Азаттық мерекесін – ардагерлермен

    16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында №41 жалпы білім беретін орта мектеп ұжымы орталарына ардагер ұстаздарды жиып, көзайым етті. Онда мәре-сәре мерекелік шаралар ұйымдастырылып, Алаш жұртының азаттығы әнмен көмкеріліп, бимен әдіптелді десе болғандай.

«Үлкендер жолы – ұлылық,

Ұрпағы жүрер ұғынып» деп айдарлапты ардагерлер форумын. Әуелі мектеп дәлізіндегі Қазақстан Республикасының Туы мен Елтаңбасы һәм Әнұраны алдында 5-6 сынып оқушыларының озаттары «Жас ұлан» ұлттық ұйымына қабылданды. Жас жеткіншектердің мойындарына көк байрағымыз түстес галстуктарды ардагерлер тақты. Мемлекеттік Әнұран айтылды. Мектеп директоры Жадыра Баймолдина құттықтау сөзінде ардагерлерді Тәуелсіздік мерекесімен, оқушыларды «Жас ұланға» өтуімен құттықтады. Сөз арасында тәуелсіздік атты қастерлі ұғымның мән-маңызына да тоқталып өтті.

Осындай патриоттық рухтағы дүниеден басталған мерекелік шара мектептің акт залында жалғасты. Мұнда ардагер ұстаздар құрметіне арнайы дастарқан мәзірі жасалыпты. Ардагерлер сонда отырып, оқушылар қойған концертті тамашалап, танымдық ойынға ат салысты. Танымдық ойында екі ардагер ұстаз және екі оқушыдан сынға түсіп, өзара білім жарыстырып, бақ сынасты. Оның марапатау рәсімінің өзі бір төбе.

Бұл мерекелік шара қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде өтті. Ардагер мұғалімдер дастарқанда демалған күйі мерекелік концертке ғана құлақ түрген жоқ, бір-бірінен түрлі жылы лебіздер естіп, көңіл өсірді. Шараға қалалық білім бөлімінің өкілдері де қатысып, жылы сөздерін жұптап жатты. Қалалық ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігі ардагер ұстаздар қауымдастығының төрағасы Ерсайын Омаров қарт ұстаздардың 46 мектептен келіп отырғанын қаперледі. «Осындай мерекелік көңіл-күй сыйлаған мектеп басшысы мен ұжымына, оқушыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ» дейді.

Толғанай ОМАШОВА, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Тәуелсіздік мейрамына орай ұйымдастырылып отырған шараға қалалық көлемдегі әр мектептен екі-екіден ардагер ұстаздар қатысуда. Сонда мына жерде қазір қаланың әр мектебінің ардагер ұстаздары мерекелік шаралардың куәсі, демалып, концерт тамашалауда.

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.