Жаңалықтар

Бұлбұл құстай сайраған

Қарағандыдағы №3 музыка мектебінің оқушысы Аружан ИМАШЕВА – республикалық көркемсөз, ән-би байқауындағы «Дәстүрлі ән» аталымында І орын жеңімпазы атанды.

Аружан жүлделі оралған «Сырым бар жүрегімде…» конкурсы Алматы қаласында өтті. Сайыста «Қыр гүліндей жайнаған, Бұлбұл құстай сайраған… Жаса, жаса, жас екпін!» деп шырқаған қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор Кенен Әзірбаевтың «Жас екпін» әнін орындады. Сөйтіп, біртуар дарын иесінің әнін әуелеткен Аружан көптің қошеметіне бөленіп қайтты.

Десек те, бұл – Аружанның бірінші жеңісі емес. Жас өнерпаз бұған дейін де талай сайыстардың жүлдегері атанып үлгерген. Бір сөзбен айтқанда, замандастарынан оқ бойы озық. Аружанның ұстазы, №3 музыка мектебінің домбырамен ән салу пәнінің мұғалімі – Динар Абишкенова шәкіртінен көп үміт күтетінін айтады.

Ертеде қазақтың домбыра аспабы әрбір үйдің төрінде ілулі тұрған. Сондықтан, кез келген қазақ баласы домбырада ойнай білген. Қазақылықты бойына сіңірген, өнегелі жастардың бірі деп Аружанды айтар едім. Ол домбыра аспабын жастайынан жансерігі етіп алған. Дәстүрлі әнді жаны сүйеді. Шәкіртімнің болашақта да қасиетті домбырасын тастамай, өзімен бірге алып жүргенін қалаймын. Өйткені, сабақты өте жақсы оқиды, домбыра шертісі де әдемі. Алдымен, Аружанды қазақылыққа тәрбиелеп, қолдап келе жатқан әжесіне, ата-анасына айтар алғысым шексіз, – дейді Динар Абишкенова.

Аружан биыл №3 музыка мектебінің 5 сыныбын аяқтайды. Алдағы жоспарлары өнермен, домбырамен тікелей байланысты екенін айтады. Дәстүрлі әнді тыңдағанды қош көретін талантты оқушы, «Кенен ата әндерінде қазақтың бай рухани мәдениеті бар, әрі тыңдаушының құлақ құрышын қандырып айтады» дейді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button