«Ауыл – Ел бесігі»Шет

Бағдарлама берекесі. Ақадырда жол жөнделіп, кәріз жүйесі тартылуда

Тоғыз жолдың торабындағы Ақадыр биыл айрықша ажарлана түсті. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының шарапатын атап өткіміз келеді бұл жерде. Бірнеше көше жөнделіп, Ә.Ермеков атындағы мектептің асханасы мен спорт залының құрылысы басталды. Жаңадан тартылып жатқан су мен кәріз желісін қосыңыз. Көңіл қуантар жаңалық баршылық.

Кент әкімі Азамат Әбілдин бағдарламаның арқасында елді мекендегі инфрақұрылымды реттеудің мүмкіндігі туғанын айтады.

– Ақадыр теміржолдың екі жағында жатыр. Бір бөлігінде кентішілік жол проблемасы өткір тұрған еді. Халықпен есептік кездесулерде жиі айтылды. Биыл сол жолдардың асфальттауды сәті түсті, – дейді әкім.

Ақадырда 65 көше бар. Биыл Қыздарбеков, Жұмыскер, Мәметова, Мәдиев, Теміржолшылар және Оспанов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Билік тарапынан жүргізілген жұмысқа бұқара да разы.

«Желінің арғы жағы» («За линией») деп атайды бұл жерді халық. Бұрын аяқ алып жүру мүмкін емес-ті. Көктем, күз болса, ми батпақ, жаз болса аппақ шаң. Жел тұрса, көз аша алмай қалатынбыз. Талай рет көлігіміз лайға тығылып қалды. Енді, міне, асфальттың арқасында сол әуреден құтылып отырмыз. Әкімдіктегі азаматтарға рахмет, – дейді отыз жылдан бері кентте тұратын Роза апай.

Уәлиханов, Жарылғап батыр, Бастау, Ардагер көшелері тұрғындары үшін басты мәселе – кәріз жүйесі еді. Қысқа дейін аталған көшелер тұрғындары жаңа кәріз жүйесіне қосылмақ. 149 млн. теңге тұратын желінің құрылысы тамызда басталған-ды. Ұзындығы – 2,6 шақырым. Кенттің ауыз су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша желі тұрғызылуда. Су №9 ұңғымадан №2 ұңғымаға тіке барады. Жиналған су әрқайсы 600 текше метрлік қос резервуарға толтырылады. Желінің ұзындығы 7,5 шақырымды құрайды. Құны – 192 млн. теңге. Кенттегі көне білім ұясы – Әлімхан Ермеков атындағы орта мектептің жанынан спорт залы мен асхана тұрғызылуда. Мектептің 1937 жылы іргетасы қаланған. Қазіргі уақытта балалар астарын мектептің бейімделген, ең кең бөлмесінде ішіп жүр. Ал, дене шынықтыру пәні көршілес Балалар және жасөспірімдер мектебінде өткізіледі.

Мектепте 482 бала оқиды. Асхана мен спорт залының жоқтығы ыңғайсыздық тудырып тұрғаны рас. Бұйыртса, бұл балалар үшін де, мұғалімдер үшін қуанышты жаңалық болып тұр, – дейді мектеп директоры Ержан Айтжанұлы.

Қос нысанды тұрғызу құны 377 млн. теңгені құрайды. Биыл басталған құрылыс келесі жылы тәмамдалуы тиіс. Жаңа асхана мен спорт залға кіргендегі балалардың қалай қуанарын айтсаңызшы…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button