Білім

Бүгінгі қолдаудан ертең қайтарым бар

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы және «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қолдауымен «Bilim Foundation» корпоративтік қоры «Жарқын Болашақ» бағдарламасын сәтті іске асыруда. Бағдарлама жасөспірімдерді еліміздің жетекші білім беру ұйымдарында оқытуға бағытталған.

Бағдарлама аясында білім алып жатқан грант иегерлеріне қайтарымсыз қайырымдылық көмек (оқу, шәкіртақы, жатақхана, жол шығындары) беріліп, студенттер үшін тиімді гранттар бөлінуде. Осы мақсаттағы кездесуге «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания­сының басқарма төрағасының кеңесшісі Гүлшара Наушақызы және білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Грант иегерлерімен танысқан өкілдер пікір алмасып, және өзекті сұрақтарға жауап беру арқылы тараптар арасындағы байланысты арттырып, қарым-қатынасты нығайтты.

Жиында студенттердің қатысуымен ойындар ұйымдастырылып, ол жастарға топта жұмыс істеуге, дағдыларды дамытуға және мәселені шешу қабілеттерін бағалауға мүмкіндік берді.

Бейресми әңгімелер мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген кездесуде студенттер демеушіге сұрақтар қойды. Білім мен мансаптық өсуге қатысты маңызды тақырыптарды қозғаған жастар бағдарлама мазмұнына терең үңілді.

– Қазіргі таңда Қарағандыдағы 6 білім беру ұйымдарында «Жарқын Болашақ» бағдарламасы бойынша 39 грант иегерлері білім алуда. Оларға қордың атынан толық қаржыландырған көмек көрсетіледі. Оқу орнының, жатақхананың ақысы, жолдың ақшасы мен ай сайын шәкіртақы төленіп отырады, – деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Тлеуұлы.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық ком­паниясының өкілі Гүлшара ­Наушақызы сөз алып, жас мамандардың ғылыми бастамаларына қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталды. Студенттер сұрақтарына жауап алып, жетістіктері және өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

– Халықтың бестен бір бөлігін жастар құрайды. Еліміздің болашағы Сіздердің білімге, күш-жігерлеріңізге байланысты. Жастар қашанда елдің айнасы болғандықтан, қолжетімді әрі сапалы білім беру – міндет. Осы орайда білім беруді жаңа деңгейге көтеру мақсатында жұмыстар атқарудамыз. Жастарды жұмысқа орналас­тырып, олардың кәсіпкерлігін дамытуға көмек көрсету де маңызды. Мұғалімдер болашақ мамандықты таңдауда талапкерлерге жол сілтейді, кейін маман атанғаннан кейін жұмыспен қамтуды көздейді. Егемендікті сақтайтын болашақ ұрпақ болғандықтан, біз үшін жастардың әлеуметтік жағдайы жақсарып, әлеуетінің кеңейгені – маңызды, – деді Гүлшара Наушақызы.

Студенттер жиында демеу­шілер және ұйымдастырушылар арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button