Жаңалықтар

Бақұл болыңыз, Сәбе!

Фәни – жалған деген осы. Қарағандылық танымал қаламгер Сәбит Бексейіт ағамыз өмірден өтті. Мен Сәбеңмен бірқатар жыл бірге қызмет атқардым. Алғашқы кезде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында қатар қызмет еттік. Арада бірнеше жыл өткен соң Қарағанды облысы әкімінің аппаратында қызметтес болдық.

Сәбең нағыз еңбектің торысы болатын. Тапсырылған іске тиянақты, жұмысына тыңғылықты азамат еді. Баладай елпілдеген ақкөңіл адам болды. Отырған ортасын ду-думанға бөлеп, әзіл-қалжыңы аралас әңгімелерге қарық қылып жүретін.

Жетпіс жасына бір табан ғана жете алмай қалғаны өкінішті. Аман болғанында осы ақпан айының 20-ші жұлдызы күні отбасының ортасында 70 жасын тойлап отырушы еді. Амал нешік, оған жете алмады.

Сәбеңнің өзі өмірден өткенімен, артында сөзі қалды. Ұрпағына ұлағат болатын кітаптары қалды.

Көрмеген көшеңізден жарылқасын, Сәбит аға!

Алла иман байлығын нәсіп еткей. Бақұл болыңыз!

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button