Бұл — білместік пе, әлде…

Жақында ақын, сатирик, Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасының басшысы Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫНЫҢ жасы алпысқа толды. «Орталық» оған айқарма бет (24 қаңтар) арнады. Онда ол туралы азды-көпті айтылды.

Біздің айтпағымыз басқа.

Қолындағы қаламын қоғамның игілігіне жұмсаған азаматтың асқаралы алпысқа шыққанын ауыл-аймағы – Жезқазған жағы білмей де қалды. Өйткені, жергілікті билік елеп-ескермеді.

Қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова мен ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Мырзабекова ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың Құттықтау хатын, облыс әкімі Ерлан Қошановтың Құрмет грамотасын, Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаевтың Құрмет грамотасын Базарбай Әлеуханұлының кеңсесінде қолына ұстатып, міндетінен құтылды. Тіпті, ұжымды жинап, әріптестерінің алдында тапсыруды қажет деп таппады. Жергілікті билік өкілдерінің бұл әрекетін «құзырлы органдар басшыларының тапсырмасына немқұрайды көзқарасының көрінісі» деп қабылдауға да болатындай.

Ал, қалалық мәслихат хатшысы Советбек Медебаев өзінің Құрмет грамотасын «Дидар» телеарнасының қызметкерінен беріп жіберді.

Білместік пе, әлде өресінің жеткен жері осы ма? Әрине, бұдан Базекеңнің ел алдындағы беделіне нұқсан келе қоймас. Десек те, жоғарыда аты аталған шенеуніктердің марапатталушы тұлғаны «мұқатамыз» деген бұл әрекеті марапаттаушы тарапқа деген өздерінің «құрметіне» өлшем болып қалды. Қаладағы әкім-қараның абыройы артып кетпегені анық!

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»