Спорт

Бәсі биік мереке мәреге жетті

Өткен аптада Қарағандыда Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Қарлы қыс – 2020» XXX облыстық қысқы ауыл спартакиадасы және облыс қалалары арасында «Ақ қыс – 2020» XVII қысқы спартакиадасының алауы тұтанып, жалауы желбіреген-ді. Сол бәсі биік бәсеке жұма күні өз мәресіне жетіп, спорттың бұқаралық сипат алуына едәуір үлесін қосты.

Сурет: облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі

Қатысушылар қысқы президенттік көпсайыс, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, коньки сынды спорт түрлерінен бақтарын сынады. Ойындар «Шахтер» стадионында, Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында, ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы қысқы спорт түрлері бойынша шаңғы базасында ұйымдастырылды.

Додаға қатысқандар ішінде облыстың Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Ұлытау және Шет аудандары мен Балқаш, Жезқазған, Қарағанды, Қаражал, Саран, Теміртау, Шахтинск, Сәтбаев, Приозерск қалаларының студенттері, педагогтары және басқа да мамандықтардағы әуесқой спортшылары бар.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының дене шынықтыру-бұқаралық жұмыс бөлімінің басшысы Нұрлан Әшірбек жарыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

  • Бүгін дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан спартакиада аяқталды. Жарыс екі күнге созылды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, облыстың барлық қалалары мен аудандары толық қамтылды. Жалпы үш кезеңді қоса есептегенде жарысқа 5 мыңнан аса адам қатысты. Сайысқа төрешілік еткен облыстың қысқы спорт түрлері мектептерінің жаттықтырушылары, ұлттық дәрежедегі төрешілер өз міндеттерін абыроймен атқарып шықты, – дейді Нұрлан Жақсылықұлы.

Қарағанды қаласында «Қарлы қыс» облыстық қысқы ауыл спорты мерекесі 1990 жылдан бастап, ал, облыс қалалары арасындағы «Ақ қыс» қысқы спартакиадасы 2003 жылдан бастап өткізіліп келеді.

  • Елбасы Жолдауындағы 2020 жылға дейін бұқаралық спортпен айналысатын қазақстандықтардың санын 30 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырманы орындау – біз үшін стратегиялық маңызы бар, басым бағыттағы шаруа. Спорт қоғам алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Соның ішінде маңыздысы – дене шынықтыру мен спорттық даярлыққа қолайлы мүмкіндіктер туғызу. Осы арқылы барлық жастағы адамдардың спортпен шұғылдануына, сөйтіп, өмірлерін ұзартуына жағдай жасау. Бұл – осы мақсаттарды көздеген облысымыздағы бәсі биік спорт сайысы. Барлық жүлдегерлерді жетістіктерімен шын жүректен құттықтай отырып, осы шараға атсалысқан спорт бөлімінің басшыларына зор алғыс білдіремін, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.

Жарыс қорытындысы бойынша облыс аудандары арасындағы «Қарлы қыс – 2020» спартакиадасында Абай ауданы – I орынды, Ақтоғай ауданы – II орынды, Жаңаарқа ауданы – III орынды еншіледі. Ал, қалалар арасында өткен «Ақ қыс – 2020» додасында Қарағанды қаласы топ жарды. II орынды Теміртау қаласының, III орынды Саран қаласының спортшылары иеленді.

Жүлделі орындарға ие болған командалар дипломдармен және кубоктармен марапатталды. Бағдарламаның жекелеген жеңімпаздары және жүлдегерлері тиісті деңгейдегі грамоталармен және медальдармен марапатталды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button