Азамат құқықтарының берік қорғаны
Мемлекетіміздің заңгерлері, ғалымдары көп ізденіп, тынымсыз еңбектенуі арқасында өмірге келген Конституциямыз – біздің мақтанышымыз. Өйткені, елдің тұтастығын сақтап, ұлан-байтақ жеріміздің шекарасын бекітуде, Қазақстанда тұратын барлық этностардың татулығы мен бірлігін сақтауда, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Ата заңымыздың ықпалы ерекше. Конституцияда елдің дамуы, бүгінгі күні және болашағы айқын түрде анықталған. Қазіргі қолданыстағы заңдар, кодекстер, нормативтік
актілер өзінің бастауын осы Конституциядан алды. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен әрі бастамасымен әзірленген Қазақстан Республикасының Конституциясы туыстық пен теңдікті, мәдени-рухани дәстүрі бай ежелгі қазақ жерінде құрылған тәуелсіз мемлекетіміздің өзіндік ұлттық даму ерекшеліктерін де толық ескерді. Алайда, Ата Заңның мәні – тек нақты қатынастарды бекіту, тіршілікті барлық күрделі болмысында көрсету ғана емес, оның басты мұраты – қоғамның саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына қажетті алғышарттардың бағдарламалық құжат болуы.
Қазақстан Республикасының Конституциясы қоғамдық қатынастарды бүкіл әлемдік үрдістерге сәйкес қорғау мен дамыту мақсатында қажетті бағыттарды қалыптастырушы қызмет атқарады. Ата Заңда кепілдік берілген іргелі құндылықтарды жүзеге асыру жолында елімізде атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Қызметі адамның және азаматтық құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, заңдылық, турашылдық пен ашықтық қағидаттарына негізделген тиімді сот жүйесін, құқық қорғау органдарын құру арқылы адам құқықтарын қорғаудың мемлекеттік тетіктері орнады.
Адам құқықтары мен бостандықтарын, халық пен мемлекеттік биліктің бірлігін қамтамасыз етудің басты үйлестіруші буыны, оның тармақтарының өзара келісіп қызмет атқаруының кепілі. Қазақстан Республикасының Президенті. Конституцияға сәйкес, Президенттің заңнаманы қалыптастыру саласындағы өкілеттіктерінің маңызды бөлігі болып табылады. Нақты осы салада оның құқықтары Парламентінің заңдарды қабылдау жөніндегі құқығымен, Үкіметтің заңдарды әзірлеу жөніндегі құқығымен, сот жүйесінің заң шеңберінде шешім қабылдау құқығымен үйлескен.
Бүгін біз қазақстандық азаматтардың, заңды тұлғалары мен ұйымдардың құқықтары мен бостандықтарын сот органдары арқылы қорғаудың заңды-құқықтық жолдарының толығымен орныққанын, қоғам мен мемлекет, халықтың мүдделеріне сай келетін қазақстандық тәуелсіз сот жүйесінің күннен-күнге пәрменді жұмыс атқаруда екеніне нық сенімдіміз. Соттардың мәртебесінің өсуіне, мінсіз судьялар корпусының нығаюына Конституция талаптарының орындалуы өз ықпалын тигізгені ақиқат. Алдағы уақытта да Ата Заңымыз адам құқықтарының берік қорғаны болары күмәнсіз.
Орал ОМАРОВ,
Бұқар жырау ауданының №2
аудандық сотының төрағасы.