Бағалы бастама — Қаныш қаласында

Жақында Қаныш шаһарында «Бірге болсақ, жарқынбыз» ұраны аясында «Сәтбаев – жігерлі адамдар қаласы» атты республикалық экологиялық фестиваль болып өтті. Әлия НАЗАРБАЕВАНЫҢ қоғамдық маңызды бастамаларын дамыту қорының ұлағатты ұстанымдары аясында қала әкімдігі ұйымдастырған іс-шараға сыртқы аймақтардан келген мәртебелі меймандар мен қаладағы оқу ошақтарының шәкірттерін қоса алғанда екі мыңнан астам адам қатысты.

Фестиваль шымылдығы қала әкімі Асқар Ыдырысовтың жүрекжарды құттықтау лебізімен түрілді.
– Өскелең ұрпақ үшін дәл осындай тәлімі терең, мағынасы ауқымды шаралардың барынша жиірек өткізілуі маңызды. Біз, яғни, ересектер олардың санасында тазалық пен қоршаған ортаға сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруға тиіспіз. Табиғат адамзатқа тек төңіректегі әдемілікті ғана тарту етіп қойған жоқ, тереңірек пайымдай білсек, біздің деніміздің саулығы мен тұрмысымыздың жақсарып, әл-ауқатымыздың артуы да соған байланысты. Сондықтан, тұмса табиғаттың баға жетпес сый-сияпатын өз қажетімізге тынымсыз тұтынумен қатар, оны аялай білуді де естен шығармауымыз шарт, – деді қала басшысы.
Өз сөзінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина экологиялық фестивальдің мәні мен маңызын жан-жақты сараптап, оның жоғары деңгейде өткізілуі адамдардың санасын сілкінтіп, табиғатқа жаңашыл әрі жанашыр пейілмен қарауына дәнекерлік етеріне назар аударды. Іргелі іс-шараны ұйымдастыруға талғамшыл талап тұрғысынан келе білген қала әкімдігі мен тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына риясыз алғысын білдірді.
Бүгінгі күннің биігінен қарағанда өте өзекті мәселе саналатын шараға ҚР Инвестициялар
және даму министрлігінің сарапшысы Еңлік Мұқанова, БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты даму жөніндегі департаментінің басшысы Рамазан Жампейісов, БҰҰ Даму бағдарламасының менеджері Сырым Нұрғалиев, БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшысы Әділет Тікенов, Әлия Назарбаеваның қоғамдық маңызды бастамаларын дамыту қоры төрағасының орынбасары Татьяна Немцан және аталған қордың департамент директоры Ермек Мәжитов қатысты.
Фестиваль бағдарламасының сан бағыттағы алуан түрлі кешенді шаралардан түзілуі оның тартымдылығын мейлінше арттыра түсті. Мектеп оқушыларының флешмобы, велосипедшілер шеруі, жас атлеттердің сайыс түрлерінен шеберлік машықтарын көрсетуі, мың бұралған бишілердің өнері және басқа да тағылымды жоспар әрекеттері көпшіліктің көзайым қуанышына айналды.
Сонымен қатар, ашық алаңда сурет салу және тоқыма тоқудан өткізілген шеберлік сыныптары талай елді тамсантып, ел қуанышын еселей түсті.
Аталған іс-шараның бастауы биылғы жылдың 30 наурызында Астана қаласынан бастау алған болатын. Біріккен ұлттар ұйымы Даму бағдарламасының қолдауымен қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының ұйымдастыруымен өтіп жатқан фестиваль алғаш рет Қарағанды облысында Сәтбаев қаласында ғана өткізіліп отыр.
Фестиваль барысында мәртебелі меймандардың қатысуымен қала аумағында 6500 түп ағаш және тал-шыбық көшеттері отырғызылды.
Ықылас танытушылар «Қазақстан» спорттық-сауықтыру кешенінде орналастырылған мектеп оқушыларының инновациялық технология жетістіктеріне арналған көрмесін тамашалау мүмкіндігін иеленді.
Аталған кешен аумағында футболдан жарыс өткізіліп, суға жүзушілер арасында тартысты бәсеке ұйымдастырылды.
Шығармашылық көңіл-күй ауанымен өткізілген фестивальдің қорытындысын шығару рәсімі де шырайлы реңді иеленді. Кешенді шараларға тікелей қатысушылар мен оларды қызыға тамашалаған қала тұрғындары БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты даму жөніндегі департаментінің басшысы Рамазан Жампейісов пен Әлия Назарбаеваның қоғамдық маңызды бастамаларын дамыту қоры төрағасының орынбасары Татьяна Немцан шынайы пейілмен құттықтады. Болмыс-бітімі тым бөлек фестивальдің есте қаларлық сәттері мол болғанын тілге тиек еткен меймандар, өткерілген өнегелі істердің қоғам үшін қайтарымы да өлшеусіз екендігін атап өтті. Қала басшылығына, белсенді қатысушылар мен шаһардың жалпы жұртшылығына ұлағатты ұстанымдары үшін ризашылықтарын бүкпесіз білдірді.
Ұтымды іске ұтқыр әрекеттері арқылы үлес қосқандарға ұйымдастырушы тарап тағайындаған лайықты марапаттарды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина мен Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов салтанатты жағдайда тапсырды.
Фестиваль түйінінде қалың қауымның назарына «Алқызыл қызғалдақтар қаласы» театрландырылған қойылымы ұсынылып, жарасымды жоба символы – құмсағатты Асқар Абылайұлы Алаш тарихында айтулы орны бар Семей қаласының (Шығыс Қазақстан облысы) өкіліне өткізді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

СӘТБАЕВ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.