Қаздауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жыл толуына арналған мерейтойға қатысушыларға!
Қадірлі ағайын!
Қазақ халқының үш биінің бірі – Қаздауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Қаздауысты Қазыбек бабамыз – ұлтымыздың тарихында алтын әріппен жазылып қалған қайраткер тұлға. Қазақ хандығы дербес шаңырақ көтеріп, іргесін бекіте бастаған тұста әз Тәуке ханның үш биінің бірі болған бабамыз өзінің әділ де көреген қасиетімен ел аузында аңызға айналды.
Қаздауысты Қазыбек бидің:
«Қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай
жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзасына жылқының қылын
таққан елміз»,
– деп келетін данагөй толғамы халқымыздың болмысы мен табиғатын, ерлігі мен кеңдігін көрсетеді.
Бүгінгі тәуелсіз, бейбіт, өркендеген Қазақстан сол ата-бабаларымыздың аманатына, арман-аңсарына қол жеткізді. Осының бәрі халқымыздың береке-бірлігінің, ынтымағының арқасы.
Біз өткенімізді қастерлей, бүгінімізді қадірлей отырып, болашаққа үміт қолын созған елміз. Осы орайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырып, соның аясында тарихымызды, мәдениетімізді, ұлттық жадымызды жаңғыртып, жаңартып жатырмыз. Бүгінгі мерейтой – соның айқын бір дәлелі.
Баршамызды бабамыздың аруағы қолдасын!
Қазақстан Республикасының Президенті
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
18.08.2017 Астана Ақорда.