Байыт Қабанұлы — Мен кешіп жүрген дүние біреуден кеше қалғансың!

Мен сондықтан да 

0bb999096c722c42df6cce60146d61e1бетімді бұрмай бет алдымдағы жайға түк,
Табан жалағыш ат атаққа емес, 
атылып жүрмін Айға тік,

Ит болып үрсем шыдайтын едім 
итаяғыма құйылған астың құны үшін,
Көк бөрі сертім жібермеді оған 
қанымды бұрқ-бұрқ қайнатып.

 

 

Байыт Қабанұлы — журналист, филология ғылымдарының кандидаты, бірнеше жыр кітабы мен ғылыми еңбектерінің авторы.

 

 

 

САРЫ ҚЫЗДЫ САҒЫНДЫМ

Батырлардың ертегісін естіп
әже, қарттардан,
Жауға шауып түс көретін
ақ ту алып,
мініп жүйрік Ақтарлан.
Табаным мен алақаным
табанындай тайлақтың,
Тау ұлы едім –
Күрек ұстап,
тас көтеріп,
тартпа алған.

Сотқар едім түйін болса
оймен емес
қамшыменен шешетін,
Кешуі жоқ өзенді де
кесек мінез кешетін.
Өз дегенім болмай қалса
өзегімде өрт жанып,
Ақ Бурадай бұрқылдаушы ем
тыншым кетіп неше түн.

Былайша айтсам
күш иесі болып өстім дәу қара,
Сараң едім
шүкірлікке, тәубаға.
Жан таласып жанжал іздеп
тұрушы едім әрдайым,
Біреу мені шақырса деп сауғаға…

Бірде аңдаусыз
көрші ауылға барып едім ат қарап,
Бір кішкентай
қарақат көз қыз кезікті ақ қанат.
Сәлемдесіп саусағынан ұстап едім.
Оо ғажап!
Менің мүйіз қолымменен
өн бойыма бара жатты от тарап.

Өзі де бір тентек екен
жанарыма қадап тұрып
ұшқын атқан жанарын,
Күліп еді:
Күн қақтаған майдай еріп барамын.
Еш қарсылық ете алмадым
кіп-кішкентай қызба жанды
қызға мен,
Тасқа тиген секілденіп
тағаланған талабым.

Жүрегімді білек билеп,
кешірімді кек білген,
Тентек едім
темір торды үземін деп
шекеме шер шектірген.
Содан бастап
ақын болып өлең жаза бастадым,
Содан бастап
ұялшақ та ұяң болып кеттім мен.

Қастерледім нәзіктіктің
мөлдір тұнық бұлағын,
Мамық ұлпа ақ махаббат
болды мақсат,
ұраным.
Бүгін енді
жаны мүйіз жігіттерге
кез боп қалсам болғаны:
Алақаны – от,
жанары – шоқ
сары қызды сағынам да тұрамын.

 

ОЙНАДА КҮЛ ЖІГІТТЕР

Мен кешіп жүрген дүние біреуден кеше қалғансың,
Мен басын кескен уақыт ертеңге барсын жандансын.
Осыны көрген есі бар елеулі ерлер қамдансын,
Білемін ғой білемін, жалғансың өмір жалғансың.

Уақыт дейтін сұмырай көбелек сынды ұшып жүр,
Кешегі мен бүгінді қолтығына қысып жүр.
Мен ішіп кеткен арақты бүгінгі жастар ішіп жүр,
Мен құшып кеткен қыздарды бүгінгі жастар құшып жүр.

Күнелтпек едім қысылмай бірлігі бармен бірлесіп,
Опасыз кезек жалғандық көшпелі күнмнен бір көшіп:
Мен шешіп кеткен жұмбақты бүгінгі біреу жүр шешіп,
Мен кешіп кеткен өмірді бүгінгі біреу жүр кешіп.

Кеше де солай, бүгін де ертең де солай болады,
Еншісімен бүгіннің ертеңнің кемі толады.
Кешегі өткен ескілік бүгінгігің оралы,
Ойнада күл жігіттер солады бәрі солады.

 

ҰЛЫ АБАЙДЫҢ АНАСЫ
ҚАСИЕТТІ ҰЛЖАН АНАҒА БАС ИЮ

Жалғыз тұрып
құлан жортпас құланиек далада,
Өзге бөтен ой келтірмей санама:
Ұлы өлкеден кеппесін деп
ақын шыққан шарана,
Ғасыр аттап басымды идім
ақындықтың пірі болған
ұлы ҰЛЖАН жан ана.

Заманыңды жатса дағы
Қасқыр-Иттей талап мұң,
Аналықтың қасиетін
шар тарапқа тараттың.
Ғасырлардан ғасырларға
көшіп өмір сүру үшін жан ана,
Абайыңды ақын етіп жараттың.

Ұлы уақыт –
басы биік
бұлдыр-бұлдыр құзар шың,
Аяғыңның астында тұр
сен одан да шынарсың.
Ұлың Абай
тамақ тілеп жылағанда шырқырап,
Омырауыңнан сүт емес сен
өрт ағызған шығарсың.

Сені қолдап, қоршаған соң
кең сахара жон далаң,
Сүтке бөлеп, құтқа бөлеп
еккен гүлің солмаған.
Әйтсе дағы ақын туып
ақ жалынмен асырау,
Сеземін ғой
сізге де оңай болмаған.

Уақыт пен жер арасы
болғанымен тым алшаң,
Бізге жетті
ақындыққа дұға болған тұмаршаң.
Сен кешірген қасіретті
менің шешем Ұлжан ана кешірді,
Сенің ұлың шыққан көкке
мен талпынып шыға алсам.

 

БЕСІК ДАЛА

Алтайым –
Ала шыңым, сайын далам,
Мен сені ата-анамнан айырмаған.
Қуансам құздарыңа құлаш ұрып,
Жабықсам жылап барып шағымданам.
Сен үшін жан беруге дайын балаң.

Алтайым –
Дана далам, дархан далам,
Айдарлы бала далам, қартаң далам.
Біреудің құсы жетпес тау-тасыңда,
Әкемнің түйе көші майпаңдаған.
Сен менің алтын қазық тұрағымсың,
Ұшынан кіндігімнің арқандаған.
Сондықтан дәйім саған жалтаңдағам.

Алтайым –
Несіп далам, бесік далам,
Анамның құшағындай төсің маған.
Сол себеп
досың болса алғыс айтып,
Кембағал қасың болса өшіңді алам.
Кеу-кеулеп кеткен болсам кешір далам.
Бесік далам!..

 

МЫНА ЖАЗ ДА ӨТТІ-АУ ДҮНИЕ

Мына жаз да өтті-ау дүние
тартып алып әкемді,
Әке орнына
нар көтермес мұң мен шерін әперді.
Кімнің барып тізесіне
маңдайымды сүйеймін,
Әй жоқ білем,
бұл жалғанның көп нәрсесі жат енді.

Әкемді алып бұл жаз кетті
қарайламай артына,
Әрине ол уақыттың салты да.
Басқа істің бәрі орнына
келдеді ғой, келеді,
Ал мен сірә келе алмаспын
бұрынғы сол мамыражәй қалпыма.

Бұл жаз кетті
опасыздық, озбырлығын танытып,
Жанды мына дүниеден жан ұтып.
Бес жасында әкесінен жетім қалған
сәбилер-ай кешіңдер,
Кеш жасымда мен де отырмын
жетімдіктен семізімді арытып.

Не шарам бар,
тау мен тасқа ұрсам дағы басымды,
Енді қайта көре алмаспын
ӘКЕ деген асылды.
Мен де елуге
келіп қалған екенмін-ау бәтшағыр,
Әкем барда санамаппын жасымды.

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.