Бұқардың бір толғауы хақында
Жалпы біз ұлттық рухани құндылықтар туралы ой-пікірімізді ортаға салғанда көпшілігінде көзге көрініп тұрған, айқын белгілері туралы айтамыз да, жасырын жатқан астарлы мағынасына кейде назар аудара бермейміз. Нәтижесінде шығарманың түбірі толық танылмай, талай тылсым дүниелер жұмбағының жауабы жабулы күйінде қалады. Әрине, туындының тұлғасына, құрылысына, оқиғасына, идеясына, көркемдігіне, тіліне талдау жүргізу қажет-ақ. Дегенмен, олар рухани мұраның, адамның жан-дүниесіне қаншалықты деңгейде ықпал жасайтындығын толық айқындай алмайды. Осы орайда айта кететін бір мәселе, күні бүгінге дейін ақын-жыраулардың басым бөлігі сауатсыз болған деген ұғымның санаға орнығып қалуы. Яғни, жаза білмеген адам – сауатсыз. Ақиқатында олай емес. Адамның сауаттылығы дүниетанымына байланысты айқындалу керек. Мәселен, Қарқаралы өңірінде өмір сүрген Зейнеп ақынның екі жаста шешектен көзі кеткен, хат танымаған.
Ал, мына өлең жолдарына назар аударайықшы:
Жігіттер, өнер ізде тұрма жайға,
Қаратпас ер талабы, жарлы, байға.
Әр түрлі мақсаты бар бұл дүниенің,
Хабарсыз қапы қалма келсе ыңғайға.
Осындай мағынасы маңызды өлең туғызған жиырма жастағы ақынды сауатсыз деуге бола ма? Олай болса, қазақтың би-шешендері мен ақын-жыраулары, жалпы өнер адамдары өте жоғары деңгейде сауатты болған дей келіп, олардың мұраларына терең танымның түсінігінен қараған жөн демекпіз.
Ұлы жырау Бұқар Қалқаманұлының ел ішіне кеңінен тараған:
«Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа», – деп басталатын толғауы бар. Толғау шариғат шарттарымен сабақтастырыла отырып, шығарылған дегенді нұсқап тұр. Енді, осы екі жолға ой жүгіртейік. Алғашқы жолдың тірек сөзі – тілек. Олай болса, толғау жыраудың халқына арнаған өсиеті екен. Қандай тілек болмасын, ол ниеттен туындайды. Ал, ниеттің оң-терісі пиғылға байланысты. Пиғылың түзу болса, ниетің оң. Пиғыл құбылмалы, ішкі және сыртқы әсерлердің нәтижесінде өзгеріп отырады. Оны орнықтырудың тәсілі екінші жолда берілген. Яғни, Алланы естен шығармау керек, исламдағы нұсқаған жолды ұстансаң, пиғыл-ниетің орнықты болады. Екіншіден, «Бір Алла» тіркесінің қолданылу аясында да мән бар. Бір сөзі Жаратушының жалғыздығын айқындап тұр. Негізінде дәстүрлі діндердің түбірі Жаратушының бар екендігін мақұлдаумен танылады. Исламға тән ерекшелік жалғыз деген ұғымда жатыр. Жырау Бір Алла деп дін исламды нұсқап тұр. Үшіншіден, «Ықылас» сүресінде Алланың – Біреу, еш нәрсеге мұқтаж емес, әуелі, ақыры жоқ мәңгі екендігі айтылады. Ал, бір санының сипатын ашсақ:
Бір – бар
Бір – барлық сандарды жасаушы
Бір – өзге сандар бірге тәуелді (өйткені, бір болмаса, өзге сан да болмайды)
Бір – басталуы мен аяқталуы жоқ (бес деген бірден басталып, беспен аяқталады) болып шығады. Яғни, бардың бастауы – Бір. Үндестік бар ма? Әрине, бар. Олай болса, Бір Алла тіркесінің қолданылу аясы да орынды.
Келесі иірім:
«Екінші тілек тілеңіз,
Бір шұғыл пасық залымның,
Тіліне еріп азбасқа».
Екінші қайырманың тірек сөзі – залым. Және жай залым емес, бір шұғыл пасық залым. Әрине, адам баласы қай жағынан алып қараса да, жағымды тұрғыда бола бермейді. Сондықтан, жырау осындай адамдардан сақтаныңдар дегені шығар деп топшылауға да болады. Бірақ, жалпы толғау шариғат негіздерін басшылыққа алып тұрғандықтан, мағынасына тереңірек үңілсек, басқа жайды аңғарамыз. Залым қалай суреттеліп тұр? Алдымен, ол біреу, екіншіден шұғыл, яғни оқыстан пайда болады немесе келеді, үшіншіден, пасық, яғни барлық жаманшылықты бойына жинақтаған, төртіншіден, залым, яғни жаманшылықты жүзеге асыру үшін барлық әрекеттерге барады. Әрине, ол адам емес. Ендеше кім? Ол – Ібіліс (шайтан). Жырау шайтанның азғыруынан сақтаныңдар дегенді айтып отыр.
Келесі иірім:
«Үшінші тілек тілеңіз,
Үшкілсіз көйлек кимеске».
Мұндағы тірек сөз – көйлек. Ал, көйлектің қандай қатысы бар? Сонымен қатар, ол көйлекті үшкілсіз киюге болмайды екен. Үшкіл дегеніміз не?
Қазақ халқында төрткіл дүние деген қолданыс бар. Осы тіркестің екінші нұсқасы – дүниенің төрт бұрышы. Яғни, төрткіл деген – төрт бұрыш деген мағынаны білдіреді екен, тең қабырғалы төрт бұрыш болып шығады. Осы негізден туындайтын пікір үшкіл дегеніміз тең қабырғалы үшбұрыш екен. Түсіндірме сөздіктерде де осылай көрсетілген. Ендігі мәселе, көйлек пен үшбұрыштың ара қатынасы. Көйлек бұл жолда ауыспалы мағынада қолданылып тұр. Әйтпесе, ұлы жыраудың Жаратушының бірлігін дәріптеп, шайтанның азғыруынан сақтандыра келіп, көйлекті сөз етуі қисынға келмейді. Егер әйел затына арнайы айтылған десек (етек-жеңі қысқа көйлек кимеу), үшкілсіз сөзі оқшауланып қажет болмай қалады. Біздің ойымызша көйлектің шешімі – дәулет, байлық. Енді үшкілсіз сөзінің мәнін ашып көрейік. Ғылым саласында жан-жақты зерттеле қоймаған дыбыстардың сандық мағынасы тұрғысынан келсек, үш санының дыбыстық мәні – Ж. кирилшедегі осы дыбыстың таңбалануы үш таяқшаны (Ж) біріктіруден жасалғаны сандық негізінен алынған. Ал, әбжад есебі сақталған араб әліпбиіндегі таңбалануы сүңгуір қайық тәрізді, астында бір ноқаты болады. Яғни үздіксіз жылжуды, қозғалысты білдіреді. Жаратылыста үш саны – дамудың белгісі. Бір – Жаратушы, екі – жаратылыс, үш – даму. Мәселен, ата-ана, бала. Бала дамудың көрінісі. Бұл – заңдылық. Енді тең қабырғалы үшбұрыштың әр бұрышы 450 тең болады. 45 санын өзара қоссаңыз (4+5=9) тоғыз шығады. Ол тоғыз ай, тоғыз күнді өткізіп, оныншы күні өмірге келетін адамның жаратылу мерзімі. (Каплан. Акушерство. Москва: МЛ, 1974. – c.260). Әлемге тараған адам атауы араб сөзі болғандықтан таңбаласақ әлиф, дәл, мим дыбыстарымен жазылады. Сандық мәндері: А – 1, Д – 4, М – 40. Өзара қоссақ, (1+4+40) 45 саны шығады. (Абайдың 45 қара сөзі осы негізде жазылған). Үшкілдің әр бұрышы 45-тен екен де, олар: ата-ана – бала дегенді аңғартады. Сонда жолдың мәні «Дәулетті болсаң, маңайыңды жарылқа, Қарабай тәрізді қайырсыз болма» дегенді нұсқап тұр. Мәнісі: зекет, садақа, қайырымдылық.
Келесі иірім:
«Төртінші тілек тілеңіз,
Төрде төсек тартып жатпасқа».
Мұндағы тірек сөз – төсек тарту. Қазақта «Әуелгі байлық – денсаулық» деген мақал бар. Осы нақылды басшылыққа алар болсақ, жырау төртінші тілекті ауыру-сырқауға арнаған екен деуге болады. Бірақ, біздің ойымызша, жолдың жұмбағы басқа жағдайды мегзеп тұрған сияқты. Өйткені, толғаудың төркіні шариғат шарттарына негізделсе, одан ауытқуы, ауысуы қисынға келмейді. Ендеше, төсек тарту ескертпесі таң намазын қаза қылмауды нұсқап тұр деген жөн тәрізді. Таң намазы – әр күнгі бес уақыт намаздың алғашқы бастауы. Міне, осы ойдың жалғасын:
Бесінші тілек тілеңіз,
Бес уақытты бес намаз,
Біреуі қаза қалмасқа, –
деген жолдармен жалғасады. Бұл қайырманың мәні де, маңызы да айқын көрініп тұр, талдап, талқылауға салуды қажет етпейді. Яғни, толғаудың орта шеніне келген тұста, жырау тағы да негізгі өзектің шариғат жолын аңдататындығын еске салып тұр. Әрі қарай назар салсақ:
«Алтыншы тілек тілеңіз,
Алпыс басты ақ орда,
Ардақталған аяулың,
Күнінде біреуге тегіннен,
Тегін олжа болмасқа».
Иірімнің тірек жолы – алпыс басты ақ орда. Жыраудың айтуынша, ол – әрі ардақты, әрі аяулы. Сондықтан, оның өзгеге қолды болмауын тілеу керек. Қазақта «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген нақыл бар. Алпыс – ақылдың адамзат үшін ең жоғарғы нүктесіне жететін кезеңі. Он жаста – бала ақыл, он бесте – шала ақыл, жиырмада – жынды ақыл, отызда – мінді ақыл, қырықта – құнды ақыл, елуде – сынды ақыл, алпыста – шыңды ақыл. Алпысқа келгендегі ақылың – әрі ардақтың, әрі аяулың, сондықтан ол – ақ ордаң. Сол ақылды өз еліңнің өсіп-өркендеуіне жұмса, өзгеге тегін олжа болуынан сақтан дегенді аңғартып тұр.
Келесі иірім:
«Жетінші тілек тілеңіз,
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа.»
Танымалы тұлға М.Көпеев өзінің «Қазақ шежіресі» деген еңбегінде «Жазуды білген жаңылшақ», «Оқуды білген ұмытшақ» деп қазақ оқу мен жазуға назар аудармаған дегенді айтады. Оның себебі, қазақ халқы бала тәрбиесіне айрықша мән беріп, «Болар бала басынан» деген принципті ұстанған. Бес, алты жасқа келген шағында бейімділігіне қарап, өлең шығара бастаса, ақынның, тілі шебер болса, шешеннің қасына қосып, айлап атқосшы ретінде жіберетін болған. Нәтижесінде ақыны да, батыры да, көсемі де, шешені де, білімдісі де өте-мөте жоғары деңгейде көрініп, көзге түскен. Жыраудың жетінші тілегі осы дәстүрді жоғалтпай, дамыту керектігін нұсқап тұр. Себебі, батырлыққа бейім баланы, ақындық жолға салсаңыз, онан не тәуір батыр, не жөні түзу ақын шықпайды. Бойындағы бейімділік тоқырайды, жүрегі қаламаған әрекет жұтайды.
Келесі иірім:
«Сегізінші тілек тілеңіз,
Сегіз қиыр шартарап,
Жер тұлданып тұрмасқа».
Мұнда екпін екінші жолға түсіп тұр. Шартарап жан-жақтан, қиыр шеткі деген мағыналарды береді. Ал, сегіз саны қазақ елін айнала орналасқан мемлекеттерді көрсетіп тұр. Атап айтқанда, Ресей, Шын (Қытай), Моңғол, Қырғыз, Өзбек, Түрікмен, Тәжік және Қалмақ. Сегізінші тілектің мәні көршілермен тату-тәтті бол, жауласпа, ренжіспе, жаулассаң жер тұлданады, яғни қазақ жері қайғы жамылады дегенді аңдатып тұр. Жырау көршімен тату болуды үндейді. Мұндай қағида дінде де бар. Имам Бұхари мен имам Мүсілім арқылы жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәбірейіл ғ.с. маған көршіге жақсылық істеуді өсиет еткені соншалық, мен, тіпті, көрші де мирасқорлар қатарына қосылады-ау деген ойда болдым» деген екен.
«Тоғызыншы тілек тілеңіз,
Төреңіз тақтан таймасқа.
Тоқсандағы қарт бабаң,
Топқа жаяу бармасқа».
Екпін екінші жолға түсіп тұр. Жолдағы төре сөзі ел билеушіні айтып тұрған жоқ. Жыраудың ойы тереңде жатыр. Қазақта ауызекі сөйлеу тілінде жиі айтылатын қолданыс бар. Ол «Әншінің төресі пәленше» немесе «Ақынның төресі туленше» деген тіркестер. Яғни, төре сөзі әр нәрсенің биігін көрсету үшін де пайдаланылған. Ал, жалпыға ортақ төре – тоқтық. Рухани қазынаң болса – жаның тоқ, бірлігің болса – көңілің тоқ, дәулетің болса – қарының тоқ. Яғни, тоқтық жоқтықтың елден тыс болуы. Тоғызыншы тілектің тоқтыққа тірелуі тоғыз санына байланысты. Тоғыз бір таңбалы сандардың түйіні немесе ақыл иесі адамның жаратылу мерзімі (тоғыз ай, тоғыз күн, оныншы күні өмірге келу керек). Жаратылыстың тоқтығы – адамның жаратылуы. Ал, дәстүрден, дәулеттен, тілден, ұлттық тіректен айрылсаң тоқсандағы қария топқа жаяу бармасқа шамасы қалмайды.
«Оныншы тілек тілеңіз,
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңейткен,
Тас емшегін жібіткен,
Анаң бір аңырап қалмасқа».
Қайырманың түйіні соңғы жолға түсіп тұр. Мән, мағына ашық, айқын. Имам Бұхари жеткізген хадисте Әбу Қасым (р.а.): «Мен пайғамбардан (с.ғ.с.): «Я, Расуллаһ, жақсылықты алдымен кімге істеймін?» – деп сұрағанымда, Ол (с.ғ.с.): «Анаңа!» – деді. – Одан кейін ше? – Анаңа! – Ал, одан кейін ше? – Анаңа! – Ал, одан кейін ше? – Әкеңе. Әкеңнен кейін жақындық дәрежесіне қарай туысқандарыңа». Міне, бұл исламдағы ананың құрметтелуін көрсетеді. Осы қайырмадағы тағы бір мәселе он ай тіркесі. Негізінде, ай он төрт күн толады, он төрт күн солады, барлығы 28 күн. Екі күн көрінбейді, оны өліара деп айтады, сонымен отыз күн. Жырау 28 күндік көріну мерзімін алып отыр. Яғни, он ай деп отырғаны 280 күн. Күнтізбелік есеппен алсақ 9 ай, 10 күніңізде (9х30=270+10=280) 280 күнді шығарады.
Соңғы қайырма:
«Он бірінші тілек тілеңіз,
Омырауы жұпарлы,
Иісі жұпар аңқыған,
Дауысы қудай саңқыған,
Назыменен күлдірген,
Құлқыменен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің,
Жылай да жесір қалмасқа».
Бұл – бейбітшіліктің жырмен көрсетілген шеруі. Адамзат үшін басты қағида – бейбіт өмір. «Аман ердің аты шығар». Амандық бейбітшіліктен туындайды. Қайырма – толғаудың түйіні. Ислам діні де бейбітшілікті дәріптейтін дін. Амандасу рәсіміндегі «Әссәләмуғалейкум!» деген сөздің мағынасы «Сізге бейбітшілік, тиыштық болсын» дегенді білдіреді. Жыраудың да тұжырым тілегі осы.
Сонымен:
1. Ислам – хақ дін. Сол арқылы Жаратушыңды таны.
2. Шайтанның азғыруына еріп, азғынданудан сақтан.
3. Алланың берген адал жолымен өркендеуіңді дамыт.
4. Сенімнің қақпасы – иман, тірегі – намаз. Намаздың бастауы – таң.
5. Сенімнің шыңы – намазды қаза қылмау.
6. Алланың берген ақылын елің үшін адал жолға жұмса.
7. Ұрпақ тәрбиесі – үлкеннің міндеті.
8. Көршіңмен тату бол.
9. Тоқ болсаң, уайым жоқ болады.
10. Ата-ананың баласына жасаған дұғасы қабыл болады.
11. Өмірдің тірегі – бейбітшілік.
М.Әбдуов,
филология ғылымдарының докторы,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры