Ресми

«Бақылау-қадағалау Кәсіпкерлік кодексімен реттеледі»

Мемлекет кәсіпкерлікті – экономиканың драйвері деп біледі. Бүгінде оның дамуы үшін кедергілерді болдырмау мақсатында құқықтық тұрғыда барынша қолдау көрсетеді. Адал бизнеске – ашық қоғамды қамтамасыз етуді көздейді. Кәсіпкерлік субъектілері сол себептен де құқық қорғау ұйымдарының ұдайы назарында. Ал кәсіпкерлікке міндетті бақылау және қадағалау қалай жүргізіледі? Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Тоғжан Валиева осы тақырыпта аз-кем сұхбат берген еді…

– Кәсіпкерлердің құқын қорғау­дың қайнар көзі не? Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың міндеттеріне тоқталсақ…

– Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін қатерді болғызбау мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі мемлекет тарапынан міндетті бақылауға және қадағалауға жатады. Өз кезегінде, кәсіпкерлердің құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексімен реттеледі.

Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың міндеттері – құқық бұзушылықтардың, зиян келтірудің алдын алу. Сонымен қатар, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың адал субъектілерін ынталандыру. Ал құқық бұзушылықтар анықталған кезде оларды жоюға қатысты шаралар қабылдау қажет.

– Қадағалау мен бақылаудың айырмашылығы неде сонда?

– Мемлекеттік қадағалаудың мемлекеттік бақылаудан айырмашылығы – оны жүзеге асыру барысында жедел ден қою шараларын қолдану құқығы қарастырылғандығында. Ол Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген. Қоғамдық қауiптi салдарлардың туындауын болдыр­мауды мақсат тұтады. Кодекстің 137-бабында бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметіне бақылау нысандары бекітілген.

Бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісіне, объектісіне бару арқылы профилактикалық бақылауды және тексеруді мынадай тәуекел дәрежелерінің біріне жатқызады: жоғары тәуекел, орташа тәуекел және төмен тәуекел. Қызмет салаларына, бағалау критерийлеріне және тәуекелдер дәрежесінің түріне байланысты тексерулер жүргізу жиілігі айқындалады. Тексеру парақтарында белгіленген талаптар ғана тексеруге және бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауға жатады.

Кодекстің 144-бабының 2-тармағына сәйкес тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесі автоматты режимде қалыптастырған график талаптарға сәйкестік тұрғысынан тексеру тағайындауға негіз болып табылады. Негізінен бақылау және қадағалау органдары заңнаманың талаптарын бұзу бойынша жеке және заңды тұлғалардың келіп түскен өтініштеріне байланысты жоспардан тыс тексерулер жүргізеді.

Кодекстің 144-бабының 4-тармағына сәйкес бақылау және қадағалау органы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнген тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында, нақты бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады.

– Жоспардан тыс тексеруге негіз не?

– Жоғарыда атап өтілгендей, бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) жоспардан тыс тексерудің негізі сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер болған кезде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары, сонымен бірге, жоспардан тыс тексеру прокуратура органдарының тапсырмалары, мемлекеттік органдардың жолдама мен нұсқамаларының орындалуын бақылау мақсатында тағайындалады. Жоспардан тыс тексеру негіздерінің толық тізбесі Кодекстің 144-бабының 5-тармағында бекітілген.

Бақылау мен қадағалау субъектісіне, объектісіне бару арқылы алдын ала бақылауды және тексеруді жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ, қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді. Кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары, сондай-ақ, бақылау және қадағалау субъектілері бойынша өзгешеленеді.

Кодекстің 157-бабында бақылау мен қадағалау субъектісі құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда бақылау және қадағалау органдары мен лауазымды адамдардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану құқығы көзделген.

Аудан прокуратурасы жанында мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз тексерулер және құқықтарды, заңды мүдделерді бұзу фактілері бойынша әрбір кәсіпкер жүгіне алатын бизнес құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ жұмыс істейді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button