Басты тақырып

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Құрметті қазақстандықтар!

Мен Қазақстан халқына жаңа дәуір қарсаңында сөз арнап отырмын.

Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біз елімізді мақтан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында атап өттік. Оларды бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды.

2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды.

Биыл Астанада «ЭКСПО – 2017» халық­аралық көрмесі өтеді. Мұндай өте маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шараны біз ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткіземіз.

Алматыда Универсиада – 2017 спорт ойындары өтіп жатыр. Оған 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам спортшы мен делегация мүшелері қатысуда.

Осының барлығы Қазақстанның халық­аралық аренада жоғары беделге ие болға­нын және саясатымыздың дұрыстығын көр­сетеді.

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс. Біз осы мақсатқа қарай табандылықпен ілгерілей береміз.

Жаһандық бәсекелестіктің өсуі және әлемдегі тұрақсыздық жағдайында, 2012 жылы халқыма ұсынған «Қазақстан – 2050» Стратегиясының өзектілігі арта түседі. Біз қиындықтарды уақтылы болжай алдық.

«Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесінде осынау қиын, жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңінен лайықты өтіп келеміз. Тек 2014-2016 жылдар аралығында біз экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсадық. Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, 2016 жылы біз ішкі жалпы өнімнің 1% өсімін қамтамасыз еттік. Бұл қазіргі күрделі жағдайда айтарлықтай маңызды.

Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді.

Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз.

Қымбатты отандастар!

Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді.

Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды.

Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік.

Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғыр­ту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет.

Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсім­нің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әр түрлі екеніне сенімдімін. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәу­ел­сіздігіміздің 25 жылында бірге қалып­тас­тырған әлеуетімізді жоғалтып алмауымыз керек қой.

Қазақстанның Бірінші жаңғыруы бәрі­міздің есімізде. 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды қалай бастағанымыз жадымызда тұр. Сол кезде біздің буын іргетасынан бастап қолға алып, әлем картасында болмаған жаңа мемлекет құрды.

Жоспарлы экономикадан нарықтық эко­номикаға көшу жүзеге асырылды. Біздің бәріміз бірлесіп, сол кезде елімізді күйреуге, азамат соғысына, экономикалық күйзеліске ұшыратпағанымыз мен үшін өте маңызды. Қазақстан бұл кезеңде аз шығын шығарып, зор жетістіктерге қол жеткізді.

Екінші жаңғыру «Қазақстан – 2030» стра­тегиясының қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынумен басталды. Оның нәтижелі болғаны дау тудырмайды. Еліміз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, әлемдегі экономикасы бә­секеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кірді.

Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз.

Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын­қатер­лермен күрес жоспары емес, бола­шаққа, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мақ­саттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қа­дам» базасында өткізіледі. Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта дең­гейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған.

Бірінші басымдық – экономиканың же­дел­детілген технологиялық жаңғыртылуы.

Біз цифрлық технологияны қолдану ар­қылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет.

Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мо­биль­ді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты.

Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қа­зақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын.

Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек.

Коммуникацияның дамуы мен оптика­лық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа бар­лық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс.

Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу болып саналады.

Үкіметке «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырамын. Ол әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуға тиіс. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым және салық жеңілдіктерін, оңайлатылған виза мен еңбек режімін қоса алғанда, қолайлы жағдай керек.

Біз жоғары оқу орындары, Назарбаев Университеті және «Алатау» иннновациялық технологиялар паркі базасында өзіміздің ғылыми және инновациялық әлеуетімізді дамытуымыз керек.

Екінші кешенді міндет. Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беруіміз керек.

Бұл – өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар.

Бірінші. Еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру керек.

Бұл жердегі негізгі фактор Төртінші өнер­кәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу болуға тиіс.

Бұл – автоматтандыру, роботтандыру, жа­санды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер.

Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды тех­ноло­гиялық тұрғыдан қайта жарақ­тан­ды­рудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырамын.

Екінші. Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жал­­ғастыру керек.

Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр.

Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомстоваға шоғырландыру қажет. Экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша өңірлерде де қолдау көрсету керек.

Үкімет жанынан Экспорт саясаты жө­ніндегі кеңес құруды тапсырамын. Оған бизнес қоғамдастығының өкілдері кіруге тиіс.

Биылғы 1 қыркүйекке дейін Үкімет әкім­дермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Бірыңғай экспорт стретегиясын әзірлеуі керек.

Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажет. «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда маңызды рөл атқаруға тиіс.

Біз тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеуіміз керек. Мұны, ең алдымен, трансұлттық компанияларды тарту арқылы жасаған жөн.

Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдар­ламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет.

Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндіріс болмақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрас­тыратын зауыт.

Қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған элек­тромобиль өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтауды тапсырамын.

Тұтастай алғанда, Қазақстанның өз Ин­вестициялық стратегиясы болуға тиіс. Үкімет оны биылғы 1 қыркүйекке дейін әзір­леуі керек.

Халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделерді қорғап, ілгерілету қажет. Бұл, ең алдымен, ЕАЭО, ШЫҰ ішінде Жібек жолы Экономикалық бел­деуімен ұштасатын жұмыстарға қатысты. Ол үшін экономикалық дипломатия жұмысын қайта құрып, жандандыра түсу қажет.

Үшінші. Экономикалық өсімнің тұрақ­ты­лығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс.

Әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық-ши­кі­заттық базаны кеңейтуге баса назар ау­дарылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыс­тарын белсенді жүргізу керек.

Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс.

Жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заң­намаларына қажетті өзгерістер енгізуді тапсырамын.

* * *

Төртінші. Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек.

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор.

Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндіру­ші­­лердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, эко­логиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнім­дер­дің эталоны болуға тиіс.

Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет пен әкімдерге мынадай тапсырмалар бе­ремін:

– біріншіден, субсидияларды бөлу қағи­даларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажет;

– екіншіден, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүм­кіндік беретін жағдай жасау керек;

– үшіншіден, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымал­даудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет;

– төртіншіден, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын тө­мендету керек;

– бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет;

– алтыншыдан, өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру керек.

Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырамын.

Бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет.

* * *

Бесінші. Жаңа Еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – маңызды ба­сым­дықтардың бірі.

Оған қазірдің өзінде қомақты инвестиция жұмсалды. Енді одан экономикалық қайтарым ала бастау қажет.

Үкіметке 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдың жылдық көлемін:

– контейнерлермен тасымалданатын жүктер үшін 7 есе – 2 миллион контейнерге дейін;

– жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 4 есе – 1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін арттыруды тапсырамын.

Транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты 5,5 есе – жылына 4 миллиард долларға дейін көбейту қажет.

2015 жылы мен «Нұрлы Жол» инфра­құрылымдық даму бағдарламасын ұсындым. Өткен 2 жыл ішінде бағдарлама өзін толық ақтады.

Биыл республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаң­ғырту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 шақы­рымы пайдалануға беріліп, кезең-кезеңімен ақылы жүйе енгізіледі.

Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаң­ғырту ісін қамтамасыз ету керек. Көлік ин­фра­құрылымын басқаруға, қызмет көр­сету деңгейін арттыруға және әкімшілік ке­де­р­гілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет.

Транскаспий дәлізі бойынша тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланысты Құрлық портын салудың екінші кезеңі – автомобиль өткелі құрылысын іске асыруға кірісу қажет.

Алтыншы. Урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс.

Жол, тұрғын үй және басқа да инфра­құрылым құрылысына инвестиция сала отырып, біз қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейін сыртқы және технологиялық келбетін айқындайтынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу керек. Ол үшін бізде қазір жақсы мүмкіндіктер бар.

Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұр­лы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды мін­детті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.

Бағдарламада тұрғын үй нарығын да­мытудың кешенді шаралары көрініс тапқан. Соның бірі – «Даму» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттің субсидия беруі есебінен құрылыс салушылар үшін банк несиесін арзандату. Тұрғындар үшін «Қазақстан ипо­текалық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы банктер беретін ипотекалық несиені субсидиялау жүзеге асырылады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салуы жалғасады. Оған ілгеріде бөлінген қаржы «револьвер» қағидаты бойынша қайта пайдаланылады.

Әкімдіктер халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз арен­далық тұрғын үй бөлу ісін дамыта беретін болады. Жаппай тұрғын үй құрылысы үшін әкімдер тиісті жер телімдерін бөлуге тиіс.

Біз қалаларда жеке тұрғын үйлердің бірыңғай сәулет стилінде салынуына мән беретін боламыз. Бұл үшін мемлекет қажетті инфрақұрылым тұрғысынан көмек көрсетеді.

Үкімет әкімдермен бірлесіп, үлкен қа­ла­лардың іргелес орналасқан елді мекендермен көлік байланысын дамыту жөнінде шаралар қабылдауы қажет.

Үшінші кешенді міндет – еңбек нарығын жаңғырту.

Жаңа технологиялардың енгізілуіне бай­­ланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Сонымен бірге, жаңа индустрия құрып, дамыту жұ­мыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсірудің қосымша мүмкіндігі болуға тиіс.

Үкімет пен әкімдерге еңбеккерлердің бас­қа салаларға басқару аясында ауысуы үшін жағдай жасауды тапсырамын.

Біздің ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бір­лесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлеуі керек. Онда қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды әрі қарай жұмыспен қамту үшін бірлесіп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет. Басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сон­дай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керек.

Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыруы қажет.

Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбе­гейлі жақсарту және кеңейту.

Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету.

Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады. Оны орындау үшін қазіргі кезеңде мынадай қадамдар жасалуы қажет.

Бірінші. Менің тапсырмам бойынша Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағ­дарламасын іске асыруға кірісіп кетті.

Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады.

Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кә­сіп­керлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйым­дастырумен қатар атқару керек.

Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс.

Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қыз­метінің тиімділігін бағалаудың негізгі крите­рийінің бірі болмақ.

Екінші. Үкімет «Атамекен» ұлттық кә­сіп­керлер палатасымен (ҰКП) бірлесіп, биз­нестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл әсіресе энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы қызмет көр­сету құнына қатысты.

Мемлекеттік қызметтер көрсету үде­рісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс. Құ­жаттардың мерзімі мен тізбесін қысқар­тып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажет­сінбейтін толық электрондық форматқа кө­шіру керек.

Сондай-ақ, бизнестің қазіргі қолданыс­тағы реттеушілік жүктемесі өсімнің жаңа моделін жасау міндетімен үйлеспейді.

Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеймін.

Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек.

Бұл жұмысты әсіресе өңірлік деңгейде атқару маңызды.

Әкімдер Үкіметпен бірлесіп, Дүниежүзілік банк рейтингі негізінде өңірлерде бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту жөнінде нақты жоспарлар әзірлеу керек.

Елімізде бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізу қажет. Біз үздіктер үшін арнаулы сыйлық тағайындаймыз. Оны жылына бір рет, Индустрияландыру күнінде табыс етеміз.

Үшінші. Мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері деңгейіне дейін төмендету экономикалық өсімге тың серпін беруге тиіс.

Бұдан бұрын 2020 жылға дейін жеке­шелендірілетін 800-ге жуық кәсіпорынды қамтитын тізбе жасалған болатын. Тиісті жұ­мыстар атқарылуда.

Үкіметке сол тізбедегі кәсіпорындарды жекешелендіруді тездетіп, оны 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын.

Ірі компанияларымызды ІРО-ға дайындау және оған бейімдеу ісін де жеделдету керек. Yellow Pages қағидаттарын енгізу мемлекет үшін экономикадағы қызмет түр­лерін 47%-ға (652-ден 346-ға) қысқартуға мүмкіндік берді.

Келесі кезеңде осы қағидаттарға сай келмейтін мемлекет меншігіндегі барлық кә­сіпорындар мен ұйымдарды 2020 жылға дейін жеке секторға беру немесе жою қажет. Ал ондай кәсіпорындар саны бірнеше мың болады.

Әрбір бағдарлама немесе тапсырмаға орай заңды тұлғалар құру тәжірибесі бұдан былай тоқтатылуға тиіс.

Жекешелендірудің жариялылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ мемлекеттік холдингтер рөлін қайта қарастыру керек.

Үкіметке «Самұрық-Қазына» холдингін сапалы түрде трансформациялау ісін жүзеге асыруды тапсырамын.

Басқарушылық және өндірістік бизнес үдерістерін толық ревизия мен оңтай­лан­дырудан өткізу қажет. Нәтижесінде ол тиімділігі жоғары, жинақы және кәсіби хол­дингке айналуға тиіс. Менеджмент пен кор­поративті басқару сапасын халықаралық деңгейге жеткізу керек.

Мемлекетке қандай маңызды секторларда, қатысу үлесінің қандай мөлшерімен және не қалдыратынымызды нақты анықтап алуымыз керек.

Табиғи монополияларды және стратегия­лық маңызы бар, соның ішінде Трансұлттық компаниялар қатысатын жобаларды іске асыру міндетін мемлекетке қалдыру керек. Бұл жобалар мультипликативті нәтиже беруге тиіс.

«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін де қайта құру қажет. Олар мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру жөніндегі операторлар болуға тиіс. Соған орай олардың функцияларын оңтайландыру керек. Жеке сектор жүзеге асыра алатын нәрсенің барлығы бизнеске берілуі қажет.

Сондай-ақ, оларға бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік емес қаржы көздері арқылы қор қалыптастырумен айналысу керек.

Төртінші. Кәсіпкерлікті дамытуға мемле­кет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді. Бұл жерде әңгіме бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету мін­детін бизнеске беру ісіне қатысты болып отыр.

Бізде қазірдің өзінде оларды мектепке дейінгі білім беру ісіне тарту саласында жақсы нәтижелер бар. Өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшік сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашты. Жекеменшік балабақшалардың ең көбі Оңтүстік Қазақстан (397), Алматы (221), Қызылорда (181) облыстарында ашылды.

Мен үшін осы сектордағы мемлекет-жекеменшік серіктестігінің үлгісі өте ма­ңызды. Бұл аса маңызды жалпыұлттық мін­деттердің бірі – 3-6 жас аралығындағы бала­ларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мә­селесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешіп отырғанын көрсетеді.

Мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту әкімдердің нақты және кәсіби жұмы­сына байланысты.

Жекеменшік капитал тарту үшін мем­лекет-жекеменшік серіктестігінің ықтимал барлық түрі мен нысанын пайдалану қа­жет. Олар – мемлекеттік мүлікті сенімді бас­қару, қызмет көрсету келісімшарттары, тағы басқалар. Бұл ретте келісімнің барлық рәсімдерін, әсіресе шағын жобаларға қа­тысты рәсімдерді мейлінше жеңілдету және жеделдету қажет.

Мемлекет-жекеменшік серіктестігі ин­фра­құрылымды, соның ішінде әлеуметтік ин­фрақұрылымды дамытудың негізгі тетігі­не айналуға тиіс.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту үшін бұдан әрі же­ке­шелендіру мүмкіндігін қарастыра отырып, басқаруға және концессияға беру қажет. Үкімет бір орынды шиырлай беруді доғарсын. Бұл бағытта жұмысты жандандыра түсу керек.

Бесінші. Баға мен тариф бойынша ымыр­аласуға жол бермеу қажет.

Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтауға қатысты барлық заңнамаға «ревизия» жасауды тапсырамын.

Үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық.

Мұндағы басты міндет – ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тарту.

Бірінші. Бүгінде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режімін дамыту жө­ніндегі маңызды міндет тұр. Орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңмен 3-4%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек.

Екінші. Еліміздің қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажет.

Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз ету керек. Банктердің ахуалына жедел бақылау орнату үшін Ұлттық банкке көбірек құқық берген жөн. Ұлттық банк банктердің қателік жіберуін күтпей, оларға ықпал ететін шаралар қабылдау үшін формальді көзқарастан ықтимал қатерлерге жол бермейтін қадамдарға көшуге тиіс.

Сондай-ақ, аудиторлық компаниялардың жауапкершілігін арттырып, акционерлердің ашықтығын қамтамасыз ету, ұжымдық бас­қаруды жақсарту қажет. Осының бәрін заң­намалық деңгейде бекіту керек.

Экономикадағы қаражат жетіспеушілігі және несиелер бойынша жоғары мөлшер­леме түйткілдерін шешу мақсатымен Ұлттық банк пен Үкіметке теңге түрінде қолжетімді орта және ұзақ мерзімге арналған қор қалыптастыруды қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын.

Ұлттық банк инфляция ғана емес, сонымен қатар Үкіметпен бірге экономиканың өсуі үшін де жауапты болуға тиіс.

Үшінші. Қор нарығын одан әрі дамыту.

Жекешелендіру оның дамуына серпін беруге тиіс. Мен жоғарыда айтып өткендей, қор нарығына «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының акцияларын орналастыру керек. Халықтың жинаған өз қаражатын ең алдымен түрлі бағалы қағаздарға инвестициялау мүмкіндігін одан әрі арттыру қажет.

Біз 2016 жылдың соңында заңдастыру науқанын аяқтадық. Оған еліміздің 140 мыңнан астам азаматы қатысты. Нәти­же­сінде 5,7 триллион теңге, оның ішінде қара­жат түрінде 4,1 триллион теңге заң­дастырылды.

Үкіметтің міндеті – бұл қаражаттың экономикаға, соның ішінде жекешелендіруге қатысу арқылы пайда беруін қамтамасыз ету. Сонымен бірге, Қазақстанның жеке­меншік кәсіпорындарының облигация шы­ғар­ылымдарын субсидиялау мәселесін пы­сықтау қажет.

Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, отандық қор нарығын жандандыруға бағыт­талған шаралар қабылдауды тапсырамын.

Келесі шешуші міндет – салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейім­деу.

Бірінші. Бюджет шығыстарының тиім­ділігін түбегейлі арттыру қажет.

Біз 2017 жылы мемлекеттік даму бағ­дарламаларын қажетті ресурстармен то­лықтай қамтамасыз еттік. Министрліктер мен ведомстволардың қаражатты игеруінің тиім­ділігін тексеру қажет.

Республикалық бюджеттің 40%-дан ас­тамын құрайтын Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінен бастау керек. Оның қорытындысы бойынша маған баяндалсын.

Тиімсіз бағдарламалардың қаражатын Үшінші жаңғырту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін бағдарламаларға қайта бөлу қажет. Сондай-ақ, қаражатты нақ­ты экономикаға неғұрлым тезірек әрі тиім­ді­рек жеткізу үшін бюджеттік рәсімдерді жеңіл­деткен жөн.

Біз фискалдық орталықсыздандыру саясатын жалғастыруымыз керек. Өткен жылдарда орталықтан жергілікті жерлерге көптеген функциялар мен өкілеттіктер берілді. Енді олардың жеткілікті қаржылық дербестігін бекемдей түсу қажет. Сонымен бірге, қаржы шығысы жөніндегі өкілеттіктердің облыстық деңгейде шоғырлануына жол бермеу маңызды. Оларды әрі қарай аудандық және ауылдық жерлерге беру керек. Әкімдер өңірлік және жергілікті маңызы бар мәселерді шешуге тиіс, ал Үкімет жалпымемлекеттік мәселелерге ден қоюы қажет.

Екінші. Ұлттық қор қаражатын пайда­лануға ұтымдылық тұрғысынан қараған жөн.

Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферт көлемі 2020 жылға қарай ке­зең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қыс­қартылуға тиіс.

Салық саясатын бизнестің «көлеңкеден» шығуына бейімдеп, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейтуге бағыттау керек. Қазіргі салық жеңілдіктерін оңтайландыру қажет. Жалпыға ортақ декларациялау қарсаңында арнаулы салық режімін жаңаша қарастыру керек.

Салықтық әкімшілендіру тетіктері жетілдіруді талап етеді. Ең алдымен, мұның қосымша құн салығын жинауға қатысы бар.

Үшінші. Үкімет квазимемлекеттік сектор­дың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу мен бақылау жасау жүйесін қалыптастырып, онда тәртіп орнату керек.

* * *

Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту.

Бірінші. Ең алдымен, білім беру жүйе­сінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет.

Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжан­дылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет.

Үкіметке тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын.

Атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін.

Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды.

2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет.

Мектептердің және мұғалімдердің дең­гейі, әсіресе ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан, осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек.

Тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын.

Менің бастамам бойынша биыл «Бар­шаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады.

Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек.

Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет.

Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесі сапасына ерекше назар аударылады. Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жаб­дықталу деңгейіне, білім беру бағдар­ла­ма­ларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет.

* * *

Екінші. Білім беру жүйесімен қатар ден­саулық сақтау жүйесі де өзгеруге тиіс.

Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұ­мыс берушілердің, азаматтардың ортақ жау­ап­кершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген.

Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медицина­лық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақ­тау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек.

Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын.

Сондай-ақ, заңнамалық тұрғыдан бар­лық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет.

Үшінші. Әлеуметтік қамтамасыз ету саласына қатысты.

Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады.

Бұдан бөлек, базалық зейнетақы та­ғайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.

Осы өсімнің барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді.

Елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады, бұл – 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары. Мұндай жақсы үрдісті алдағы уақытта да сақтау керек.

Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі.

Ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керек. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасы­ларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік береді.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматын енгізу керек. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс.

Бесінші басымдық – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты.

Бірінші. Үкімет үшінші жаңғырту аясында ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен ұсы­ным­дарын имплементациялау жұмысын қам­тамасыз етуге тиіс.

Екінші. Біз жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізудеміз. Бұл жұмысты жалғастыру керек.

Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен және аза­маттық қоғамдастықпен бірлесіп, жеке мен­шік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкіл заңнама ревизиясын жүргізуді тапсырамын.

Сонымен қатар, әкімшілік және қыл­мыс­тық заңнаманы ізгілендірген жөн. Әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу дең­гейіне сәйкес болуға тиіс.

Кәсіпкерлік саласында құқық бұзғаны үшін салынатын санкцияны төмендету жұ­мысын одан әрі жүргізе беру керек. Қоғамға қауіптілігі жоғары емес экономикалық қыл­мыс құрамын криминалдық сипаттан арылту керек.

Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою ма­ңызды.

Үшінші. Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді.

Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржы­лан­дыратындарға, шетелдік террористік ұйым­дармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады.

Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төз­беушілікті» қалыптастыру керек.

Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек.

Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет.

Осы шараның бәрі менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдар­ламада ескерілуге тиіс.

Киберқылмыспен күрестің өзектілігі бар­ған сайын арта түсуде.

Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалып­тас­тыру шараларын қабылдауды тапсырамын.

Төртінші. Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қа­дамдар жасадық. Алайда, басты назар кө­біне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр.

Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұ­мысын күшейту қажет.

Маңызды мәселенің бірі – сатып алу саласын жетілдіру.

Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырамын.

Квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткізу әдістерін түбегейлі қайта қарастыру керек.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.

Құрметті қазақстандықтар!

Осы Жолдау арқылы еліміздің әр азаматына жаңа жағдайдағы даму бағытымыз жөніндегі өз көзқарасымды жеткізгім келді.

Үкіметке «Қазақстанның ұлттық тех­но­ло­гия­лық бастамасы» деп аталатын Ел­ді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырамын.

Бізде уақыт талабын лайықты қабыл алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындаудан басқа жол жоқ.

Біздің ұлы халқымыз бірегей тарихи мүмкіндікті толықтай пайдалана алатынына сенемін.

Қымбатты достар!

Қазақстан – жас, көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Біз тәуелсіз Қазақстанның 25 жыл­дық даму жолынан өттік. Алдағы 25 жыл­да бұдан да биік белестер күтіп тұр.

Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте.

Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдырамыз!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button