Руханият

Азаттықтың жаршысы Алаш ұлы

«Тұранды мақтамаймын тіпті текке, онысыз да Тұран мәлім талай шетке» дегенде Мағжан сөзінің бір ұшын Ұлықбекке жалғайды ғой. Самарқандта обсерватория ашқан Ұлықбек атақты ақсақ Темірдің немересі екенін кейін білдік. Кей аңыздарда Темірге сайыпқыран сөзі тіркеледі. Өмірі бір сызықтың бойында түйіспейтін жұлдыздар бір нүктенің бойында тоғысқанын «саһибхиран» дейді де, сонда дүниеге келген тұлғаны сайыпқыран (саһибхиран) десетін көрінеді. Ақыры, немересі Ұлықбек астроном болды. Ұлықбек аспан-көкпен жерде отырып тілдессе, Тұран даласында исі түркіден тұңғыш ғарышқа ұшқан Тоқтар ӘУБӘКІР аспаннан келген соң Алаш жұртының азаттық алғаны да – жоғарыдағы жұлдыздардың тоғысқанындай кездейсоқ құбылыс болмаса керек.

Иә, «құланның қасуына мылтықтың басуы» демей ме қазақ? Бұрын бодандықтың, бағынышты болудың не екенін білмеген қазақ емес пе? Екі көзі екі ғасыр қарауытып барып 1990 жылдың басында қайта ашылды. Биыл егемен ел аталғанымызға, бұйырса санаулы айлардан соң 30 жыл толмақшы. Тұңғыш қазақтың ғарышқа ұшқанына да сонша жыл айналады. Әуелі Алаштың алтын айдарлы бір ұлын аспан әлеміне қонақтатып алып барып азаттықты берген Алланың ұлы емеурінін көрмейсіз бе?! Әуелде Тәңірі деп Көкке табынған түркілер үшін аспан қашан да азаттықтың белгісі. Түркіден тамыр тартатын қазақ үшін де солай. Тіпті, біздің мемлекеттік туымыздың өзінде тұр ол! Көк аспандағы Күн астында қалықтаған қыран бейнесі! Еркіндіктің философиясын одан артық бейнелеуге бола ма, білмеймін?! Батыр Тоқтардың образын байрағымыз, байрағымыздың табиғатын батыр ұлдың айға ұшқаны толық ашып тұрған жоқ па? Себебі бұл жалғыз Тоқаңның ғана емес, исі қазақтың ғарышқа ұшқаны болып саналады. 1420 жылдары түркінің бір перзенті Ұлықбек обсерватория ашып, аспан-көкпен тілдесіп, әлемдік астрономияда біраз жаңалық ашса, 1991 жылдың 2 қазанында тұңғыш қазақ аспан әлемінен жерге көз тікті. Қазақ тәуелсіздігін сонан соң бір жарым ай уақыт өткенде барып жариялады. Алаш сөйтіп бір сүйінді. Елдің көзі жарып, көңілі қуанды. Батыры айлы аспанға қонып жатқанда, еңсесі тіктеліп, мерейі өспесін бе? Мұнша қуанышты қиған Құдайға мың да бір шүкіршілік айтқан халықтың сол кездегі күйін тап басып айту қиын-ау. Оған дейін Кеңес одағының батыры атанып, Гиннестің рекордтар кітабына еніп үлгерген Тоқтар Әубәкірдің өзі айта алмайды ғой, халықтың ықыласын. Сонда өкіндім дейді батыр. Мұның алдында бір емес, екі мәрте ұшуға ұсыныс жасағанда, қабыл алмағанына өкінген. Артында ұлтының осыншама қалауы тұрғанын біле қоймаған және жүрексінгендіктен емес, сынақшы-ұшқыш тәжірибесін шегіне жеткізу мұраты тұрған ойында. Шын батырдың туабітті қасиеті – бұл. «Бір істі бастама, бастасаң, аяқсыз тастама» деген адамзаттық тәмсілді төркіндейді. Ал, жер бетіндегі батыр атаулы адамзаттық серттен аттаса – өлгені. Қазір көзі тіріде Тоқаңдай ардақталатын батырдың жоқтығы сондықтан шығар.

Қарқаралыда туып, Теміртаудан түлеген Тоқтар ағамыз Ресейден тоқсаныншы жылы елге келгенде, сынақшы-ұшқыш алуы тиіс бар биікті бағындырып келген екен. Одақтың батыр атағы, әлемдік рекордтар кітабы, «ең үздік сынақшы-ұшқыш» мәртебесі, тағысын тағы. Сондағы ержүректікпен орындаған тапсырмаларын ежіктеп оқыған адамның жаны түршікпей қоймайды. Жалғызақ Гиннестің рекордтар кітабына кірген ерлігін атаса жеткілікті. “Тбилиси” крейсерінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеруді әлем бақылауында ұстаған көрінеді. «Совет ұшағы лып етіп көтеріле ала ма, жоқ, бұрқ етіп жоқ бола ма?» деп. Бүкіл дүние жүзінің мамандары бағып отырған. Тоқаңа крейсердің қып-қысқа ұшаңқайынан МИГ-29 ұшағын лып еткізіп көкке көтеру міндет болған. Жаңа әдістің ерекшелігі сонда: ұшақ құдды трамплиннен түскендей төмен лықсып келіп, дүр етіп ұша жөнелген кептердей тез көтеріліп кетуі керек. Барлық мәселені секундтар ғана шешеді. Ұшақтың моторына байланысты. Сәл іркіліс болса, бітті: ұшақ судың астына кіріп кетеді. А деп ауыз ашқанша құйрығы қайқаң етіп зеңгір көктен көрінетін дыбыстан жылдам ұшқыр ұшақты сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкір сонда зыр-р еткізіп көтеріп әкеткен. Асқан дәлдікпен аядай жерге ұшақты қайта қондырғаны да ерлікке пара-пар. Авиация тарихында мұндай әдісті сол кезде алғаш сынақтан өткізген Тоқтар ағаның бұл ерлігі Гиннестің рекордтар кітабына енді. 1989 жылдың 1 қарашасында.

Осы тақілеттес 50 сынақты сәтті өткерген Тоқаң тұрғанда, Елбасының таңдауы басқа кімге түссін?! Оның үстіне бұл жолғысы ұсыныс емес, тағдыршешті таңдау. Сыртынан батыр Тоқтар ұшады деп шешіліп қойған. Ғарышқа ұшатынын Тоқаң тауда шаңғы теуіп жүріп естігенін айтады. «Қыранның қырандығы тауда ғана» (Мұқағали) болса, басқа қайда жүріп естігені жарасымды? Үйде отырып естіді десе, сенбес те едік. «Менің жеке өміріме қол сұққандары қалай?» деп тұрғанда, «Таңертең Президент Назарбаевтың қабылдауына келіңіз» деген хабарды және алады батыр.

Елбасы «бұл ұшу сен үшін, я болмаса мен үшін қажет емес, біздің қазақ халқы үшін керек. Байқоңырдан осынау отыз жыл ішінде ғарышқа кімдер ұшпады? Содан бері халқымыз «Біздің қазақтан ғарышкер қашан шығады?» деп армандап келеді. Осы қазір ұшуға тиіссің» – дейді Елбасы. Батыр болса, елі үшін өлімнен тайынған емес-ті. Сынақшы-ұшқыштың өмірі онсыз да қыл үстінде жүретін. Осы күнге дейін ғарышкерлердің үш-төртеуі ғана қаза тапса, жылына он шақты сынақшыұшқыш жазым болатынын айтса да жеткілікті.

Тоқаң сөйтіп, 1991 жылы 2-10 қазан аралығында бір апта бойы «Мир» ғарыш орбиталық стансасында жұмыс істеп, Жерге оралды.

Көкке сапарын ғарышкер былай деп еске алады:

«Ғарышкерлердің арасында жазылмаған мынадай заң бар. Ғарыш кемесі көтерілер сәтте «Поехали!» деп айту керек. Ол сөз Юрий Гагариннен қалған. Бірақ, мен осы дәстүрді бұзып: «Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!», – дедім. Қазақша айтқан ол сөздерім таспада бар».

Мен сенемін!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button