Жаңалықтар

Азаттықтың алтын айбары

Шет мемлекеттермен шектесе қоймайтын Қарағанды облысында шекаралық бақылау қызметі бар десе сенер ме едіңіз?! Ендеше, сенбесеңіз сеніп, білмесеңіз, біліп жүріңіз. Облыс орталығындағы халықаралық «Сарыарқа» әуежайында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты №2014 әскери бөлімінің «Қарағанды» шекаралық бақылау бөлімшесі орналасқан. Өткен жексенбіде ел шекарасының тұтастығын көзінің қарашығындай қорғап тұрған бұл мамандық иелері Қазақстан Республикасы Шекара әскерінің құрылғанына 27 жыл толуын атап өтті.

Осыдан 27 жыл бұрын – 1992 жылғы 18 тамызда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен КСРО-ның «Шығыс» шекаралық округінің базасында Шекара әскері құрылған болатын. Кейін, 1995 жылы ол Шекараны күзету жөніндегі мемлекеттік комитет болып өзгерсе, 1997 жылдан бастап Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарындағы Мемлекеттік шекара күзетінің күштері ретінде түрленді. Арада екі жыл өткен соң шекара қызметінің жұмыс ауқымы ұлғайғаны ескеріліп, Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шекарашылар Қарулы Күштер қатарынан алынып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарамағына берілген болатын.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті сапында тұрған ел қорғандары есірткі трафигіне, экстремизм мен терроризмге қарсы күрестерге мамандандырылған. Бүгінде мемлекетіміздің шекарасы толық күзетке алынған. Оның жалпы ұзындығы 15132 шақырымға жетіп отыр. Тәуелсіздік жылдарынан бері өткізу бекеттері саны мен жолаушылар ағыны да артып келеді. Бұл ретте, құрлық, әуе, теңіз шекараларымен қатар, халықаралық әуежай шекаралары барын да алға тарту қажет. Соның бірі һәм бірегейі – «Астана» шекаралық бақылау жасағына қарасты осы «Қарағанды» шекаралық бақылау бөлімі.

Жалпы, Қарағандыдағы әуежай тарихы сонау 1934 жылдан бастау алады. Қаланың орталығында орналасып, «Қарағанды» атауын арқалаған бұл әуежайдан 1970 жылдардың соңына дейін КСРОның 70-ке жуық қаласына ұшақ қатынайтын еді. Кейін, бұл әуежай жабылып, 1980 жылы қаладан 22 шақырым жерде орналасқан жаңа әуежай қолданысқа берілген болатын. Ол осы – «Сарыарқа».

Бұл әуежай халықаралық нормалар мен стандарттарға толық сәйкес келеді. Әуежай әуе кемелерінің барлық түрлеріне қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Соған сәйкес 1992 жылы оған «халықаралық әуежай» мәртебесі берілді. Ол жылына 2,5 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге, 18 мың тонна жүкті және 7 мың тонна поштаны жеткізуге қауқарлы.

Халықаралық әуежай болғандықтан мұнда шет мемлекеттерден жолаушылар қатынайды. Міне, бұл ретте, бөгде адамдар мен заттардың Қазақстан аумағына заңсыз енбеуін бақылап тұрған да осы шекарашылар. Білуімізше, бұл мамандардың қызметі, әсіресе, жаз айларында күрт күрделене түседі. Тұрғындар жаппай еңбек демалысына шығып, шетел асып жататын мерзім де – осы кез. Сондықтан, әр шекарашының қырағылығы мен кәсіби шеберлігі сыналатын шақ деуге болады.

Арам пиғылды азаматтардың бейбіт күнге қол сұқпауын қадағалаумен қатар, бөлімше қызметкерлері ардагерлерді де назардан қалдырмай, қоғамдық, әлеуметтік істерге белсенді араласады. Сондай-ақ, дәстүрлі «Shekara & Densaylyq» спорттық акциясының өтуіне де сүбелі үлес қосуда.

Мемлекеттік шекараны күн демей, түн демей қорғау мен күзетудің өзіндік машақаты жетіп артылады. Сондықтан, бұл қызметтің ыстығына күйіп, суығына шыдап жүрген шекарашылардың еңбегі қашан да қадірлі болмақ. Бір кездері КСРО дәуірінде 29 мамырда атап өтіліп келген Шекарашылар күні енді Тәуелсіздік таңымен бірге түрленіп, 18 тамызға өзгергені де жүрекке жылу ұялатады. Азаттықтың алтын күні батпауы һәм егемендік шапағы мәңгілік шуақ шашып тұруы үшін де шекарашылар қызметі маңызды. Онсыз мемлекет те болмақ емес. Алты құрлық алдында айбарымызды аспандатып тұрған да шекарашылар екенін мойындар сәт жетті. Ел амандығын күзеткен сарбаздар еңбегін лайықты бағалай білейік.

Рауан ҚАБИДОЛДА

Басқа материалдар

Back to top button