Руханият

Бұзылған бейіт

Маужыраған мамыр айы. Күн шайдай ашық. Лүп еткен жел жоқ. Жер беті жасыл желекпен көмкеріліп, масаты кілемдей құлпырып жатыр.

Ағзам ақсақал күндегі әдетімен таң намазынан тұрған соң, кемпірі екеуі күңкілдесіп отырып, таңғы шайын ұзақ сораптап, асықпай ішті. Әлден уақытта самайынан сорғалаған терін орамалмен сүртіп, дастарқанға бата жасады да, сыртқа беттеді.

Күн құрық бойы көтеріліп қалған екен. Әлгінде малды өріске жіберген кезде қорадан сыртқа шығарып жіберген үйрек-қаздары есік алдына ентелеп келіп қалыпты.

– Әй, бәтшағарлар-ай, Құдайдың кең даласында жүрмейсіңдер ме рахаттанып? Не бар осы қараңғы қорада? – деп ұрсып жүріп, құстарын қораға қайта қамады.

– Апыр-ай, бүгін күн ысиын деп тұрау. Кемпір, әлгі біздің Оразжан қайда жүр екен? Үйде жоқ па? – деп есік алдында күйбеңдеп жүрген бәйбішесіне қарады.

– Бұзауларын айдап кеткен шығар құлыным. Өзі әлі оразасын да ашқан жоқ. Қарны ашып қалды-ау.

– Ә, онда келіп қалар. Шайы суып қалмасын. Мен бір мызғып алайын, – деп Ағзам ақсақал аяғын сылти басып, үйге беттеді.

Көзі ілініп кеткен екен. Біреудің жұлқылағанынан шошып оянды.

 

– Ата, тұршы деймін саған! Далаға шықшы! – деп қасында қаладан демалысқа келген он жастағы немересі Ораз шоқиып отыр. Жүрегі шым ете қалды.

– Құлыным-ау, не болды? Біреу тиісті ме? – деді қауқылдап. Үш ұмтылып барып, орнынан әрең тұрғаны.

– Ата, бір аға анау төбенің басындағы бейітті бұзып жатыр, – деді немересі мұрны пысылдап. Өзі үрейленіп қалған секілді. Көздері бақырайып кетіпті.

Тосын хабарды естігенде шал да шоқ басқандай шоршып түсті.

– Не дейді, пәруардігер! Бейітті бұзғаны несі? Ол қай жынды болды екен? Кімнің бейітін бұзып жатыр өзі? Ішіп алған біреу ме? Ой, Алла-ай, бұл не сұмдық тағы да? – деп даурыға сөйлеп, далаға ұмтылды. Немересі де шалғайына оралып, қалбалақтап келеді.

– Ата, бұзауларымды айдап бара жатқанмын. Қарасам, бір аға қолындағы балтасымен бейітті құлатып жүр. Қорқып кеттім де, үйге жүгірдім.

Ағзам ақсақал немересін жетелеп, ауыл сыртындағы төбеге қарай тартты. Әншейінде сылти басатын аяқтарының ауырғанын да ұмытты.

Ауыл сыртындағы төбенің басында қорым бар еді. Осы ауылдың небір марқасқа азаматтары мынау бес күндік фәни жалғаннан бақилық сапарға аттанып, сол қорымда мәңгі дамылдап жатыр.

Қорымның орта тұсында әлдебір мұндар Ағзамның құрдасы Қарауылбектің зиратын балталап, кірпіштерін құлатып тұр екен. Бейіттің бір жақ қабырғасын жартылай бұзып тастапты. Ағзамның жан дауысы шықты.

– Әй, сұмырай! Таста балтаңды! Әкеңнің құны бар ма бұл бейітте? Мынау не сұмдық өзі? – деп тұла бойын кернеген ашудан қап-қара болып түтігіп кеткен Ағзам ақсақал шойнаңдай басып келіп, әлгі жігіттің қолындағы балтаны жұлып алды.

Бұдан 20 жыл бұрын үш күн тоқтамай соққан Арқаның ақ боранында мал іздеп жүріп, адасып кеткен Қарауылбек құрдасының қатып қалған денесін ауыл жігіттері бір аптадан кейін әрең тауып алған еді. Жаз шыққан соң Қарауылбектің өрен-жарандары мен ауыл жігіттері марқұм құрдасының басын қарайтқан.

Бейітті бұзып жүрген мұндар жас шамасы қырықты қусырып қалған біреу екен. Көздері шүңірейген жүн-сақал біреу. Тобықтан келетін шалбары шолтаң-шолтаң етеді.

– Ақсақал, менің жұмысымда шаруаңыз қанша? Балтамды бері әкеліңіз! –деді түнере қарап.

– Әй, сен өзің қайдан келген пәлесің? Бұл бейітте не әкеңнің құны бар?

– Бұзсам, өз әкемнің бейітін бұзып жатырмын. Елдің менде шаруасы болмасын.

– Ау, сен Қарауылбектің қай баласысың? Әлгі қалаға кетіп, ауылды ұмытқан Қыдырбайы емессің бе?

– Болсақ болармыз.

– Апыр-ай, өзгеріп кетіпсің ғой, шырағым. Танымай қалдым. Ал енді мына тірлігіңе жол болсын? Өз әкеңнің бейітін өзің бұзып, басыңа соншама не көрінді? Қарауылбек құрдасымды тым болмаса бейітінде тыныш жатқызбадың ғой, ит-ау!

– Ақсақал, арабтар өлген адамның басына біз сияқты бейіт тұрғызбайды. Бұл – ширк! Мен мұсылмандық парызымды атқару үшін қаладан кеше арнайы келдім. Енді маған бөгет болмаңыз! Балтамды бері әкеліңіз.

Ағзамның кәрі жыны қозып, қаны басына шапты.

– Міне, саған балта! – деп қаба сақал Қыдырбайға саусағын шығарды да:

– Енді осы арадан көзіңді жоғалтпасаң, сен иттің өзіңді балталаймын. Білдің бе? Жоғал, мұндар! – деп ақырып жіберді.

– Ата, үйге кетейікші. Мен мына ағадан қорқамын, – деп Оразы ботадай боздап жүр жанында.  

Бейіт басындағы жанжалды естіген ауыл адамдары да осылай қарай құстай ұшып келеді екен. Мұны көрген Қыдырбай қолын бір сілтеді де, анандай жерде тұрған машинасына мініп, қалаға қарай тартып отырды.

– Ата, жаңағы аға сізбен төбелессе, оны балтамен ұратын ба едіңіз? – дейді немересі.

Ағзам еңкейіп, жерден бір уыс топырақ алды да, жүн сақал мұндардың артынан шашты. –

Барлық пәле сенімен кетсін, қу мұндар! – деп күбірледі де, жанында жаутаңдап тұрған немересін жетелеп, ауылға қарай беттеді.

Отты Күн де лаулай жанып, тас төбеге көтеріліп қалған екен…

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button