Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Бәсі биік Балқаш

Әуелден бойында татулық пен ынтымақтың қаны бұлқынған халқымыз егемендік үшін күресуден қажымады, қайыспады. Үш ғасыр бойы Тәуелсіздікті тағаттана күтті. Бостандығын алған бойда 1991 жылы Тәуелсіздігін төрткүл дүниеге жария етті. Еркіндік таңы атқалы табысты жылдарымыз салтанат құрды. Ішкі және сыртқы салиқалы саясатымыз, ел ішіндегі экономикамыздан бөлек, спортымыздың кеңге қанат жайғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Республика мен облысты айтпағанда, алақандай ғана Балқаш қаласынан байрағымызды көкке көтеріп, ән ұранымызды асқақ шырқатқандар баршылық. Егемен ел ретінде тұңғыш рет Олимпиада ойындарына қатысқанымызда алғаш олжа салған әуесқой бокстан Атланта олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, Балқаш қаласының Құрметті азаматы – Василий ЖИРОВ болатын.

«Баркер» алған Балқаш барысы Ол туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «1996 жылы ұлттық олимпиадалық командасы алғаш рет Атлантадағы ХХVІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, 199 ел қатысқан спорт додасында жалпы командалық есепте 22 орынды жеңіп алды. Бұл – спорт әлемінде енді ғана таныла бастаған ел үшін үлкен табыс болатын. Василий Жиров Олимпиада алтынын алып қана қоймай, отандық бокс тарихында тұңғыш рет техникалық шеберлігі ең жоғары боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын жеңіп алды», – деп сөзін мақтанышпен жеткізген еді. Десек те, Тәуелсіз елдің атын әлемге әйгілеуге Жировтың боксшы болып қалыптасуына, биік шыңдарды бағындыруына бапкері Александр Апачинскийдің сіңірген еңбегі ерен. Кеңес кезінде қанат қаққан қырандар Спорттың қандай түрі болмасын, жерлестеріміз қайсарлық пен жігерімен көзге түсіп, сан сайыста жеңіс тұғырынан көріне білді. «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ» дегендей, егер көп сырды ішке бүккен тарихты ақтарар болсақ, Балқаштан шығып спортта дара жол салған саңлақтарымыз көп.

Марат Әйнеков 1960-1962 жылдары баскетболдан халықаралық дәрежедегі ойыншы болған. Жасөспірімдер, жастар арасындағы республика біріншілігінің жеңімпазы. Санкт-Петербург қаласында Репин атындағы Көркем сурет академиясының мүсіндеу факультетінде оқып жүргенде студенттер құрамасында ойнап күміс жүлдегер атанған. Ал, волейболдан балқаштық Ирина Рейзен ХДСШ-і, АДК құрама командасының сапына 1982 жылы қабылданған. КСРО чемпионы және бірнеше мәрте жүлдегері, Әлем кубогының жеңімпазы. Желкен спортынан да жеткен жетістіктеріміз аз емес. Алексей Сесорев ХДСШ-і Республикасының 8 дүркін чемпионы. «Луч», «Лазер» желкенді қайықтармен Пәкістан регатасының (Карачи 1997 ж.) Таиландтағы Азия ойындарында «Лазер» желкенді қайығының тобы бойынша чемпион атанды. 1998 жылы Бангкок, 2004 жылы Грекияның Эгей теңізінде өткен Олимпиялық регатаға қатысқан. Бокстан ағайынды Виктор, Владимир Каримовтар 1955-1960, 1961-1965 жылдары республиканың чемпионы атанған. Қос былғары қолғап шеберлерінің жаттықтырушысы – атақты М.Хайрутдинов болған. Біздің қаламыздан шыққан алғашқы спорт шеберлері: бокстан – Давид Сандлер, самбодан – Сүйіндік Әрінов, волейболдан – Светлана Лихолетова, каноэлік есуден – Бруно Гугенгеймер, желкенді қайықтан – Михайл Демидов, жүзуден – Светлана Жукова, баскетболдан – Альбина Жексембаева, гиманастикадан – Светлана Мажаева, қазақша күрестен – Болат Данияровтың есімдерін ерекше атап өткеніміз жөн. Одақ кезінде балқаштық спортшылардың бағы мен бәсік биік тұрған екен. Олай дейтініміз сол уақыттарда КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы Екатерина Кольченконың шәкірттері – волейболдан Олимпиадалық чемпион Елена Чебукина мен КСРО чемпионы Светлана Лихолетованың ойын өрнегі аңыз болып айтылды. Сонымен қатар, баскетболдан мықты жаттықтырушылар – Анна Акопова, Федор Лазарев бар. Сонымен қоса, Ерғазы Әлімжанов, Генадий Мищенко, Күлтай Назарова, Тілеулес Бадығұлова, Тамара Петровская, Евдокия Титова, Жанат Сатыбалдина, Владимир Тургумбаев, Тілеукерей Маканалин, Нұрақым Ермағанов, Сансызбай Баймұханов, Манара Әбеубекова, Қ.Бишкенов, Орал Сатыбалдин сынды ардагерлеріміздің өмірі қаланың тарихымен бірге өрбіді. Тәуелсіздік жылы ту көтерген түлектер Ел спортшыларының сүбелі жетістігі тәуелсіздік жылдары да артпаса кеміген жоқ. Олай болса, бүгінде балқаштықтардың мақтанышына айналған мықтыларға тоқтала кетейік. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет атанғанына 30 жылында қаншама жас Балқаш қаласынан түлеп, дүбірлі спорт додаларында атойлады. Балқаш жұрты бір ғана бокспен-ақ бәсі жоғары екендігін алғаш Тәуелсіздік алған жылы танытты. Жировтың жеңісті жолы кейінгі Олимпиадаларда өз жалғасын тапты.

Бүгін де шағын шаһар бокстан жоғары деңгейін жоғалтқан жоқ. Тәжірибелі бапкер Сәбит Күлбабин, Амангелді Маканалин, Әли Жүкен біздің жасөспірімдер бокысын дамытуға үлкен үлесін қосып жатыр. Жастар арасында бокстан ҚР Жастар жарысының жеңімпазы 57 келіде – Ермек Ерасыл және бокстан ҚР Жастар жарысының жеңімпазы 48 келіде – Гүлназ Бөрібаева, жасөспірімдер арасында бокстан ҚР чемпионы Мадияр Тайпақов, сонымен қоса Аманғали Амантай, Камила Бажбенова ел намысын қорғап жүр. Әлі күнге дейін ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушылар: ауыр атлетикадан Эрос Ким, жеңіл атлетикадан Юрий Лебедев Балалар мен жасөспірімдер мектебінде, шахматтан Ерғазы Әлімжанов Оқушылар сарайында, еркін күрестен жаттықтырушы Нұрақым Ермағанов, ДСК «Металлург» стадионында басшы, футболдан жаттықтырушы Алтай Битусупов, Футбол федерациясының президенті Серікбол Бектұрғанов, дзюдодан Нұрлан Омаров, ұлттық спортқа баулып жүрген ағайынды жаттықтырушылар Ораз, Жұмағазы Мұхаметжановтар, күрестен Қасымхан Жұмабай, пауэрлифтингтен жоғары санаттағы жаттықтырушы Алексей Ногай қаладағы спорттың дамуына атсалысып жүр. Бұдан бөлек, кикбоксингтен жаттықтырушы Данияр Орал, бокстан жаттықтырушы Мирас Оспанов, еркін күрестен ҚР чемпионы Досбол Оңалдардың жеткен жетістігі бір төбе. Балқаш қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ізбасар Шәкенов қаламызда тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамытуға да жете мән беріліп отырғандығын айтады.

– Бүгінгі күн талабындағы спорт дегеніміз, ол мемлекеттің беделін де көрсетеді. Спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі орасан зор маңызын айтпағанның өзінде, жас мемлекеттің дамуына қосар үлесінің салмағы қаншалықты екенін бағамдауға болады, – дейді Балқаш қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ізбасар Шәкенов. Айта кетейік, қазақ спортының даңқының артуы, мемлекетіміздің беделінің артуына да зор ықпалын тигізіп келеді. Елімізде соңғы жылдары салынып жатқан спорттық нысандар мен ғимараттардың өзі ел спортының қарышты дамып келе жатқанына куә бола алады. Ең бастысы, кешегі күні саңлақтарымыз салған сара жолды жалғастырып, спорттағы биік жеңісін халқымен бірге тойлайтын спортшыларымыз көп болсын демекпіз.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button