Балқаш көлінде екі адам құтқарылды
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Елжет Аймағамбетов пен Нұржан Жүзмаханов екі адамның өмірін құтқарып қалды.
ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше оқыс оқиға Приозерск қаласынан 8 шақырым жерде орналасқан “ЛОК Балқаш” санаторийінің маңында орын алған. Серфинг тақтасына мінген екі адам жағадан алыс жүзіп кетіп, өздігінен орала алмаған соң құтқарушылардың көмегіне жүгінген.
Қарағанды облысының ТЖД азаматтарды су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері үшін жеке құтқару құралдарынсыз кеме-қайықтарға мінуге, мас күйінде шомылуға, қайықтардан, айлақтардан суға секіруге, тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға сүңгуге, жүзу шекараларын белгілейтін қалқымалардан тыс жүзуге, жүзуге арналмаған заттармен жүзуге, ересектердің сүйемелдеуінсіз балалардың суға түсуіне, дауыл туралы ескерту алған кезде суда болуға және шомылуға тыйым салады.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,
ortalyq.kz