Бағдарламаларға байыпты баға берілді

Бейсенбі күні облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВ Қарағанды қаласы Октябрь ауданына қарасты Пришахтинск аумағындағы «Гиппократ» медициналық фирмасы» ЖШС емханасы ғимаратында білім және денсаулық сақтау салалары қызметкерлерімен кездесті. Мақсатты кездесу барысында Елбасының дәстүрлі Жолдаулары мен Бес әлеуметтік бастамасының талаптары әңгіме өзегіне айналып, Ұлт Көшбасшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде аз қамтамасыз етілген азаматтарды қолдауға бағытталған тапсырмалары егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Облыстық мәслихат хатшысының қоғамды жауапкершілігі салмақты салалар мамандарымен бетпе-бет жүздесуіне облыстық деңгейдегі жекелеген басқармалар басшыларының орынбасарлары, Қарағанды қаласы Октябрь ауданы әкімінің орынбасары Дарын Бұлқайыр және БАҚ өкілдері қатысты.

Елбасы Жолдаулары мен басқа да бағдарламалық сипаттағы маңызды құжаттардан туындайтын міндеттердің облыс көлемінде орындалу жайына аса қызығушылық та- нытқан ұстаздар мен дәрігерлер қауымының алдындағы өзінің кіріспе сөзін Серік Балғатайұлы әдеттегідей байыпты қалыпта бастады. Ол алғашқы кезекте аталған бағдарламалардың дер кезінде жарияланғанын, халықтың, оның ішінде, тұрғындардың әлеуметтік қолдауға мұқтаж бөлігінің тұрмыстық ахуалын жақсартуға, соған орай, нақты қолдау көрсетуге бағытталған маңызды құжаттар екендігіне ерекше екпін берді. Жалпы ел көлемінде, одан беріде Қарағанды облысында нәтижелі атқарылған сан салалы тындырымды істерді тілге тиек ете отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерінде де әлеуметтік әділеттілікке негізделген мемлекет орнықтыру мақсатындағы бағдардың еш өзгеріссіз жалғасын таба берері жария етілгеніне назар аударды.

Облыстық мәслихаттың хатшысы одан әрі Елбасы тапсырмаларын оралымды түрде орындауға қатысты облыс аумағында жүргізілген және жүргізілу үстіндегі әрекеттердің мәні мен маңызын, олардың түптеп келгенде жалпы қоғам үшін жағымды қайтарымы мен тұрғындардың тұрмыстық әл-ауқатын арттыра түсуге тигізер тиімді әсерлері хақында сындарлы әрі талдамалы тұрғыда жатық тілмен әңгімелеп берді. Сараптамалық сипаттағы сөз барысында қамтылмай, қалтарыста қалған сала жоқ деп тұжырым жасауға әбден болады. Нақтылай түссек, өндірістегі ілгері басу үдерістері, орта және шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсету тетіктері, әлеуметтік көмектің әлеуетін арттыру, жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеудегі тың тәсілдер, тұрғындар денсаулығын қорғауға қатысты қолға алынған шаралардың ширай түсуі, еңбекақы, зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар кө- лемінің ұлғаюы, коммуналдық саладағы алуан сипатты әрекеттер ауқымының кеңейе түсуі мен олардан күтілетін түпкі нәтижелер, салауатты өмір салтын орнықтыру мен денешынықтыру және спорт саласындағы салмақты істер, халықтың, әсіресе, жас буынның бойына мәдениет мәйегін сіңіру, тағы да басқа тақырыптар жан-жақты талданды. Сөз реті келгенде, Серік Балғатайұлының әсерлі әңгімесін тапжылмай, зейін қоя тыңдаған қауымның өздері үшін біршама қажеттіліктерді қамтып, көңіл төріне көптеген жайттарды қонақтата алғанын айта кету артықшылық етпейтін секілді.

Жүйелі жүргізілген жүздесу кезінде жұртшылықтың пікір- лері мен өздерін толғандыратын сауалдарды бүкпесіз айтуына да мол мүмкіндік берілді. Тиісінше, олардың тарапынан қойылған түрлі мазмұндағы сауалдарға спикердің өзі, сондай-ақ, Октябрь ауданы әкімінің орынбасары Дарын Бұлқайыр және облыстық басқармалар басшыларының орынбасарлары тұщымды жауаптар қайтарды. Кездесу түйінінде емхана басшысының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Бибалаева облыстық мәслихаттың хатшысына жылыжүзді жүзде- суі мен сараптамалық-талдамалық сипаттағы әңгімесі үшін шынайы ризашылығын білдірді. Кездесуден кейін Серік Өтешов емхананың күнделікті тынысымен танысып, тұрғындарға медициналық қызмет көрсетудің жай-күйін бағамдады.

Сөз орайы келгенде, облыстық мәслихаттың депутаттары өздері мекендейтін қалалар мен аудандарда дәл осындай мазмұн- дағы кездесулерді өткізіп жатқанын айта кеткен жөн.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

Суретті түсірген автор.