АбайАймақ

Бабалар ерлігі – ұрпаққа ұлағат

Абай ауданында 56 мыңдай адам тұрса, соның 14500-і 14-35 жас аралығындағы жастар. Байқап қарасаңыз, бұл – үлкен күш. Арасында жасөспірім, бозбаласы, ересегі бар олар – еліміздің ертеңгі болашағы, Жаңа Қазақстанды құрушылар, керек болса, сын сағатта Отанын қорғаушылар.

Осы аталған санаттағы жандардың бойында отансүйгіштік сезім мен патриоттық рухты тәрбиелеп, қалыптастырумен үйде ата-анасы, түзде балабақша, мектеп, оқу және жұмыс орындары айналысса, одан жастар ұжымдарының өзі де қалыс қалмайды.

– Біздің ауданда жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысы жолға қойылған, – дейді Абай ауданының жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Әлия Әшімова. – Бұл тұрғыда аудандық оқу, дене шынықтыру және спорт бөлімдерімен, жұмыспен қамту орталығымен, әскери комиссариатпен, басқа да мекеме, ұйымдармен бірлескен түрде көптеген шаруалар атқарудамыз.

Айтқандай-ақ, жылдағы көктемгі, күзгі әскерге шақыру науқандары аудан бойынша мереке болып өтеді. Онда Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып бара жатқандардың салтанатты түрде шығарып салып, ардагер қарттар ақ батасын беріп қалады.

Қазір санаулы қалған Ұлы Отан соғысының және тылдың, ауғандық және чернобыльдік ардагерлерімен кездесіп, олар туралы фото, бейнероликтер конкурстарын өткізу дәстүрге айналған.

Сондай-ақ, болашақ жауынгерлер аудан аумағында орналасқан екі әскери бөлімге барып, солдаттардың өмірімен танысып, әскери қызметшілермен жоспар бойынша өтіп тұратын әскери сағаттарға да қатысып, сап түзеу, қару-жарақты меңгеруге, әскери ұрыс қимылдарына машықтанып, үйренеді.

Аудандағы «Жас патриот мектебі», «Жас сарбаз», «Қайсар» жастар рухы қозғалыстары, мектептердегі «Ұлан» топтары бұл бағытта спорттық шаралар да ұйымдастырып, балғын жастар күш сынасады. Әскери-патриоттық тақырыптағы пікірталас ойындарына да қатысады.

Туған жерге, Отанға сүйіспеншілікті білдірудің жолы сан алуан. Мәселен, былтыр Абай жеткіншектері Абай қаласындағы Мәдениет үйінің алдында еліміздің Әнұранын жаппай орындаса, енді биылғы 7 мамырда сол жерде «Атамекен» әнін қосыла шырқамақшы.

Ел-жер тарихын, халқымыздың азаттығы үшін арпалысып өткен бабалар есімі мен ерлігін білу де бүгінгі жас буын өкілдері үшін үлгі-өнеге. Ауданның Құлайғыр ауылындағы Кенесары ханның уәзірі болған Таймас батырдың кесенесі мен қазақ-қалмақ соғысының қаһарманы Шерубай батырдың, Топар кентіндегі төбе басына қойылған ескерткіш тасы да – киелі, қастерлі орындар. Әлия Жұмашеваның айтуынша, аудан жастары сол қасиетті жерлерге ұдайы барып, тағзым етіп, айналасын жинастырып, күтімге алған екен. Ендеше, бабалар ерлігі ұрпағына ұлағат бола берері сөзсіз.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button