Ажары кірген аялдама

Бүгінде Балқаш қаласында аялдамалар ретке келтіріліп жатыр. Айтулы аялдамалар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Отыз жылдыққа – отыз аялдама» акциясы аясында безендірілуде.

Жаңадан жасанған автобус аялдамасынан қала тұрғындары қазақтың тұңғыш ғалымы, тарихшы, этнограф, картограф, фольклоршы, саяхатшы, ағартушы және шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың жарқын өмірі және қызметімен таныса алады. Шоқан Уәлихановтың өмірі және өршіл, рухты қанатты сөздері өскелең ұрпақты батылдыққа, елге, жерге деген сүйіспеншілікке, қайсарлыққа, адамгершілікке, білімділікке, азаматтыққа, парасаттылыққа тәрбиелейді. Сонымен қатар, ақпараттық банерде Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының, профессор Н.Веселовскийдің, ғалым Г.Потаниннің қазақтың тұңғыш ғалымына берген керемет пікірлері ұсынылған. Балқаш қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ұлпан Сапарғалидың айтуынша, қалалық Ардагерлер кеңесі аялдаманың сыртқы келбетін өзгертуде демеушілік көрсетті. Жақын арада қаламыздың тағы да бірқатар аялдамалары тақырыптық-мазмұндық түрде безендірілетін көрінеді.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ қаласы.