Жаңалықтар

Бұқараның – Бұқары

Қазақ елінің дербес мемлекет ретінде мәңгі өмір сүруі –  Бұқардың  ғұмырлық  басты  арман-мақсаты  еді, сондықтан  да  ол татулықты, бірлікті,  ынтымақты еліне егіле айтты, халқына  қалауынша айтты, талмай шегелеп  ұғындыра айтты:

Бұл жалғанда бір жаманы,

Ағайынның аласы,– деп елдің  елдігінің, оның беріктігінің өзі отбасы, ошақ қасы, ағайын-туыстың  бірлігі,  татулығынан  басталады дегенді аңғартады.

Қазақ халқы ел  ішіндегі алауыздық,өзара  қырқысулардың салдарынан жат жұрттың  оңай  олжасына  айналып  отырды. Жан-жақтан  анталаған  қатыгез басқыншы  жау ел ішіне іріткі салып, өздеріне  жақтас  табуды  басты  мақсат  деп  білді, әрі  бағындырып алған елді  тұтасымен  құртып-жоюдың сан түрлі сұрқиялық  әрекеттеріне барды. Осыны аңғарған  Бұқар:

«Ер шұғыл залымның,

тіліне  еріп  азбасқа»,– деп,  еліне  төнер қауіп-қатерден  сақтандырады.  Одан әрі ұлт болып  ұйысқанда  ғана  қазақ өзінің «Мен» дегізерлік  қасиетін  сақтай  алатынын ұғынған ұлы  жырау  елдің бірігу идеясын  көтереді.

Жат  бойыңнан түңілсін,

Бәріңіз бір енеден  туғандай болыңыз,

Тіпті, ел бірлігіне  дінді тірек еткен  Бұқар  халқын имандылыққа шақырып, құран  қағидаларын  құрметтеуге  үндейді. Ол ғұмыр кешкен  дәуірде діни сарындағы шығармалар  насихатталып, ел арасына  тарай  бастаған  кез  бо­ла­тын.   Демек, олар  Бұқардың  поэтикалық  дү­ниесіне   әсер етпей, ізін  қалдырмай тұра  алмаған.   Бұқар да исламдық  шарттарды    азды-көпті  білгені  дау туғызбайды.

Ей, айташы, Алланы айт,

Аты жақсы Құдайды  айт,

Төрт шадияр Мұстафа,

Мұсқап ашқан ғаламды айт.

Тәңірім салса аузына,

Жан жолдасың иманды айт…

Өз халқын дін  жолын таза  ұстауға шақырып,ізгілікке, жомарттыққа үгіттей білген Бұқар жырау  ойын ұтымды жеткізу  үшін шығыс әдебиетіндегі танымал Атымтай, Наушеруан бейнелерін орынды пайдаланады.

Құдайыңа құл болсаң,

Шын жаратқан  ұл болсаң,

Құдай  тағалам өзі   берер  несіпті,

Пұсырманның баласы,

Сірә, бір кеңес  құрыңыз.

Бір ауызды болыңыз,

Қалған  елді тастаңыз.

Бөтен елмен  үйір  боп,

Іргеңізді  қоспаңыз…

Ғаділдігін Наушеруан ғаділге жеткерген,

Жомартылығы Хатымтай жомарттан

өткерген.

Шығыс  әдебиетінің  дәстүрлі  ізденістері Бұ­қардың  өлең-жырларымен байланысып жатыр. Бұдан Бұқардың шығыс  әдебиетімен  жақсы таныс болғаны аңғарылады.

Жыраудың   қазақ халқының жоңғар бас­қын­­шылығына қарсы азаттық күресіне арналған өлеңдерінде  тәуелсіздік үшін соғыстың қаһармандарына сипаттама  жасалады. Дүлей күштерге қарсы шашыранды қазақ халқын біріктірген,  тарихи мәні бар істер атқарған ерлер есімін Бұқар келешек  ұрпақ ұмытпасын,  әрдайым алғыспен еске алсын дегендей қайталап  айтып отырады. Абылайға  қарата  айтылған  өлеңнің  бірінде ол аса  көрнекті  қайраткерлеріне  зор баға береді.

…Қара керей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгембай,

Қаздауысты Қазыбек,

Шақшақ ұлы Жәнібек

Ормандай көп  орта жүз,

Содан шыққан төрт тірек,

Тұғыр болған сол еді,

Сіздей төре сұңқарға, – дейді.

Бұл ұлы  жыраудың  жүрегінен  шыққан  азаматтық сөздері еді. Өзі көзбен  көрген,  кө­ңілге  түйген   жайларды баяндай отырған жырау  жеке адамның бейнесін жасай білді. Ота­нын, елін, жерін  жаудан  ерлікпен қорғаған ерлердің бейнелерін сомдап, болашақ ұрпақ,  халқының  ерлік дәстүрін, қазақ  халқының өрлеуге беттеген, сонымен бірге сырт жаулар қаупінен құтылып болмаған аса жауапты қайталанбас кезеңінің шытырман шындығын  білдірсем  деген ой аңғарылады. Шынында,  даңқты  ұрпақты елін,  жерін сүйген  патриоттық  өршіл  рухта тәрбиелеудегі  Бұқар жырау жырларының маңызы  зор.

Еркек пен әйел қарым-қатынасын шынайы  сүйіспеншілік  сезіміне орайластырып   айт­қан әсерлі  сөзді  Бұқардан  өзге қазақ   жырау­ларынан кездестіре алмаймыз. Оның        «Тілек» деген толғауын оқып көрелік:

Он бармағы қыналы,

Омырауы жұпарлы.

Иісі  жұпар аңқыған,

Даусы   қудай саңқыған,

Назыменен күйдірген,

Құлқыменен   сүйдірген,

Ардақтап  жүрген бикешің,

Жылай  да жетім қалмасқа.

Бұл үзіндіде әйелдің  бойындағы әдемілік, сұлулық, сүйіспеншілік нышандары  махаббаттың негізгі   нысаны ретінде теріліп айтылған.  Бұл Бұқарға дейін, жыраулық  поэзияда айтыла қоймаған   жаңалық  еді. Қазақ поэзиясында, ұлы Абай  шырқау биікке   көтерген жаңа  кейіптегі махаббат  лирикасының  арғы түп  белгілерінің  кейбір өзіміз  байқаған көріністері Бұқар шығармашылығында  жатыр.

Бұқар жырау шығармаларында заман жайында түйгендері, мораль,  этика хақындағы ой-толғаныстары әлем,  болмыс, тіршілік, табиғат сырының мән-мағынасы,  адам өмірінің әр кезеңі, олардың іс-әрекеттері,  адамгершілік қасиеттері келелі сөз болады.  Бұқар жыраудың заман, болмыс жайындағы терең ой түйген болжау,  толғаулары шығармашылығында ерекше орын алады. Болжау, толғауларынан бізге мәлімі Асанқайғының «Мұнан соң қилы-қилы заман болар» деген өлеңінің   мәнін шешкен «Ханға жауап айтпасаң», сонымен қатар «Он екі айда жаз келер», «Абылай ханның қасында» деп аталатын бір топ жырлары ғана. Бұл шығармаларының алғашқысында ол заман, дәуір, болашақ  туралы түйген ойларын Асанқайғы жұмбағын шешу үстінде өзінің сонымен  іштей  үндесетіндігін  де бүкпесіз білдіріп, баяндайды.

Судан қашып қарағай,

Шөлге біткен бір дарақ.

Шортан көлге шыдамсыз,

Балықтан шыққан бір қарақ.

Ойлама шортан ұшпас деп,

Қарағанға шықпас деп.

Ұлы  жырау  адамзат дамуында талай-талай кезеңдер де кездесетін қилы-қилы заман жайында болжау сыр ашып отыр. Өз дәуірінде өмір сүрген ұрпақ қобалжымасын дегендей ішке түйген сырын ашпауға, Абылай хан қоймай тілек еткен соң «Ханның көңілі қайтады»  деп айтуын айтса да, «Қандыра жауап сөйлесем, халқым не деп айтады?» деп бір жағынан  толқығаны  да байқалады. Десе де,  Асан қайғының «Мұнан соң қилы-қилы заман болар» деген  өлеңінің астарын, мәнін ашып, жырлап береді. «Ойлама шортан ұшпас деп, қарағайға шықпас» деп Бұқар да сөздің мәнін астарлап шешіп отыр. Яғни, шортан  шөлге шыдамсыз болса,  қарағай судан қашса бір кезде өмір,  болмыс,  табиғат, тіршіліктегі жайлар соған керағар болатын да кездер болады  деп  топшылайды. Жырау  болжауларының  талай заман өткен соң көп жағдайларда бүгінгі өмірдің өзінде көрініс беруі, Бұқардың керемет  көреген,  алысты болжай  білген данышпандығын көрсетеді.

Адами қасиеттердің әлсірей бастауы кереғар көзқарастардың, қайшылықтардың көбеюі, табиғатқа деген «жабайы» жанашыр­лық сезім,  болмысты қоршаған сыртқы дүниенің – адамның, тіршіліктің өзіне қауіп төндіріп,  қасірет әкеле бастады. Осындай тұста өлең­дерінің,  жалпы адамзаттық мәселелерді қоз­ғаған, оған алдын-ала барлау жасаған көреген ойлары дәл бүгінгі күні де ескерту жасап отырғандай әсер қалдырады. Міне,  бұл Бұқар ойларының, Бұқар туындыларының мәнін, маңызын жоймайтындығын  көрсетеді.

Енді болмысқа,табиғатқа байланысты мына бір өлең жолдарынан үзінді келтіріп көре­лік:

Айналасын  жер тұтқан

Айды батпас демеңіз.

Айнала ішсе азайып,

Көл суалмас демеңіз…

Философиялық  оймен суарылған осы  бір жолдар мәңгілік  ештеңе жоқ деген ойды аң­ғартады. Артына өлмес мұра қалдырған Бұқар жыраудың рухани құнарсыз, тақыр әлемде жаратылмағаны сөзсіз. Ол бай ауыз әдебиетінен, өзінен бұрын жасаған  ақын-жыраулар мұрасынан еркін сусындады. Асанқайғы, Шалкиіз, Жиенбет, Қазтуған сияқты жыраулардан басталған  дәстүрлі поэзияны тақырып,  әрі  түр жағынан байытып, жыраудың өзінен кейінгі жыраулық, ақындық дәстүрдің дамуына да тигізген әсері мол екендігін байқаймыз. Әсіресе,  ол  Абай,  қазақ  жазба  әдебиеті  мен  Бұқар арасын байланыстырып  тұрған  ірі тұлғалар Дулат,  Шортанбай  мұраларынан  анық сезіледі. Бұқар  туындыларымен  бұл ақын – жыраулардың  шығармашылығы аралас,  көзқарастары   жағынан  үндес  жатыр.   Бұқар өлеңдерінен сусындап өскен Дулат, Мұрат,  Шортанбайлар  жерін, суын алып,  бекініс салдырып жатқан пат­шалық Россияның түпкі мақсатына қарсылық үні ретінде өздерінің  жыр – толғауларын  шығарды.

ХVІІІ ғасырдағы  қазақ әдебиетіндегі ірі тұлға – Бұқар жырау Қалқаманұлының маңызын еш уақытта жоймайтын туындыларын, әсіресе, оның әлеуметтік астармен суарылған  өлеңдерінің  маңыздылығын бағалап, рухани игілігімізге жаратуда осы уақытқа дейін қандай жұмыстар жасадық, оның деңгейі мен дәрежесі қандай? Бұл да Бұқар жырау мұрасын игеруде үлкен  маңыз  атқарары  сөзсіз. Бұқар  жырау  мұрасының жиналуы, зерттелуі толық аяқталып, біте қойды деу қиын. Оған Пекин архивінен табылып,  «Ана тілі» газетінің 1990 жылдың 12-19 шілдесіндегі екі санында жазушы, этнограф – ғалым Ақселеу Сейдімбековтің  алғы  сөзімен жарияланған  Бұқар жыраудың 940 жолдық 36 толғауы толық дәлел бола алады.

Сол сияқты  Бұқардың  өлеңдері  деп келген  мұраның кейбіріне әлі күнге дейін  күдіктене  қараушылық бар. Тіпті,  оның  өлеңі емес деген пікірлер де әлі күнге дейін   кездеседі. Мұның  өзі жырау өлеңдерін тереңірек тануға белгілі бір дәрежеде кері әсерін де тигізбей қоймайды. Осындай Бұқар жырау  өлеңдері  жөніндегі әрқилы дау тудырарлық пікірлердің тууы Бұқар өлеңдеріне  әлі күнге дейін текстологиялық жұмыстың жасалмауынан болып отырғандығын   көрсетеді.

Бұқар жырау Қалқаманұлының өлеңдері, аудармасы 1978 жылы «Поэты Казахстана», 1987 жылы «Поэзия-жырау» кітаптарында орыс тілінде басылып шықты. Сол сияқты Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» деп аталатын  монографиялық  еңбегі (Бұқар жырау  шығармашылығына арналған кітаптың арнайы тарауы бар) орыс тіліне аударылып ба  сылды. Сөйтіп, Бұқар  жырау мұрасын  басқа халықтар да кеңінен тани бастады.

Бүгінгі уақыт  өткен  дәуір әдебиетінің  кейбір  тұстарын  қайта екшеуге, рухани  мұраларымызды тереңдей, жан-жақты, әр қырынан  әділ бағалай түсуге   мүмкіндік  беріп  отыр. Ғылымда  тоқтау  болмайды, ізденістер үнемі  жүріп  жатады. Сондықтан,  Бұқар  мұрасын  тың   деректермен  толықтырып,  заманауи сұранысқа  лайық  еңбектер  жазылып, қолға  тисе   дұрыс болар еді. Бұл бір игілікті іс Бұқар туындыларының мәңгілігін  ұрпаққа  жете  таныта  түсудегі   қадамдардың   бірі  болатындығында  дау жоқ.

Мейіржан ТАПАШЕВ,

филология ғылымдарының 

кандидаты, Қарағанды  экономикалық 

университетінің   доценті.

Бекәділ  СЕМҚҰЛ, 

әдебиетші-журналист.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button