Бағдат ақын жырлайды
Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Өлең десе, өртенеді өзегім» атты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бағдат МҮБӘРӘКТІҢ жалынды жырларын жатқа оқудан 16-30 жастағы қатысушылар арасында онлайн форматта байқау өткізді. Байқау идеясының авторы әрі демеушісі – «Алтын Жүрек» ұлттық сыйлығының иегері, білім меценаты, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Бекзат АЛТЫНБЕКОВ.
Күз айында аталған кітапханада болған кездесу кешінде Бекзат Қомарұлы аймақтың талантты ақындарының шығармашылығын насихаттау мақсатында жылына 4 ақынның туындыларын жатқа оқудан байқау өткізуді ұсынып, алғашқысын Бағдат Мүбәрәк жырларынан бастауды айтқан еді. Осы бастаманы іліп әкеткен кітапхананың Өлкетану бөлімі мен «Қарымды қаламгер» клубы 32 қатысушының басын қашықтан қосты.
Бағдат Мүбәрәк – «Хұсни хат», «Алтынкүрек» жыр жинақтарының авторы. Орта буын ақындарының ішіндегі ең таланттылары қатарында. Жырлары елге кең танылған. Кітапханадағы «Қарымды қаламгер» клубының мүшесі. Ақынның өлеңдері қарапайым сөздердің реңкті формада қолданылуымен ерекшеленіп, жұртты баурайтын қасиетке ие.
Қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Серік Сағынтай болса, мүшелері құрамында ақын, «Дауыс» жыр кітабының авторы Қайрат Асқар, ақын, ұстаз, «Ай дидарлы арманым» жыр жинағының авторы Айнұр Жаппарқұлова, Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Дина Аманжолова, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов болды.
Тартысты өткен байқауда қазылар алқасы қатысушылардың өлеңді толық жаттауына, сахналық мәдениетіне, оқу мәнеріне баса мән берді. Кейбір кемшіліктер ескертілді.
Қатысқан 32 үміткерден Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №5 балаларға қызмет көрсететін кітапхананың меңгерушісі Айғаным Балдаева, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Университетінің II курс студенті Жанбота Хашхынбай, «Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі» IVкурс студенті Айсұлу Мұстафина, Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің I курс студенті Құндызай Ауданбаева, №65орта мектептің 11-сынып оқушысы Ақниет Ахмет, Қарағанды техникалық университетінің II курс студенті Қазбек Фазылдарға Алғыс хатпен қоса «Қарағанды» энциклопедиясы сыйға тартылды.
Жүлделі III орынның 35 мың теңгелік 2 сертификатын №39 гимназияның 9 «Б» сынып оқушысы Арсанат Тұрсынбай мен Қарағанды техникалық университетінің III курс студенті Ақжол Найзабаев қанжығалады.
II орынның 60 мың теңгелік сертификатын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің I курс студенті Айғаным Әуесбек жеңіп алды. Ал, I орынның 100 мың теңгелік сертификатына қарсыластарынан оқ бойы озып келген № 61 орта мектептің 11 «А» сынып оқушысы Ділназ Мұрат ие болды. Ділназ республикалық сөз сайыстарында бірнеше рет бас жүлде алып, облыстың намысын қорғап жүрген озат оқушы. Ал, бапкері Дидар Қарсыбекова көптеген шәкіртті үздік етіп тәрбиелеген білікті маман.
Байқаудың өте тартысты өткенін айтқан кеш иесі Бағдат Мүбәрәк демеуші Бекзат Қомарұлына шексіз алғысын айтты. Келесі байқау ақын, жазушы Серік Сағынтайдың шығармаларын жатқа оқудан өтеді деп жоспарланып отыр.
Жәлел ШАЛҚАР.