келе жатқан. Жолда ол көлікті басқара алмай, өзімен бір бағытта қозғалып келе жатқан Toyota автокөлігімен соқтығысқан.
Соққыдан кейін Honda инерциямен жол жиегінде тұрған КамАЗ-ға барып соғылған.
Жол апаты салдарынан Honda көлігінің 53 жастағы жүргізушісі мен оның 50 жастағы жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталуда.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



