Жаңалықтар

Бәсі жоғары бәсеке

           Пхенчхандағы Олимпиада ойындарына қатысып жатқан отандастарымыздың жолы болмай тұр. Үміт артқан спортшыларымыздың негізгі дені жүлделі орындардан тым алыс қалды.

Тау шаңғысы спортынан альпілік комбинация жарысында бақ сынаған Игорь Закурдаев 42-ші орыннан ғана көріне алды. Шаңғы жарысының классикалық стильдегі жекелей спринтінде бақ сынаған қыздарымыз да сүрінді. Іріктеу кезеңінде Елена Коломина 55-ші орын алса, Валерия Тюленова 60-шы орынға табан тіреді. Ең жақсы өнер көрсетті деген Анна Шевченконың өзі ширек финалдан әрі аса алмады. Дәл осы спорт түрінің ерлер арасындағы жарысына қатысқан жігіттеріміз де оң нәтиже көрсетпеді. Денис Волотка іріктеу сатысынан өткен жоқ. Ел сенімін Алексей Полторанин да ақтамады. Ширек финалдан әрі аспады.

Сондай-ақ, қазақстандық шорт-трекші Нұрберген Жұмағазиев ерлер арасында 1000 метрлік жарыстың іріктеу кезеңінде жарыс жолынан шығып қалды. Шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы 5000 метрлік эстафетаның жартылай финалында өте сәтсіз өнер көрсетті. Екі спортшымыз өрескел қателікке бой алдырды. Тіпті, бір шорт-трекшіміз алаң жиегіндегі қоршауға соғылды. Сөйтіп, келесі кезеңге шыға алмады.

Конькимен жүгіру спортынан бәсекеге түскен отандасымыз Федор Мезенцев 28-ші орын, Денис Кузин 30-шы орын алды. Пхенчхандағы олимпиадашыларымыздан тағы да медаль күткеніміз жасырын емес. Ол фристайлдан ерлер арасында сынға түскен Дмитрий Рейхерд болатын. Алайда, ол финалдық екінші кезеңде қателіктерге бой алдырып, 58.64 ұпаймен 8-ші орынға табан тіреді.

Сонымен қатар, жарыстың осы түрінен жарыс жолына шыққан спортшымыз Павел Колмаков 76.10 ұпаймен 7-ші орынға ие болды. Осылайша, қос спортшымыз үздіктер қатарына ілікпеді. Ал, биатлоннан сынға түскен Роман Еремин жарысты 52-ші орынмен аяқтады.

Сонымен қоса, коньки спортынан әйелдер арасында 1500 метрге жүгірген жерлесіміз Екатерина Айдованың жолына да үмітпен қараған едік. Өкінішке қарай, Е.Айдова аталған қашықтықты 18-ші орында тәмамдады.

Биатлоннан ел намысын қорғаған спортшымыз Галина Вишневская 20-шы орыннан көрінді. Ол із кесу мен масс-стартты жақсы меңгергенін көрсете білді. Барлық оқ ату шебінде мінсіз өнер көрсетті. Тура осы сында сайысқа түскен екінші отандасымыз Дарья Климина 57-ші орынға жайғасты.

Олимпиада ойындарында тау шаңғысы спортынан Мария Григорова бақ сынайтын болған. Пхенчхандағы ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл сайыс түрі 15 ақпанға қалдырылды. Осылайша, қоржынымызда – қола ғана.

Айта кетейік, Кэй Сайто Жапонияның Олимпиада тарихында допингпен ұсталған алғашқы спортшы болып жұртты дүрліктірді. Жапониялық спортшы Кэй Сайто 22 ақпанда ерлер арасында 3000 метрлік эстафета бойынша қосалқы құрамда сынға түсуі тиіс болатын. Допинг дауына байланысты ол 2018 жылғы Олимпиада ойындарынан шеттетілді.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button