Қарағанды

Қазынаны қорғау – қасиетті борыш

Ұлы дала төсінде жайқалған әсем табиғат – ұлттың киелі қазынасы, баға жетпес байлығы. Қазақтың «Бір тал кессең, он тал ек», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген өсиет сөздері табиғатты қорғаудың терең пәлсапасын түсіндірген. Жер аяғы кеңіп, бәйшешек гүлдеген шақтан бастап, жадыраған жаз мезгілінде де табиғатты тосын қатерден қорғау мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

Жалпы, орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Ақтоғай шаруашылығы мекемесінің Қызыларай орманшылығына 25116 гектар орман қоры бекітілген. Оның ішінде, ерекше қорғалатын таулы орман 18172 гектарды алып жатыр.

Орман шаруашылығының жұмысында өрт қауіпсіздігі – бірінші кезектегі мәселе. Осы ретте, аудандағы әрбір орманшы өрт сөндіруге арналған құралдар әзірлеп қойды. Бүгінгі күні Қызыларай орман шаруашылығында орманды күтіп-баптау жұмыстарының сапасы артып, тұқымбақтар іске қосылды. Заңсыз ағаш кесу, орман заңдылығын бұзу әрекеттері азайды. Қоқыстарды қадағалаусыз қалдыру, табиғат аясында демалушылар, аңшылар мен малшылардың жаққан оттарын сөндірмей кетулерінен дала өртінің шығуына себеп болатын жағдайларға ескерту жасалды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін, орман заңдылықтарын сақтау, жануарлар әлемін қорғау жөніндегі тақырыптарға бильбордтардан жасалған үгіт белгілері орнатылды. Ормандар маңайына өрт тоқтату тұрақтары жасалды.

Алайда, бұл қауіпсіздік шараларын орман-тоғайлы жерлер маңында демалушылар ескере бермейді. Орман, дала өрттерінің көбісі әсем табиғат аясында демалғысы келетін адамдардың әрекетінен және шөп шабу науқаны кезіндегі техника иелерінің жауапсыздығынан орын алады. Оның үстіне орман-тоғайларда өткен жылғы шөптер қурап, ауа райы ысып, өрт қауіптілігі орын алып жатады. Жеке шаруа қожалықтары көктемгі егіндіктің орнын дайындап, мал жайылымын тазартамыз деп, өткен жылдан қалған шөптерді өртейді. Осындай әрекеттерден орман өрті өршуі мүмкін екенін ескертіп өткен жөн. Әр азамат мұндай ескертулерге байыппен қарап, халық байлығы орманды тілсіз жау өрттен қорғауға, аман сақтауға ықпал етуі қажет.

Адамзаттың баға жетпес байлығы – табиғатты қорғау, оны сақтап қалу, келер ұрпағымызға жеткізу – бір мекеменің жұмысы емес, барлық азаматтардың міндеті. Сондықтан, тілсіз жаумен күресте барлық адам жауапкершілікті сезінсе, қоршаған орта қалыпты жағдайда болады. Осыған бәріміз бірдей атсалысуымыз керек. Табиғатты өрттен қорғайық.

Дәулет БАЛТАБАЕВ, Қызыларай орманшылығының орманшысы.

АҚТОҒАЙ ауданы.

 

Басқа материалдар

Back to top button