Бабалар рухына тағзым

«Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ» деген бір ауыз сөздің тереңінде салмақты мән-мағына жатыр. Қазақ халқы ерте заманнан бабалар рухына тағзым етіп отыруды парыз – міндет деп көкірегіне қондырған.

Бабалар алдындағы перзенттік парызды орындау міндетін ұстанған ұрпақ игі істерді жалғастыруда. Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қарамұрын станциясында 12 тамыз күні ас берілді. Шараның мақсаты – бабалар рухын ұлықтау, жастарды бірлікке, рухани тазалыққа, туған жеріне деген патриоттық сезімге тәрбиелеу. «Асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп» деген бабалар өсиетіне адал қазақтың дәстүр сабақтастығы Қарамұрын ауылында өз жалғасын тапты.

Ас беру ата салтымыз деп білген байырғы Жәңгір төре ауылы, қазіргі Қарамұрын станциясының атқа мінер азаматтары ұйымдастырған бұл асқа алыс-жақыннан ауылдан көшіп кеткен тұрғындары қонаққа келді. Ас беруге ұйтқы болған, ауыл азаматтары мен азаматшалары. Сауапты істі ұйымдастырғандар, осынау қасиетті мекенде туып өскен – Ғалия Шәкенқызы (Орынбасар), Көкежан Жақыпбекқызы, Сахан Ақанқызы, Жантай Шарипұлы.

Ауыл бірлігі осындайда білінеді. Дайындық кезінде ауыл тұрғындары жұмыла жұмыс атқарды. Асқа 400-ден астам халық жиналды. Жерін, елін сағынған ұл-қыздар, 50-60 жыл көріспеген ауылдастар, сыныптастар көздеріне жас алып, қуанышта қауышты. Арнайы асқа “Бала қажы” мешітінен имамдар шақыртылды. Алла үйінің қызметкерлері аруақтарға құран бағыштап, ауыл азаматтары мен жастарына мағыналы бата берді. Қарамұрын ауылындағы қорымда өзінен кейінгі бес ұрпағымен Жәңгір төре жатыр. Оларды еске алуға ұрпақтары да келді. Біртуар жазушы С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешуінде» айтылатын қыздары хор қызындай Жәңгір төренің ауылы осы. Төбел бие сойдырып, төменгі елді шақырған, жорға бие сойдырып, жоғарғы елді шақырған аста аруақтарға құран бағышталып, ауыл күніне келген адамдар өз қуаныштарымен бөлісті. Ауыл тұрғындары ұлықтап, жұмыла көтеріп, ас берген Қарамұрын ауылына биыл 165-жыл толып отыр. Заманында Жәңгір төре ауылына Шортанбай жырау мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келсе, 1922 жылы Ғабиден Мұстафин ауыл қонағы болған. Ал, Жәңгір төре 1919 жылы өз ауылында Сәкен Сейфуллинді қонақ қылып, өлімнен құтқарып қалған. Сенім мен жігерді біріктіріп, жас ұрпақ баба мұрасын ұлықтап айтып жүрсе аға буынның ойға алған мақсатының орындалғаны.

– Өлі разы болмай, тірі байымайды. Алладан кейінгі киелісі – ата-анасын ғана емес, жеті атасын түгел сыйлауы, дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен әруақтарға дұғасын бағыштау, адам баласының имани дүниесінің қаншалықты тереңде жатқанын аңғартса керек. Ауылымызда ас беріп, ата-бабаларын еске алу – тірілер үшін үлкен сауап. Байырғы Жәңгір төре ауылы, қазіргі Қарамұрын станциясында жамағат бастама көтеріп, ас берді. Ізгілік жолдан жаңылмаған ел ағалары жиналған жұртқа қазан көтеріп, дастарқан жайды. Ауылды сағынып келген жұртшылыққа, жергілікті тұрғындарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ – дейді, шараны ұйымдастырушы Ғалия Шәкенқызы.

Ғалия Адамова,

зейнеткер ұстаз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.