Руханият

Бақытты ұрпақтың байқауы

6-7­ қазан­ Н.Гоголь­ атындағы­ Қарағанды облыстық­ әмбебап­ ғылыми­ кітапханасының ұйымдастыруымен­ «Сен­ неткен­ бақытты­ едің,­ келер­ ұрпақ…»­атты­ дәстүрлі­ ХІІ­ республикалық Қасым­ Аманжолов­ оқулары­ өтті.

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өткен биылғы байқаудың ерекшелігі – 18 бен 28 жас аралығындағы жастар дауылпаз ақынның поэмаларын жатқа оқып жарысты.

Екі кезеңнен тұратын байқаудың 1 кезеңінде Алматы, Астана, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Ұлытау, Қостанай және Қарағанды өңірлерінен 32 үміткер қатысып, «Қасым Аманжолов – эпик ақын» тақырыбында эссе жазған еді. Олардың арасынан қара үзген 10 қатысушы 6 қазан күні ақынның поэмаларын жатқа оқыды.

Ал, 7 қазан күні қазылар шешімімен үздік деп танылған, қатарластарынан оқ бойы оза шапқан жеңімпаздар С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрындағы салтанатты жиында марапатталды.

Бас жүлдеге Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданынан келген Тұрар Жанділда ие болса, І орын – Жансая Жанатоваға (Қарағанды қаласы ), ІІ орын – Аружан Абдрахмановаға (Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылы), ІІІ орын Жанаргүл Саметке (Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Мұзбел ауылы) бұйырды.

Еліміздің орталығында өткен республикалық айтулы байқаудың Арнайы дипломдары Қасым Аманжолов шығармаларын сүйіп оқитын Құсни Ғабсаттар (Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Аманкөл ауылы), Айгерім Қожағұлова (Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласы), Перизат Ертуғанова (Қарағанды облысы, Теміртау қаласы), Ажар Қаратаева (Қарағанды қаласы) есімді жасөспірімдерге берілді.

Назым ДҮТБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button