Жаңалықтар

Бұқар жырындағы бүгінгі тұрпат

   «Абайдың өзге ақындармен сөз жарыстыруынан» оқығаным бар-тын. «Ханым – сен, қарашың – мен, басыбайлы, Ханы жақсы болса, қарашысы жасымайды. Жаманға жақсы қолы ұжымақтай, Әлханжан, бері таста насыбайды» дегенін. Мұны еске түсірген – ғұлама Мағауиннің бертіндегі бір жазбасы. «Қараша халық емес, дұрысы қарашы» деп еді. Кеше қарасам, Бұқар жырауда да жүр «қарашы» деп. Абайды түсінбеген қазақ Бұқарды оқып жарыта ма?!

Абай Бұқар туралы айтқанда, заман беті басқа арнаға ауса да, қазақтың қыр соңынан қалмай келе жатқан ескі әдетті нұсқаса керек-ті. «Сауып ішер сүті жоқ, Мініп көрер күші жоқ, Ақша деген мал шықты» (Шортанбай) деп жатсынғаннан гөрі, соның тілін таппасаң, осылай таз қалпыңда далада қаласың дегені, бәлкім. Хакімнің бұл өлеңі – жалпы ақындыққа қойылған талап. «Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап» немесе «Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап» дегеніне қарағанда. Әйтпесе, хан мен қарашының арасында әділетті ту етіп, қайрылмай тұрып алған жырауың осы «Көмекей әулиенің» өзі еді.

Бұқар жырауды оқысаң, көз алдыңа хан мен қарашы һәм бүгінгі дүдәмал дүние елес береді. «Көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресінің» (Абай) бірі кездеспейді. Сол кездегі мемлекеттік, ұлттық сана мен бұқараның халі, болашақты болжап, алысты көру бар. «Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналған ақылман не айтса да, елдікті, тұтастықты жырлағанын байқау қиын емес. Солай болғасын, хан кеңесшісі сайланбай қалсын ба?

Хакім Абайдың жоғарыдағы өлеңге қойған талабы бүгінде орындалса қайда? Осы күнге дейін Астананы жырламаған ақын кем де кем. Бірақ, Бұқардың «Бағаналы орда – басты орда, Байсал орда қонған жұрт» толғауларынан асырып айт­қаны жоқ. Бағзы заманда өмір сүрген бабамыздың жыр-толғауларында айтылған ойлар бүгінгі Қазақстанның іргетасы болып қаланып жатқандай көрінеді кейде. Жыл басында Астананың 20 жылдығына орай материал ұйымдастырғанда, осы

«Бағаналы орда, басты орда –

Байсал орда қонған жұрт.

Қара түлкі – қармалжық

Қас сыпайы киген жұрт.

Ақсары атан аспалап,

Ел жайлауға шыққан жұрт.

Хақтың жолын күзетпей,

Жамандықты ұққан жұрт.

Бас, аяғың бай болып,

Бәсеке дәурен сүрген жұрт…» деп басталатын толғаудан асқан келісті сөз таппай қалдық. Тәуелсіз ел астанасының образы осында тұр. Бүгінгі Астана кейпі бұрынғы дәуірде, Бұқардың тілінде сомдалып қойған. Сенбесеңіз, толғаудың толық нұсқасын мұқият оқыңыз. Өне бойында «мал үшін тілін безеген» қылуадай сөз жоқ, тек астаналы мемлекетті сипаттаған асқақ рух қана тұр. Тіпті, «Көп жылдарға бек сақтап, Есен де есен болған құтты жұрт» деп бүгінге жеткен қазақтың қилы тағдырын да сипаттап кеткендей екен. «Мамырасып ел болып, Байсалды жайлау табылды. Көлдей қамқа төсеніп, Көрікті ханым түскен жұрт. Ханым берген қамқа тон, Жырау киіп кеткен жұрт» деп бейбітшілік пен келісімді, татулық пен жарастықты да келістіре жырлайды.

Әсіресе, бүгінгі күнмен астасатын – «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек» толғауы.

«Байлар ұғлы шоралар

Бас қосыпты десін де!

Маң-маң басып жүріңіз

Байсалды үйге түсіңіз.

Айнала алмай ат өлсін,

Айыра алмай жат өлсін,

Жат бойынан түңілсін,

Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз» дегені Абайдың «Біріңді – қазақ, бірін – дос, көрмесең істің бәрі – бос» идеясымен астасады. Бейбітшілік пен татулыққа үндеген Бұқардың бұл ойы бүгінгі Ассамблеяның түпқазығындай! Осыны ол баста аңдап, жүзеге асырған Елбасының көрегендігі өз алдына бөлек әңгіме. Жоғарыда жырау өсиеттері бүгінгі Қазақстанның іргетасы болып қаланып жатқандай деуіміздің бір ұшы осында.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button