Руханият

«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!»

Бүгін төрт жылда бір келетін – 29 ақпан. Біз аса мән бермеуіміз мүмкін. Бірақ, дәп осы күні дүние дидарын ашқан жандар нағыз туған күнін тағатсыздана күтеді. Мұны 366 күнге созылатын жылдың «Кібісе күні» дейді. Бұл күні қарағандылық озат оқушы, өнерлі өрен Айару Жандос­қызы да дүниеге келген.

Сурет кейіпкердің мұрағатынан

М.Жұмабаев атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Айару Серік – оқуда озат. Сондай-ақ, бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы «Шолпан» би-ансамблінің ең үлгілі бишісі. Бала кезінен теннис ойнауға тез бейімделген бүлдіршін бос уақытында волейболды да ойнайды. Әнді де әуелете шырқайды.

– Бүгінгі күні волейбол мен теннисті доғара тұруға тура келіп тұр. Өйткені, мен Назарбаев мектебінің емтиханына дайындалудамын. Оған қоса, үйдің үлкені болғандықтан, екі бауырым мен сіңліме қарап, анашыма көмектесемін. Әкем мені мақтан тұтатынын жиі айтып, болашағыма үлкен сенім артады, – дейді туған күн иесі.

– Айару 28 ақпан күні түнгі 00:20 да дүниеге келді. Отбасымызбен көп ойланып, 28 ақпан деп жаздыруды өтініп сұрадық. Себебі, туған күнінің төрт жылда бір келетінін түсінбей, көңіліне ала ма деп ойладық. Барлық бала туған күнін асыға күтеді. Айару да ай санап, туған күнін алдын-ала жоспарлап жүреді. Қандай сыйлық күтетінін айтады. Сол себепті, біз төрт жылда бір рет қана атап өтпей, жылда түнгі 12-ден соң құттықтауды дәстүрге айналдырдық. Басында толғатқанда іштей тілеген едім, дәп осы кібісе күні дүниеге келмесе екен деп. Бірақ, Алланың қалағаны болды. Сосын өзім де аман-­есен босанған соң, қуандым. Ерекше күні дүниеге келді ғой, оның үстіне тұла бойы тұңғышымыз. Қызымыздың тағы бір ерекшелігі – солақай. Ән де айтады, би де билейді. Жұлдыз болатынына сенеміз, – дейді Айарудың анасы.

Ашық дереккөздерде «29 ақпан» жайлы қызықты деректер көп. Мәселен, Юлий Цезарь жылдың 365 күннен емес, 365 ширегімен екенін білгенде, әр төрт жыл сайын ақпан айына 1 күн қосуды ұсынған екен. Ал, Финляндия, Ирландия және Шотландияда осы күні әйел адам сүйгеніне ұсыныс жасай алатын дәстүр бар. Егер ер адам ұсынысты қабыл алмаса, қомақты айыппұл төлеуге міндетті. Әлемде бұл күнге қатысты осындай да қызықтар бар.

Астрологтар 29 ақпанда дүниеге келген адамдар таңдаулы, талантты әрі ерекше қабілетке ие екенін айтады. Егер жан-жағыңызда бүгін дүниеге келген Айару секілді жақыныңыз болса, құттықтауды ұмытпаңыз!

Олай болса, туған күн иесі Айаруды «Орталық Қазақстан» газеті де шын жүрекпен құттықтап, бар жақсылықты тілейді!

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button