Қаза тапқан кеншілердің отбасына тиісті көмек толық көрсетіледі
Қарағандыдағы Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің отбасына мемлекет тарапынан қажетті көмектер көрсетілуде. Қазіргі таңда кеншілерді жерлеу рәсімі үшін БЗЖҚ-дан біржолғы төлем алуға құжат рәсімделді. 42 шахтердің құжаты рәсімделсе, қалғаны әлі жасалуда. Республикалық бюджеттен кәмелетке толмаған және жоғарғы оқу орындарында оқып жатқан балалары бар 20 отбасыға асыраушысынан айырылғандығы жөнінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ марқұмдардың жоғарғы оқу орындарында оқып жатқан балаларына оқу ақысын қараша айынан бастап төлейді. Одан бөлек, кеншілердің отбасына бұдан да өзге көмектер беру жалғасады.
– Бүгінде шахта апатынан зардап шеккен 10 адам медициналық ұйымның бақылауында. Олардың жағдайы – орташа. Ал, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ы 41 отбасына 10 жылдық жалақы төледі. Сонымен қатар, қаза болған шахтерлердің, жұбайларының, ата-аналары мен балаларының несиелері толық өтелді. Сондай-ақ, компания отбасының әр мүшесіне 18 шаршы метрден кем түспейтін есеп бойынша пәтер алып беру міндетін мойнына алды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ербол ЕРБОЛАТ.
Ortalyq.kz