Қазыбек бидің шапаны – Қарағанды төрінде
Бейсенбі күні облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына арналған «Атадан қалған асыл мұра» тақырыбындағы ҚР Ұлттық мұражайы қорының көрмесі өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған келелі шараға біз де ат шалдырған едік. Сондағы қуанарлық жайт – қазақ мемлекетінің іргесін нығайтып, елдігін бекем еткен Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың шапаны жеткізіліпті.
Шараға шақырылғандар қатарында облыс әкімі аппаратының қызметкерлері, облыстық басқармалар мен мекеме басшылары, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар, қоғам және БАҚ өкілдері болды.
– Құрметті қарағандылықтар және қала меймандары! Еліміздің тәуелсіздік жылдары Қазақстанда бірқатар ірі бағдарламалардың қабылданғанын және жүзеге асырылғанын атап өту керек. 2004 жылдан бастап Қазақстан аумағындағы тарихи және мәдени ескерткіштер мен нысандарды қалпына келтіруге бағытталған «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асырылды. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы қабылданды. Бұл – еліміздің төл тарихына арналған әлемнің ең беделді архивтерінен құжаттарды жүйелі жинауға және зерттеуге мүмкіндік берді. Ал, Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – мәдениетіміз бен тарихымызға одан сайын тереңдей түсуге жол ашты. Сондықтан, сіздердің назарларыңызға ұсынылатын бүгінгі көрме жәдігерлері – тарих пен мәдениет жаңғыруының жарқын көрінісі болады деп сенемін, – деді облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев.
Көрмеде біздің заманымызға дейінгі V-III ғасырлардағы қазіргі Алматы облысы, Есік қорғанынан алғаш табылған бүгінгі ел егемендігінің символы – Алтын Адам, коллекция жиюшы Азат Әкімбековтің XVIII-XIX ғасырлардағы жауынгер қару-жарақтары, белдік пен еліміздің әр өңірінен табылған XIX-XX ғасырлардағы ат әбзелдері көрсетілді. Бұдан өзге, суретшілер Т.Тоғызбаевтың «Төле би», «Қазыбек би» және «Әйтеке би» триптихтері, А.Сыдыхановтың «Қарасай ұраны», А.Дүзелхановтың «Алтын Адам», Е.Төлепбайдың «Аңырақай» монументалды және сәндік көрме суреттерінің эскиздері, М.Калимовтың «Абылай хан» портреті ұсынылды.
Ал, көрме залының қақ ортасында Қазыбек бидің шапаны қойылыпты. Бұған дейін газетімізде жазғанымыздай, баба шапанын Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылының тұрғыны, ұлы бабамыздың алтыншы ұрпағы Алтын Қожахметов тапсырған еді. Кеңес өкіметі дәуірінде ұзақ жылдар жасырын сақталған жәдігерді қалпына келтіру үшін Тұрсынгүл Жайлаубаева екі жыл уақытын сарпеткен болатын. Нәтижесінде, үш жүз жылдық тарихы бар шапан күні кеше ғана тігілгендей түрленіп шыға келіпті. Бұған – өздеріңіз де көз жеткізулеріңізге болады. Себебі, аталған көрме 21 қазанға дейін, яғни, бір ай көлемінде жұмыс жасайтын болады.
Рауан ҚАБИДОЛДИН