Бас тақырыпҚарқаралыРухани жаңғыру

Бабадан қалған бұл өнер

Елбасымыз өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында «Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі» деп, атқа міну мәдениетінің тамыры тереңде жатқандығын мәнді де мазмұнды түрде жеткізіп берді.

Ұлттық спортты дамытуда Қарқаралы ауданы бірқатар спорттық шараларды жүзеге асырды. Дегенмен, тәуелсіздік алып, егемен ел болғаннан кейін, өткеніміз оралып, өшкеніміз жаңғырған тұста ортамызға қайта оралған ұлттық ойындарымызды кімдер қолдап жүр? Ұлттық спорт ойындары тиісті дәрежеде ұйымдастырыла ма? Әлеуетін одан әрі дамытудағы механизмдері неге әлсіз? Бір кездері облыс, республика, халықаралық деңгейде ат спорты ойындарына атсалысып жүрген азаматтар ұлттық спортты дамытуға неге құлықсыз? Міне, осы сұрақтарға жауап іздедік.

Тұлпар жаратамын десең…

Бүгінгі таңда елімізде ұлттық спортты өркендетуде сеңнің қозғалуы қазақ азаматтарының белсенді жұмысының нәтижесі екені анық. Қарқаралы ауданында да кейінгі жылдары ұлттық спортқа көңіл бөліне бастады. Алғаш рет аудан азаматтарының ұйымдастыруымен бессайыс пен жамбы атудан жарыстар өтті. Бастапқыда таңсық дүние болғанымен, кейіннен тұрақты дәстүрге айналды. Әрине, бұл спорт десе делебесі қозатын қарқаралылықтар үшін қуанышты жайт. Құйрық-жалы түйіліп, ауыздықпен алысқан жүйріктердің бәйгесін ұйымдастыруды үзілмес үрдіске айналдыруды көздейтін аудан атбегілері жылына бір-екі рет бас қосып, жиын өткізеді. Алдағы ұйымдастырылатын жарыстың барысы мен мәнісін талқылайды. Ардагер атбегілер бастаған, жігерлі жастар қоштаған жиынның өзекті тақырыбы – қаражат мәселесі. Ия, не нәрсенің болсын соңы ақшаға келіп тіреледі. Тұлпар жаратамын десең қалтаның да біраз қағылатыны жасырын емес. Алайда, жылына бір рет ұйымдастырылатын жарысқа тігелетін жүлденің де қомақты болғаны атбегілерге тиімді, ауданға абырой емес пе? Жыл он екі ай атты баптауға кететін шығынның өзі әжептәуір. Бір кездері, атбегілермен болған жиында, аудан басшылары көкпаршылардың атын қажетті жемшөппен қамтамасыз етеміз деген уәде де беріпті. Бірақ, іске аспады. Сол азықты «мен алдым» деген азаматты естімедім. Ал, облыстық жазғы спартакиадада ауданның намысын қорғайтын спортшыларды іздейтіні тағы жасырын емес. Қандай жарыста болсын жақсы нәтиже көрсету үшін тыңғылықты дайындық қажет. Мысалы, көкпарды алсақ, ең кем деген бес күн дайындалса, олардың аттарын жеткізетін көлік, аттарын қоятын қора, оған қажетті жем-шөп, көкпаршылар жататын орын, тамағы әрі көкпарға тартылатын серке, осылайша кете береді. Есептей беріңіз…

Өткен жылдары Нүркен ауылында өткен бессайысқа бардым. Теңге ілу мен жамбы атуда нәтиже нашар болды. Аудандық деңгейде ұйымдастырылған жарысқа әр ауылдың намысын жыртып, жаяу-жалпылы жастар жетті. Бірінің атына бірі мініп, сайысты аяқтады. Алдымен, ауылдың намысы деп, атсыз келген жігерлі жастарға риза болдым, ат ауыстырып, бір-біріне демеу болған жастарды көрдім, қуандым. Бірақ, олардың ойын барысындағы нәтижесі көңілден шықпады. Дайындық жоқ. Қолдау жоқ. «Біз неге бір тефальға бола ақ тер, көк тер боламыз? Неге ат спортын дамытуға ауданнан қомақты қаражат бөлінбейді. Біз де басқа аудандар сияқты неге бірдей киім кимейміз? Неге дайындық жасауға мүмкіндік жоқ?» деген сұрақтар қойылды. Жаттанды жауапқа еттері үйренсе де, үмітсіз шайтан дейді ғой…

Аудандағы ұлттық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Асхат Баймахановтың айтуынша, бессайыстың облыстық деңгейде ауданда өткізілуі үлкен жетістік. Ұмыт бола бастаған бұл ойынды жан-жақты зерттей отырып, ауданның спорт сүйер азаматтарына қолайлы екендігі ойластыра келе жыл сайын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырып келеді. Ат үстінде тұрып адырна тартып, жамбы ату, құйғытып келіп теңге ілу, қарсыласын қара күшке салып ат үстінен аударып тастау, мергендік сынға түсетін сақамен асық ату, балуандар белдесуінің бізге жаттағы жоқ. Тек ептілік қажет. Кез келген жеңіс тыңғылықты дайындықпен келеді.

 

Ат тұяғын тай басар

Ауыздығымен алысқан арғымақ, желмен жарысқан жүйрікті баптап, көкпар мен жамбы атуды, аударыспақты өскелең ұрпаққа насихаттап жүрген ауданның білекті де жүректі, өр рухты азаматтары жетерлік. Ұрпағының бойына ұлттық құндылықты сіңіруде, осы бір ат спортын әкеден балаға мирас қылып қалдырып келе жатқан ардагер атбегілер – марқұм ағамыз Тұяқ Искаковтың және Ермек Садуов, Бақберген Жақыпов, Таттығұл Ахмадиев, Қойлыбай Әлібаевтың есімдері республикаға белгілі. Атбегілік өнерді атадан аманат етіп алып, шашбауын көтеріп жүрген ауыл азаматтарына тек қолдау керек.

Халқымыздың ежелден келе жатқан өнері – көкпар тартуда, қарқаралылық азаматтар дес бермеді. Бір кездері «атағы Алатауды асқан» көкпар командасы қазір тарап кеткен. Облыстық жарыстардан бөлек, Қызылорда, Тараз, Көкшетау жерінде өткен республикалық чемпионаттарға қатысып, жүлделі орындарымен, Арқаның намысын, ауданның абыройын көтерген Қайыржан Дүйсеков, Ғалымжан Макенов, Дулат Ахметов, Азамат Әбдіқайым, Болат Омарбаев, Мырзан Түсіпбеков, Қанат Рахымбек, Әділбек Шаймерденов, Қанат Тасын, Ойрат Сламбеков, Қанатбек Махмұтов, Берік Кемпірбаев ауданда алғаш көкпар командасын құрып, ойынның ережесін екшеді. Ол кезде облыста тек Шет ауданында ғана көкпар тартатын еді. Тәжірибе жинау үшін оңтүстікке барып, Әулиеата көкпаршыларының ойынын да көрді. Тәртібі, ережесімен танысты. Осыдан он бес жыл бұрын көкпарды бірге бастаған жігіттердің алды бүгінде қырықтан асқан. Тәжірибелі, тіс қаққан көкпаршылар. Өз тәжірибелерін жастарға үйретіп, қатарларын толықтырды. Ат пен азамат қатар сыналатын ат спортының бұл түрін меңгеріп, бүгінде жақсы ойын үлгісін көрсетіп жүрген Жанайдар Қаһарманұлы, Жиенхан Селай, Бауыржан Бейбітхан, Азат Молдабек, Айдын Дүйсеков, Әділет Қайырберлі бастаған жас көкпаршылар өздерінің ептілік және төзімділігімен көзге түсіп жүр. Бүгінде әр ауылда өзінің көкпар командасы бар, аудан аумағында жолдастық кездесулер өткізіп тұрады. Қарағайлы кенті, Жаңатоған, Көктас, Аппаз ауылының көкпаршылары жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Ардагер көкпаршылардан үйренгенін бар ынта-жігерімен жүзеге асырып жүрген жас буынның өкілдері қандай жарыс болса да есе бермесі анық. Бір кездері жарыстан қалмауға тырысатын еді. Қаражат та, көлік те, барлық шығынды өздері көтеретін. Ешкімге міндетсінбейтін. Өйткені, олар ұлттық спортты сүйді. Туған жердің намысы деп жүрді. Бұл күнде жағдай басқаша, аудандық додаларда өнер көрсеткенімен, сыртқа шыға алмайды. Облыс, республика көлемінде өтіп жатқан жарыстарға қатысуға тағы қаражат қол байлау болып отыр.

 

Тақырыпқа тұздық

Ербол Ихсанов, аудандық спорт бөлімінің маманы:

– Аудан бойынша ұлттық спорт түрлері – бәйге, теңге ілу, аударыспақ, көкпар, жамбы атуды дамыту қарқын алуда. Бүгінгі күні ауданда ұлттық спорт түрлерімен 450 адам айналысады. Жыл сайын ұлттық спорт түрлері бойынша 10-нан астам аудандық жарыстар өткізіледі. Өткен жылдары ат спортын дамыту мақсатында Қарқаралы ауданының «Азамат» үкіметтік емес ұйымы, жастар мен балалар ұйымдарының одағы қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, ұлттық ат спорты түрлерінен жарыстар өткізді. Қазір елімізде болып жатқан пандемияға байланысты ат спортынан үлкен жарыстар болмайды, тек ауылдық жерлерде ғана карантиндік шараларды сақтай отырып жарыстар өткізілуде. Аудан бойынша ауылды жерлерде көкпардан Қарағайлы, Қайнарбұлақ, Көктас, Сарыобалы, Жаңанегіз ауылдарында командалар жасақталған. Нүркен ауылында жамбы атуды дамыту бағытында жұмыс жүргізуде. 2019 жылы ауданымыз облыстық спартакиадада жамбы атудан ІІ орын, теңге ілу мен көкпар ойынынан V орын иеленді.

Кәмілшат Тілеген, Аппаз ауылының көкпаршысы:

– Ауыл жастарының ұлттық спортқа деген ынтасы зор. Алыстағының аузына қарап, жырақтағының қызығын тамашалап отыратын заман емес қой. Ұлттық спортты көтерудегі механизмдерді дамыту керек. Жержерлердегі құрылған командаларға қолдау көрсетіліп, бастысы материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету қажет. Біздің ауылдың жас көкпаршыларының бойында қазақтың қаны болған соң намыс бар. Қашанғы басқа ауылдың көкпарына телміріп өтеміз. Бізде де сайдың тасындай білекті азамат, белі иілмес қазанаттар бар. Осы орайда, 1980-86-87 жылғы жерлестеріміз демеушілік жасап, командаға бірдей форма, дайындық серкесін (муляж) және көкпар ертоқымдарын сыйға тартты. Он жыл қатарынан Жеңіс күніне орай, бәйге, жаяу жарыс, қыз қуу, қазақша күрес, қой көтеру секілді спорттық жарыстарды өткізіп келеміз.

Нұрхан Тілеухан, садақшы:

– Ұлттық спорттың ұмытылып бара жатқан түрі – садақ ату. Кез келген адамның қолынан келе бермейді. Қазақтың салт-дәстүрімен біте қайнасып, тұрмыстық қажеттілікке де жараған. Адырнадан атылған жебені нысанаға дөп тигізу мергендік пен күшті қажет етеді. Садақ атуды дамыту мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығының 200 мың теңге көлеміндегі грантын иелендім. Садақ, ертоқым сатып алдым. Ендігі мақсат – ауыл жастарын садақ ату өнеріне баулу. 2019 жылы Шығыс Қазақстанда өткен халықаралық «Толағай сұлтаны» байқауында ІІ орын иелендім. Сәуірде Қостанайда өтетін республикалық чемпионатта жамбы атудан облыстың намысын қорғаймын. Бабаларымыздан қалған асыл қазынаны дамытуға тиісті деңгейде көңіл бөлінгені дұрыс. Сайып келгенде, ат спортын дамыту, жандандыру тек жекелеген адамдар үшін ғана емес, аудан үшін қажет. Өйткені, онда жастарды ел мен жердің, ұлтымыздың бай тарихын, ұлттық салт-дәстүрімізді қадірлеуге баулитын тәрбиелік мән бар.

Сағыныш ӘБІЛ,

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button