АймақҚарағанды

Бұқар жырау ауданында 18 денсаулық сақтау нысаны салынады

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша Бұқар жырау ауданында 18 денсаулық сақтау нысаны – 10 фельдшерлік-акушерлік пункт, төрт дәрігерлік амбулатория және төрт медициналық пункт салынады.

Ақбел, Ақтөбе, Байқадам, Белағаш, Қарақұдық, Құрылыс, Новоузенка, Сарыарқа (Заречное), Сарытөбе, Тұзды ауылдарында жаңа ФАПтар пайда болады. Дәрігерлік амбулаториялар Гагаринское, Самарқанд, Тоғызқұдық және Центральное ауылдарында салынады. Медициналық пункттер – Ақора, Красная Нива, Ынтымақ және Тасаулда. Жаңа нысандар медициналық пункттер мен ФАП-қа бейімделген үй-жайларды ауыстырады, деп атап өтті Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғали Өңірлік коммуникациялар қызметінің платформасында өткен брифингте.

– Сондай-ақ, ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы бойынша Ростовка ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен Мұстафин кентінің ауруханасын күрделі жөндеу жоспарланған. Білім беру саласында Доскөй, Үштөбе ауылдарында және Нұра станциясында әрқайсысы 300 орындық үш жайлы мектеп салу жоспарланған. Облыстық бюджет есебінен Новостройка ауылында 150 орындық мектеп құрылысы аяқталады. “Ауыл – Ел бесігі” жобасы аясында Гагаринское ауылындағы мектепке қосымша құрылыс жалғасады, – дейді Абылай Сұлтанғали. 

Ботақара кентіндегі Ю.Гагарин атындағы мектеп пен “Балдәурен” балабақшасын күрделі жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар, Ақоре, Ақжар, Березняки және Красная Нива ауылдарының мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Мектептерді материалдық-техникалық жарақтандыру да жаңартылады. Жаңа модификациядағы 11 кабинет – химия, биология, физика, робототехника және STEM зертханаларын сатып алу жоспарланған.

– Ауылдық елді мекендердің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге де көңіл бөлінеді. Биыл Ақжар, Астаховка, Трудовое, Доскей және Қушоқы ауылдарында су құбыры желілерін салу және реконструкциялау жұмыстарын аяқтаймыз. Халық саны 200-ден аз ауданның жеті ауылында суды блок-модульдік тазарту кешендерін орнатамыз, – дейді аудан әкімі.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button