Жаңалықтар

Бағдарлама барысы – депутаттар назарында

Қарағанды облысының мәслихатында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Отырыс барысында он төртінші сессияға шығарылатын мәселелер талқыланды. Олардың қатарында, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының барысы, тұрақты комиссиялардың былтырғы жылғы атқарған жұмыстары, жерасты және жер үсті суларын пайдалануды реттеуге, қосымша дәрі-дәрмектерге қатысты және өзге де тұрақты комиссияларда бұған дейін қарастырылған мәселелер бойынша шешім жобалары талқыланды. Отырыста жан-жақты талқылаудан өтіп, қолдау тапқан мәселелер алдағы сессияның күн тәртібіне шығарылады. Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысына депутат, комиссия төрағасы Серғазы ӘДЕКЕНОВ төрағалық етті.

Аймақта «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының былтырғы орындалысы мен жоспары туралы облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Галиуллин баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, бағдарлама аясында 2017 жылға республикалық бюджеттен 7,197 млрд.теңге бөлінген. Оны игеру – 99,6 пайызды құрапты. «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бағытына 0,641 млрд.теңге мақсатталған. Еңбек нарығының талаптарын ескере отырып, 7000 адамға оқуға жолдама берілген. Жалпы, бұл бағытта облыс бойынша қысқа мерзімді оқуға 5957 адамды жіберу діттелсе, нақты 7257 адам оқуға кіріскен. Сөйтіп, жоспар орындалысы – 122 пайызға жеткен. Бағдарламаға қатысушылар машинист, шаштараз, электржөндеуші, электрдәнекерлеуші, аспазшы, тігінші, құрылысшы, ветеринар, сандық сауаттылық секілді мамандықтарды меңгерген.

Екінші бағыт «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» негізінде 516 тұлғаға шағын несие беру жоспарланса, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша 827 шағын несие берілген. Яғни, жоспардың орындалысы 160 пайызға жетіпті. Ал, кәсіпкерлік негізіне оқытуда 1313 тұрғын дәріс алған екен. Бұл бағыттағы қаржы – 4,594 млрд.теңге шамасында. «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізін оқытуға бөлінген қаржы – 82,2 млн.теңге, оның игерілуі – 100 пайыз. Дәріс алған 1313 тұлғаның 1039-ы бизнес-жоспарын қорғай алған. Бұл – 79,1 пайыз. Оның 395-і жобасын жүзеге асырып үлгерген. Сөйтіп, 361-і «Ауыл шаруашығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырылған. 14 қатысушы өз қаражаттарына жобасын іске асырған. Ал, 10-ы аудан әкімдерінің грантын иеленіпті.

Үшінші бағыт «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуға» көзделген қаражат – 1,993 млрд.теңге көлемінде. Мұнда әлеуметтік жұмыс, жастар практикасы, инфрақұрылым жобаларына жұмыспен қамту орталықтары арқылы орналастыру қарастырылған. Тарқатып айтар болсақ, әлеуметтік жұмысқа 547 адам жоспарланса, осы жылдың бірінші қаңтарындағы мәлімет 933 адамның орналасқанын көрсетіп отыр. Жоспар –170 пайыз.

Жастар практикасында – 815 жас нәпақысын айыруда. Мұндағы әуелгі жоспар – 539 адам екенін ескерсек, жоспар – 151 пайызға жетіпті. Инфрақұрылым жобаларына жұмыспен қамту орталықтары жолдамасымен еңбекке тартылғандар саны – 504.

Жұмыссыздық деңгейі былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда төмендеп, 4,7 пайызды құраған. Былтырғы жылдың төртінші тоқсанында бұл көрскеткіш – 4,9 пайыз шамасында екен. Сонымен қатар, жұмыссыздар саны 2,4 мың адамға және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 51,4 мыңға төмендеген. 15-28 жас аралығындағы жастар жұмыссыздығы да азайған. Ол пайызға шаққанда, 4,9 пайызға түсіпті. Өткен жылдың көрсеткіші – 5,0 пайыз еді. Сондай-ақ, әйелдер арасындағы жұмыссыздық та 5,7 пайызды көрсетіп, кеміген.

Биыл бағдарламаға 7398 993 мың теңге бөлініпті. Осы арқылы жұмыссыз және өнімсіз жұмыспен қамтылған 52 мың азаматты бағдарламаға қатыстыру жоспарлануда. Оның 37 мыңын мемлекеттік қолдау шарасынсыз жұмыспен қамту межеленуде. Оның ішінде, 26173 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Мамандық алуға жолданатындар 700 азамат көлемінде жобаланып отыр. Қысқа мерзімде 220 адам оқытылмақ. Оған қоса, 450 шағын несие, 18 грант беру көзделуде. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік негізінен 1728 адам дәріс алады. Әлеуметтік жұмыста – 531, жастар практикасында – 551 жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.

Облыстық мәслихатта 5 тұрақты комиссия бар. Былтыр мәслихаттың 7 сессиясында 125 мәселе қарастырылған. 37 комиссия отырысы өтіп, 87 шешім шығарылыпты. Депутаттар корпусы 257 рет сайлаушылармен кездесіпті. 17 рет көшпелі мәжіліс өткен. Алдағы уақытта комиссия жұмыстары жалғасын таппақ. Отырыста қарастырылған мәселелер жөнінде қаулы қабылданды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button